Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Назиғат» сүресінің тәпсірі
        «Назиғат» сүресінің тәпсірі

        «Назиғат» сүресінің тәпсірі

        «Назиғат» сүресі

        «Назиғат» басқа да меккелік сүрелердей мазмұны Алла Тағаланың бірлігі, пайғамбарлық, қиямет күні және есеп-қисап сияқты сенім негіздері жайлы. Сүре қиямет және сол күндегі қорқынышты оқиғалар мен құбылыстар және күнәһарлар мен тақуалар төңірегінде әңгіме өрбітеді.

        Сүре мұсылмандардың жанын жұмсақтықпен алатын, ал кәпірлердің жанын қинап қатты алатын және Алла Тағала әмірімен жаратылыстың ісін бақылайтын періштелерге серт етіп басталады.

        Сосын, қайта тірілу күнін мойындамайтын мүшріктердің сол күнгі жағдайын суреттейді.

        Шектен шыққан перғауынның өзін құдай деп жария еткені айтылады. Сонда Алла Тағала оны және қауымы қыбт халқын суға батырып жоқ еткені баяндалады.

        Бұған қоса, меккеліктердің Алла елшісіне (r) қарсылық танытып, шектен шығуы. Сонымен бірге, Алла Тағаланың басқа жаратқан құбылыстарынан меккелік мүшріктердің әлдеқайда дәрменсіз екені ескертіледі.

        Сүре соңында мүшріктер алыс деп санаған қиямет күнінің мерзімі туралы сөз қозғалады.

        بسم الله الرحمن الرحيم

         

        وَالنَّازِعَاتِ غَرْقًا

        1.    Жұлып шығарушылармен.

        Кәпірлердің жанын қинап, жұлып алушы періштелерге серт!

        وَالنَّاشِطَاتِ نَشْطًا

        2.    Жеңіл етіп алушылармен.

        Мұсылмандардың жанын оңай ғана, ешбір қинамай жұмсақ етіп алушы періштелерге серт. Ибн Масуд (р.а.): «Расында өлім періштесі және оның жәрдемшілері кәпірдің жанын жүннен тісі көп темірді суырғандай етіп қинап алады. Кәпірдің жаны суға кеткен адамдай болып шығады. Ал, мұсылманның жанын жұмсақ та, жеңіл етіп алады. Оны түйенің аяғынан шылбырын шешкендей етіп оңай ғана алады», – деген.

        وَالسَّابِحَاتِ سَبْحًا

        3.    Және жылдам жүзушілермен.

        Алла Тағаланың әмірі мен уахиын алып түсуде аспаннан суда жүзгендей болып түсуші, Жаратқанның жарлығын орындауда тым асығыс періштелерге серт.

        فَالسَّابِقَاتِ سَبْقًا

        4.    Жарысып озушылармен

        Мұсылманның жанын жаннатқа жарыса алып барушы періштелерге серт

        فَالْمُدَبِّرَاتِ أَمْرًا

        5.    Әрі істі меңгеруші (періштелермен) серт.

        Алла Тағала әмірі бойынша әлемде жел, жаңбыр, ризық-несібе, адамдардың өмірі және басқа да құбылыстарын реттеуші періштелерге серт.

        Алла Тағала періштелердің осы бес түрімен серт ете отырып қиямет күнінің ақиқат екендігін айтуда. Әлбетте, қайта тірілесіңдер және істегендеріңе есеп бересіңдер деуде.

        يَوْمَ تَرْجُفُ الرَّاجِفَةُ

        6.    Ол күні сілкінуші сілкінеді.

        Бірінші рет сүр үрленген кезде барлық тіршілік қырылып, жер сілкініп, таулар қирайды.

        تَتْبَعُهَا الرَّادِفَةُ

        7.    Оның артынан ілесіп тағы бір сілкінеді.

        Екінші рет сүр үрленген кезде барлық тіршілік қайта тіріліп, қабірден шыға бастайды. Бірінші сүр үрленгенде Алла Тағаланың қалауымен барлығы өледі, екінші рет үрленгенде Алла Тағаланың қалауымен қайта тіріледі.

        قُلُوبٌ يَوْمَئِذٍ وَاجِفَةٌ

        8.    Ол күні жүректер тітірейді.

        Қиямет күні кәпірлердің жүрегі қорқыныштан қатты дірілдеп, шошиды.

        أَبْصَارُهَا خَاشِعَةٌ

        9.    Ал, көздері болса қорлана төмен қарайды.

        Сол жүрегі қорыққан кәпірлер өздері көрген жан түршігерлік жағдайдан көздерінде қорлық пен үрей пайда болады.

