Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Нәбә» сүресінің тәпсірі
        «Нәбә» сүресінің тәпсірі

        «Нәбә» сүресінің тәпсірі

        «Нәбә» сүресі

        «Нәбә» (Амма) Меккеде түскен сүре. Сүренің «Нәбә» (хабар) деп аталуы онда қиямет және қайта тірілу жайлы маңызды хабар баяндалады. Сүренің негізгі мазмұны мүшріктер мойындамайтын «қайта тірілуді» түрлі дәлелдермен көрсету. Сол себепті, сүре мүшріктердің бір-біріне қайта тірілу жайлы сауал қоюмен басталған. Және де, қиямет күні мен одан кейін орын алатын жаратылыстың тірілуі мен есеп-қисап жайы баяндалады. Соңынан, қайта тірілуді жоққа шығарған мүшріктерді күтіп тұрған қорқынышты салдарын ескертумен аяқталған.

        «Қайта тірілу» туралы ой меккелік кәпірлердің басым көпшілігін мазалаған жайт еді. Тіпті, олар ішінара оны растаушы және жалғанға шығарушы боп екі топқа бөлінді.

        Бұдан кейін Алла Тағала ғаламдағы түрліше ғажайыптарды жаратудағы құдіретін паш ете отырып, керемет жаратылыстар мен құбылыстарды жоқтан бар еткен құдірет Иесі адамды қайта тірілтуге дәрменсіз емес екенін жеткізеді.

        Сүреде қайта тірілу уақыты мен мерзімі Жаратушы құзырында белгіленіп қойылғандығы және ол пенделер арасындағы төрелік шығарылатын күн екені айтылған. Бұл күні Алла Тағала адамзаттың әуелгі және кейінгілерін түгелімен бір жерге жинайды.

        Кәпірлерге әзірленген алуан түрлі азап сөз етіледі. Және тақуа жандарға уәде етілген нығмет түрлері айтылады. Азап және нығмет, жаза және сыйлық. Осылайша, қорқыту және қызықтыру әдісін қатар қолдану – Құранның тәсілі.

        Сүре соңында қияметтің қорқынышы сөз етіледі. Қияметтің үрейінен кәпірлер қайта тірілмей-ақ және дүниедегі амалына есеп бермей бірден топырақ болып кетуді армандайтындығы баян етіледі.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        عَمَّ يَتَسَاءَلُونَ

        1.    Олар бір-бірінен не жайлы сұрасуда?

        Мүшріктер бір-бірінен не жайлы сұрауда? Ибн Жарир және Әбу Хатим әл-Хасан әл-Басриден «Пайғамбар (r) жіберілген кезде адамдар бір-бірінен сұрай бастады. Сонда осы сүре түсті», – деп риуаят етеді.

        عَنِ النَّبَإِ الْعَظِيمِ

        2.    Зор уақиғадан.

        Олар өте қорқынышты және маңызды қайта тірілу күнінің хабарын сұрауда.

        الَّذِي هُمْ فِيهِ مُخْتَلِفُونَ

        3.    Олардың өздері ол уақиға жөнінде таласуда.

        Мүшріктер қайта тірілу күні жайлы бірі мойындаса, екіншісі жоққа шығаруда және бірі растаса, екіншісі өтірікке шығарып таласуда.

        كَلَّا سَيَعْلَمُونَ

        4.    Жо-жоқ, олар таяу арада біледі.

        Олар әлі-ақ, қайта тірілу мен есеп беру күні келгенде анық білетін болады.

        ثُمَّ كَلَّا سَيَعْلَمُونَ

        5.    Мүлде олай емес, олар жақында біледі.

        Олар өлген соң мұның рас екенін біледі. Бір аятты екі рет қайталау мәселенің аса маңызды екенін аңғартады. Олардың қайта тірілу жайында таласуы жөн емес. Бұл жөнінде Құран ақиқатты айтуда.

        أَلَمْ نَجْعَلِ الْأَرْضَ مِهَادًا

        6.    Біз жерді төсеніш жасамадық па?

        Келесі аяттарда Алла Тағала қайта тірілтуге құдіреті жететіндігін көрсететін тоғыз дәлел келтіруде. Ең біріншісі, жерді нәрестенің бесігіндей төсеніш етуі.

        وَالْجِبَالَ أَوْتَادًا

        7.    Ал, тауларды болса қазық...

        وَخَلَقْنَاكُمْ أَزْوَاجًا

        8.    Сендерді жұп-жұп етіп жараттық.