        يَقُولُونَ أَئِنَّا لَمَرْدُودُونَ فِي الْحَافِرَةِ

        10.  Олар (сенбеушілер): «шын, біз қайта кері қайтарыламыз ба?»

        Сенбеушілер дүниеде жүргенде мазақ етіп: «Өлген соң қайта тірілеміз бе, алғашқы қалпымызға қайта кіреміз бе?» – деуші еді.

        أَئِذَا كُنَّا عِظَامًا نَخِرَةً

        11.  «Тіпті, қоқымға айналған сүйек болсақ та ма?»

        Және де: «Біз қураған сүйекке айналған соң қайта жанданамыз ба?», – дейді.

        قَالُوا تِلْكَ إِذًا كَرَّةٌ خَاسِرَةٌ

        12.  Олар: «ендеше ол қайғылы бір қайту екен», – дейді.

        Мойындамайтындар: «Егер қайта тірілу рас болса, өлімнен кейін қайта өмір болса, біз зиянға ұшырағандар қатарынан боламыз. Өйткені, біз тозақ иелерінен болып қаламыз», – дейді.

        فَإِنَّمَا هِيَ زَجْرَةٌ وَاحِدَةٌ

        13.  Негізінде ол қатты бір дауыс қана.

        Шын мәнінде, қайта тірілу бір (екінші) рет қана сүрге үрлеу. Міне, сол кезде қабірдегілер қайта тіріледі.

        فَإِذَا هُمْ بِالسَّاهِرَةِ

        14.  Сол уақытта олар жерде тіріліп тұрады.

        Жер қойнауында жатқан барлық өлген жаратылысқа  қайта жан бітіп, жердің бетіне шығады. Ал, Саһира – Шам жері деген риуаят бар.

        هَلْ أتَاكَ حَدِيثُ مُوسَى

        15.  Саған Мұсаның хабары келді ме?

        Алла Тағала пайғамбары Мұхаммедті (r) көңіліне медет беру үшін және шектен шыққан елдің басына келетін апаттарды еске салу үшін елін құлағдар етіп, Мұсаның  перғауынмен болған қиссасын айтуда.

        إِذْ نَادَاهُ رَبُّهُ بِالْوَادِ الْمُقَدَّسِ طُوًى

        16.  Сол уақытта, Раббысы оған қасиетті Тұуа ойпатында үн қатты:

        Мұсаның  Раббысы оған пәк те құтты Тұуа ойпатында үн қатты. Тұуа – Тур Сина тауының етегінде орналасқан.

        اذْهَبْ إِلَى فِرْعَوْنَ إِنَّهُ طَغَى

        17.  «Перғауынға бар. Өйткені ол шектен шықты»

        Алла Тағала Мұсаға : «Мысырдың перғауынына барып айт, ол бұзықтықта, тәкаппарлықта және Алла Тағалаға күпірлікте тым шектен шығып кетті».

        فَقُلْ هَلْ لَكَ إِلَى أَنْ تَزَكَّى

        18.  Және оған: «Тазарғың келе ме?»

        Оған жұмсақтықпен: «Алла Тағалаға иман етіп күпірлік пен күнәдан тазарғың келеді ме, қалайсың ба?», – де

        وَأَهْدِيَكَ إِلَى رَبِّكَ فَتَخْشَى

        19.  «Саған Раббыңа баратын жолды көрсетейін. Одан қорқарсың», – де.

        «Раббыңды тануға, сондай-ақ, иманға жол көрсетейін. Парыздарын орындап, харамнан қашып Оның жазасынан қорқар боларсың», – де. Қорқу – істің негізі. Өйткені, Алла Тағаладан қорыққан адам бойынан тек жақсылық тарайды.

        فَأَرَاهُ الْآَيَةَ الْكُبْرَى

        20.  Мұса перғауынға ірі мұғжизаны көрсетті.

        Мұса  перғауынға барып, оны тура жолға шақырды және сөйлесті. Перғауын Алла Тағалаға иман етуден бас тартқан кезде, Мұса  пайғамбар оған ең үлкен мұғжизасын көрсетті. Үлкен мұғжиза – пайғамбардың қолындағы аса таяқтың айдаһарға айналуы.

        فَكَذَّبَ وَعَصَى

        21.  Алайда, ол өтірікке балап, қарсылық танытты.

        Перғауын Мұса пайғамбарға  өтірікші деп жала жауып, өз көзімен ұлық мұғжизаны көрсе де Алла Тағала әміріне қарсы шықты.