        Жердің тепе-теңдігін сақтап әрі оны қимылдатпау үшін тауларды қазық еткені. Және барлық мақлұқаттар мен өсімдіктерді аталық және аналық етіп жұбымен жаратуы.

        وَجَعَلْنَا نَوْمَكُمْ سُبَاتًا

        9.    Ал, ұйқыларыңды тынығу еттік.

        Ұйқыны күндізгі дамылсыз іс-әрекетті тоқтату және тәнді демалдыру һәм рақат беру уақыты етуі.

        وَجَعَلْنَا اللَّيْلَ لِبَاسًا

        10.  Һәм түнді жамылғы қылдық.

        Түнді жамылатын және бүркенетін ету.

         

        وَجَعَلْنَا النَّهَارَ مَعَاشًا

        11.  Күндізді тіршілік мезгілі етіп жараттық.

        Күндізгі уақытты өмір сүру және тіршілік қамын жасау уақыты еттік. Бұл – өмір сүру үшін табыс табу және несібе теру уақыты.

        وَبَنَيْنَا فَوْقَكُمْ سَبْعًا شِدَادًا

        12.  Үстеріңе жеті қат берік көк құрдық.   

        وَجَعَلْنَا سِرَاجًا وَهَّاجًا

        13.  Жарқыраған күнді шырақ еттік.        

        Сендердің үстілеріңнен берік құрылыс етіп жеті қабат аспанды жараттық. Ал, күнді аспандағы шырақ сияқты етті.

        وَأَنْزَلْنَا مِنَ الْمُعْصِرَاتِ مَاءً ثَجَّاجًا

        14.  Сығылысқан бұлттардан мол су (жаңбыр) жаудырдық.

        لِنُخْرِجَ بِهِ حَبًّا وَنَبَاتًا

        15.  Онымен дәнді дақыл, өсімдік шығару үшін.

        Ақ және қара бұлттардан нөсерлетіп жаңбыр жаудырдық. Жаңбыр суымен адамдар үшін арпа-бидай және де басқа қоректі дәнді-дақылдарды, ал мал-жануарларға шөп сияқты өсімдіктер шығардық.

        وَجَنَّاتٍ أَلْفَافًا

        16.  Және ну бақшалар.

        Сонымен бірге, ағашы мол бау-бақшалар жаратты. Алла Тағала осы тоғыз дәлелді өзінің адамзатты және барлық мақұлықатты қайта тірілте алатындығын паш етіп, құдіретін көрсету үшін баяндауда. Өйткені, жоғарғы аяттарда айтылған құбылыстарды жарата алған құдірет иесі, өліп жоқ болып кеткен тіршілікті де қайта тірілте алады.

        إِنَّ يَوْمَ الْفَصْلِ كَانَ مِيقَاتًا

        17.  Расында Төрелік күні – белгіленген бір мерзім.

        Есеп-қисап күні – Алла Тағала құзырында белгіленген күн. Қиямет күні ешбір ілгерілемейді және кейінге қалдырылмайды. Шын мәнінде, қияметтің мерзімі барлық жаратылысқа билік етуші Алла Тағалаға ғана аян. Қияметтің «бөлу, төрелік ету» күні деп аталуының себебі, ол күні Алла Тағала пенделерінің арасында төрелік етіп, жақсы мен жаманның арасын бөледі.

        يَوْمَ يُنْفَخُ فِي الصُّورِ فَتَأْتُونَ أَفْوَاجًا

        18.  Сүр үрілген күні, сендер топ-топ болып келесіңдер.

        Сүр екінші рет қабірдегілерді тұрғызу үшін үрленген кезде, пенделер қабірден топ-тобымен және тайпа-тайпа болып тіріліп келеді.

        وَفُتِحَتِ السَّمَاءُ فَكَانَتْ أَبْوَابًا

        19.  Көктер ашылып, есіктер пайда болады.

        Келесі аяттарда қиямет күнінде орын алатын қорқынышты жағдайлардың көрінісі суреттеледі. Төбедегі көк аспандар жарылып көптеген есіктер пайда болады.

        وَسُيِّرَتِ الْجِبَالُ فَكَانَتْ سَرَابًا

        20.  Ал, таулар жүргізіліп, сағымға айналады.

        Таулар өз орнынан жылжытылып, қарағанда сағым сияқты қалқып тұрады.

        إِنَّ جَهَنَّمَ كَانَتْ مِرْصَادًا

        21.  Расында, тозақ күтіп тұрушы.