        ثُمَّ أَدْبَرَ يَسْعَى

        22.  Кейін ол теріс айналып, шара қолдануға бел буды.

        Жаратушыға иман етпей және Мұсадан  да теріс айналып, жер бетінде бұзықтық жасаудан тиылмады. Мұсаның  пайғамбарлығын жоққа шығарумен болды.

        فَحَشَرَ فَنَادَى

        23.  Адамдарды жинап, жар салып:

        فَقَالَ أَنَا رَبُّكُمُ الْأَعْلَى

        24.  «Мен сендердің ең ұлы иелеріңмін», – деді.

        Перғауын сиқыршыларды, әскерін, нөкерлерін және ел-жұртты жинап: «Сендердің жағдайларыңды жасап отырған құдай менмін, менен жоғары құдай жоқ», – деді.

        فَأَخَذَهُ اللَّهُ نَكَالَ الْآَخِرَةِ وَالْأُولَى

        25.  Сондықтан Алла оны ақырет және дүние азабымен жазалады.

        Сол үшін Алла Тағала оны қорлыққа кіріптар етті. Дүниеде суға батырып, ақыретте отқа жағып азапқа салды. Міне, бұл басқаларға ғибрат болуы тиіс.

         إِنَّ فِي ذَلِكَ لَعِبْرَةً لِمَنْ يَخْشَى

        26.  Расында мұнда қорыққан кісі үшін әлбетте бір ғибрат бар.

        Шын мәнінде перғауынның жазалануында Алла Тағаладан қорқатын жан үшін ғибрат болмақ.

        أَأَنْتُمْ أَشَدُّ خَلْقًا أَمِ السَّمَاءُ بَنَاهَا

        27.  Сендерді жарату қиын ба немесе аспанды ма? Алла оны да жасады.

        Ақыретті жоққа шығарушыларға: «Сендерді жарату қиын ба, әлде құрылысы бекем аспанды жарату ма?» – деп ескертуде.

        رَفَعَ سَمْكَهَا فَسَوَّاهَا

        28.  Оның биіктігін көтеріп, оны теңестірді.

        Аспанды жоғары да биік етті. Аспанның жан-жағы тең етілді. Ибн Касирде: «Шатырын биік, айналасын тең ешбір тесік және кемшіліксіз тіреуішсіз жаратты. Түнде жұздыздармен безендірді»,-делінген.

        وَأَغْطَشَ لَيْلَهَا وَأَخْرَجَ ضُحَاهَا

        29.  Оның түнін қараңғылатып, күндізін жарыққа шығарды.

        وَالْأَرْضَ بَعْدَ ذَلِكَ دَحَاهَا

        30.  Мұнан соң жерді төседі.

        Аспанды бекем еткен соң жерді жаратты. Жерді домалақтығына қарамай адам баласына өмір сүруін оңай етіп төсеп жайды.

        أَخْرَجَ مِنْهَا مَاءَهَا وَمَرْعَاهَا

        31.  Одан (жерден) су және жайылымын шығарды.

        Жерді жарып астынан бұлақ пен өзен суларын шығарып, адам және жан-жануарлар жейтін өсімдік өсірді.

        وَالْجِبَالَ أَرْسَاهَا

        32.  Оған таулар орналастырды.

        Тауларды жерге орналастырды. Жер тұрақтап, қозғалмауы үшін тауларды оған қазық етіп қақты.

        مَتَاعًا لَكُمْ وَلِأَنْعَامِكُمْ

        33.  Сендердің пайдалануларың үшін және малдарың да.

        Барлық зат пен нығметті сендерге және жануарларға арнап жараттық. Алла Тағала жерден өсірген өсімдік, ағаш, дәнді-дақыл, жеміс, киім-кешек пен дәрі-дәрмек және басқа да қорек пен заттар адамзат пен жануарларға арналған. Тіпті, судан шығатын тұз бен ағаштан алынатын от та. Алла Тағала жеті қабат аспан мен жерді жаратқанын, жер мен көкте сан-алуан ғажайып жаратылыстарды жоқтан бар еткенін айтуы мақұлықаттың қайта тірілуіне ақыли дәлел.

        فَإِذَا جَاءَتِ الطَّامَّةُ الْكُبْرَى

        34.  Бірақ үлкен қайғы (қиямет) келген сәтте

        Қорқынышы барлық нәрсені жайлап кететін және басқа уақиғалардан да жоғары тұратын ірі уақиға «таммат кубра» қиямет күні келген шақта

        يَوْمَ يَتَذَكَّرُ الْإِنْسَانُ مَا سَعَى

        35.  Сол күні адамзат не нәрсеге ұмтылғанын еске түсіреді.