        Тозақ, өз дұшпанынан есесін алу үшін тасада аңдып тұрған адамдай, кәпірлерді бақылап, күтуде. Тозақ Алла Тағаланың дұшпандарын жалындаған отымен азаптау үшін күтеді.

        لِلطَّاغِينَ مَآَبًا

        22.  Шектен шыққандар үшін оралар жер.

        Шындығында, тозақ шектен шыққандардың барар жері.

        لَابِثِينَ فِيهَا أَحْقَابًا

        23.  Олар онда ғасырлар бойы қалып қояды.

        Олар тозақта мәңгі шектеуі жоқ уақытқа тұрақтайды. Құртуби: «Кәпірлер тозақта ғасырлар бойы қалады. Бір ғасыр кетсе, артынан тағы бір ғасыр келеді. Өйткені, ақырет уақытының шегі жоқ», – деген.

        لَا يَذُوقُونَ فِيهَا بَرْدًا وَلَا شَرَابًا

        24.  Олар онда салқынды да, сусын да татпайды.

        Олар тозақта жантүршіктірер ыстықтан қорғайтын салқынды да, шөлді басатын сусынды да сезіне алмайды.

        إِلَّا حَمِيمًا وَغَسَّاقًا

        25.  Бірақ қайнап тұрған су және ірің ішеді.

        Сусын етіп тек қатты қайнап тұрған су және тозақта азапталушылардың бойынан аққан ірің беріледі.

        جَزَاءً وِفَاقًا

        26.  Қылмыстарына сай жаза ретінде.

        Бұл олардың дүниедегі істеген күнәлары мен күпірлігіне тиісті «сыбағасы».

        إِنَّهُمْ كَانُوا لَا يَرْجُونَ حِسَابًا

        27.  Шындығында олар, есепке тартылуды ойламаған еді.

        Тозақтағы кәпірлер тіршілігіндегі істеріне есебін береміз деп ойламады. Олар Алла Тағала құзырына баратындығына сенбеді. Сондықтан да, оларға берілген жаза әділ.

        وَكَذَّبُوا بِآَيَاتِنَا كِذَّابًا

        28.  Ал, аяттарымызды болса өтірікке шығарған еді.

        Сондай-ақ, кәпірлер Алла Тағаланың қайта тірілтуді көрсететін белгілерін жоққа шығарып, Құран аяттарын өтірік деп мойындамады.

        وَكُلَّ شَيْءٍ أَحْصَيْنَاهُ كِتَابًا

        29.  Біз әр нәрсені жазып, есепке алып сақтадық.

        Әрине, олардың бұл жасаған қылмыстары мен күнәларын, айтқан сөздерін, істеріне лайықты жаза беру үшін амал дәптеріне жаздық.

        فَذُوقُوا فَلَنْ نَزِيدَكُمْ إِلَّا عَذَابًا

        30.  Енді татыңдар, ал енді сендерге азаптан басқа еш нәрсені еселемейміз» (делінеді).

        Тәпсіршілер: «Құран Кәрімде тозаққа түскендерге бұл аяттан ауыр келетін аят жоқ. Олар бір азаптан сақтауды сұрап жалбарынған кезде, екінші азаптың түрімен жауап беріледі[1]», – деген екен. Бұл аяттарда тозаққа түскен бақытсыздардың жағдайы бейнеленген.

        إِنَّ لِلْمُتَّقِينَ مَفَازًا

        31.  Негізінде тақуалар үшін құтылу бар.

        Алла Тағаланың әмірін орындап, тыйымынан сақтанған ізгі тақуалар тозақтан құтылады. Және жаннат нығметтеріне қол жеткізеді. Бұл нығметтер келесі аяттарда айтылады.

        حَدَائِقَ وَأَعْنَابًا

        32.  Бақшалар һәм жүзім бақтары бар.

        Оларға түрлі жемісті баулар, гүлдер мен жүзімдік алқаптар бар. Адам құмартқан жүзімнің сан-түрі беріледі.

        وَكَوَاعِبَ أَتْرَابًا

        33.  Және жас құрдас, толық омыраулы қыздар бар.

        Және жастары құрдас жап-жас тұла бойында мін жоқ хор қыздары.

        وَكَأْسًا دِهَاقًا

        34.  Толы кесе бар.

        لَا يَسْمَعُونَ فِيهَا لَغْوًا وَلَا كِذَّابًا

        35.  Олар онда (жұмақта) бос сөз және өтірік естімейді.