        Сол бір ғаламат күн келген сәтте адам баласы дүниеде жасаған жақсы да жаман ісін есіне түсіре бастайды. Істеген ісі амал дәптерінде жазылып тұрады.

        وَبُرِّزَتِ الْجَحِيمُ لِمَنْ يَرَى

        36.  Жалындаған от көрушілерге көрсетіледі.

        Жанып тұрған тозақ ешкімнің көзінен таса болмайды. Барлығы да оны өз көзімен көреді. Қиямет күніндегі үрейлі де қорқынышты уақиғаларды суреттеген соң адамзаттың екіге бөлінуін баяндайды. Олар бақытсыздар мен бақыттылар.

        فَأَمَّا مَنْ طَغَى

        37.  Ал енді кім шектен шықса,

        Енді, кімде-кім күпірлік және күнә жасаумен шектен шыққан болса.

        وَآَثَرَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا

        38.  Һәм бұл пәни дүниені артық деп білген
        болса,

        Пәни дүниені бақилық ақыреттен артық санаса. Дүниенің күнәларына белшесінен батса. Ақыретіне ізгі амал жасап дайындық көрмесе.

        فَإِنَّ الْجَحِيمَ هِيَ الْمَأْوَى

        39.  Сөз жоқ, оның тұрақ ететін орны тозақ.

        Онда, ол адамның баратын орны жанып тұрған тозақ. Одан басқа мекенге бармайды.

        وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى

        40.  Ал енді кім Раббысы құзырында тұрудан қорқып, нәпсісі соққан нәрседен өзін тежеген болса,

        فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى

        41.  Ақиқатында, оның тұрақ мекені – жаннат.

        Ал, кімде-кім Ұлық Алладан қорқып, ертеңгі қияметте Жаратушының құзырындағы қиын күннен қорқып, нәпсісін құмарлықтан тыйса, оның мекен етер жері жаннат болмақ. Иә, күнәһарға тозақ, ал мойынсұнушыға жаннат.

        يَسْأَلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ أَيَّانَ مُرْسَاهَا

        42.  (Мұхаммед ғ.с.) олар сенен «Қиямет қашан болады?», – деп сұрайды.

        فِيمَ أَنْتَ مِنْ ذِكْرَاهَا

        43.  Ол жөнінде сен не айта алар едің?

        «Уа, пайғамбар! Сенен Мекке кәпірлері қиямет қашан болады, Алла қашан қиямет орнатады», – деп мазақ етіп сұрайды. Уа, пайғамбар! Ол күннің қашан болатынынан өзіңнің де хабарың жоқ. Ибн Әбу Хатим Ибн Аббастан (р.а.): «Мекке мүшріктері Пайғамбардан (r): «Қиямет күні қашан?», – деп мазақ етіп сұрады. Сонда осы аят уахи етілді», – деген риуаят жеткізген.

        إِلَى رَبِّكَ مُنْتَهَاهَا

        44.  Оның (қиямет жайлы толық хабар) жайы Раббыңда.

        Қияметтің уақытын Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді. Жаратушыдан басқа ешкім қияметтің мерзімін білмейді және білуі мүмкін емес.

        إِنَّمَا أَنْتَ مُنْذِرُ مَنْ يَخْشَاهَا

        45.  Негізінде, сен қиямет күнінен қорыққандар-ды ескертуші ғанасың.

        «Уа, Мұхаммед! Сенің міндетің қиямет күнінен қорқушыларды ескерту ғана. Ол күннің уақытын хабарлау міндетіңе кірмейді». Өйткені, ескерту тек қияметтен қорқатын адамға ғана пайдасын тигізеді.

        كَأَنَّهُمْ يَوْمَ يَرَوْنَهَا لَمْ يَلْبَثُوا إِلَّا عَشِيَّةً أَوْ ضُحَاهَا

        46.  Олар қияметті көрген күні дүниеде бір кеш немесе бір сәске (мезгілі шамасынша) ғана тұрғандай болады.           

        Бейне бір, мойындамайтындар қияметті өз көзімен көргенде, пәни дүниеде тек жалт еткен бір сәт қана өмір сүргендей күй кешеді. Ибн Касир: «Олар дүниелік өмірді тым аз деп қабылдайды. Тіпті, ол өмірі бір кеш немесе сәске уақыты секілді ғана болады...», – дейді. Алла Тағала сүрені алғашқы аяттарында серт еткен құбылыстармен тамамдады.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