        Жаннатта адамдар пайдасыз бос сөз және жалған сөз естімейді. Өйткені, жаннат – амандық мекені. Сондықтан, жаннаттағы әрбір нәрсе жалған және кемшілік атауынан аман болады.

        جَزَاءً مِنْ رَبِّكَ عَطَاءً حِسَابًا

        36.  Міне, бұл – Раббыңнан толық бір сыйлық.

        Алла Тағаланың оларға уәде еткендей мол сыйлықтар бар. Сондай-ақ, сый-сияпаттарын үстемелеп асыра береді.

         

        رَبِّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَمَا بَيْنَهُمَا الرَّحْمَنِ
         لَا يَمْلِكُونَ مِنْهُ خِطَابًا

        37.  Көктер мен жердің әрі ол екеуінің арасындағы барлық нәрсенің Раббысы – Рахман Алла. Оған (рұқсатсыз) ешкім тіл қата алмайды.

        Бұл пәрмен аспандар мен жердің һәм арасындағы барлық жаратылыстың Раббысы барлығын өз мейірімділігіне бөлеген Алла Тағаладан. Ешкім сол күні басынан пәлекетті кетіру және азаптан құтылу үшін үн қатуға шамасы келмейді.

        يَوْمَ يَقُومُ الرُّوحُ وَالْمَلَائِكَةُ صَفًّا لَا يَتَكَلَّمُونَ إِلَّا

         مَنْ أَذِنَ لَهُ الرَّحْمَنُ وَقَالَ صَوَابًا

        38.  Ол күні Жәбірейіл  және періштелер, сап түзеп тұрады. Рахман Алланың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді әрі дұрысын ғана айтады.

        Үрейлі қиямет күні Жәбірейіл  және періштелер қорыққан күйде сап түзеп тұрады. Олардың ешқайсысы Мейірімді Алла шапағат етуге рұқсат бермейінше сауапты көбейту немесе азапты азайтуды сұрай алмайды. Сауи: «Періштелер жаратылыстың ең абзалы бола тұра, Алла Тағаланың рұқсатынсыз ешкімге шапағат ете алмайды. Періштелерге рұқсат етілмеген нәрсе басқаларға қалайша рұқсат етілсін?!», – дейді.

        Әрі шапағат сұраушы ақиқатты әрі шындықты айтуы керек. Шапағат етілетін жан бір Аллаға иман еткен адам болуы тиіс.

        ذَلِكَ الْيَوْمُ الْحَقُّ فَمَنْ شَاءَ اتَّخَذَ إِلَى رَبِّهِ مَآَبًا

        39.  Сол күн – хақ. Ендеше кім қаласа,
        Раббысына барар жол тұтсын.

        Бұл күн сөзсіз келетін қиямет күні. Ал, кімде-кім Алла Тағала құзырына иманмен, ізгі амалдармен қайтуды қаласа, қамдансын. Бұл үндеу және ынталандыру сөздері.

        إِنَّا أَنْذَرْنَاكُمْ عَذَابًا قَرِيبًا يَوْمَ يَنْظُرُ الْمَرْءُ
        مَا قَدَّمَتْ يَدَاهُ وَيَقُولُ الْكَافِرُ يَا لَيْتَنِي كُنْتُ تُرَابًا

        40.  Негізінде жақын бір азапты ескерттік. Ол күні алдын ала не істегеніне қарайды. Сол шақта кәпір: «Әттең! Топырақ болып кеткен болсам ғой», – дейді.

        «Ей, қайта тірілуді жоққа шығарушы құрайыш кәпірлері. Расында біз сендерді таяуда келетін ақырет азабынан сақтандырудамыз. Қияметті «жақын күн» деп айтуының мағынасы, әрбір келе жатқан күн жақын екенін білдіреді. Ол күні адам өзі жасаған жақсы да жаман ісінің амал кітабына бекітілгенін көреді. Міне, сол күні кәпір мүлде жаратылмаған және құлшылық міндетін алмаған болуын қалап: «Әттең, есеп-қисап астында қалмау үшін топырақ болып кетсем ғой», – дейді. Тәпсіршілер: «Қиямет күні Алла Тағала жан-жануарларды тірілтіп, тоқал жануар мүйізді жануардан өз ақысын алады, соңынан жан-жануарлар түгелімен топыраққа айналады. Міне, сол кезде кәпірлер де азаптан құтылу үшін топыраққа айналып кетуді қалайды», – деген.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ




        [1]    Құртуби