Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ШАРИҒАТТА ДӘСТҮР НЕГІЗГЕ АЛЫНАДЫ МА?
        ШАРИҒАТТА ДӘСТҮР НЕГІЗГЕ АЛЫНАДЫ МА?

        ШАРИҒАТТА ДӘСТҮР НЕГІЗГЕ АЛЫНАДЫ МА?

         

        Әр ұлттың, халықтың дініне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық мінез-құлқының ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған ғұрыптар жиынтығы «салт-дәстүр» немесе «әдет-ғұрып» деп аталады


        Ханафи мәзһабы бойынша қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып құптарлы іс саналады[1]. Оған мыналар нақты дәлел болады:


        1) Алла Тағала Құран Кәрімде:


        خُذ ِالْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ


        «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»[2], - деп бұйырған. Бұл аят әдет-ғұрыппен үкім беруге негіз болатындығын айқындайды.


        2) Әбу Суфиянның әйелі, күйеуінің оған және ұлына жететіндей нәпәқа бермейтіндіктен, ақшасын оған айтпай алғандығын және бұл ісінің күнә мә, жоқ па екендігін Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әдеттегі мөлшерде дүниесінен өзіңе және балаңа жетерліктей ал», - деген.[3]


         Имам ән-Нәуәуи: «Бұл хадис шариғатта анық-айқын көрсетілмеген кейбір мәселелерде әдет-ғұрыпты негізге алуға болатындығына дәлел» [4], - деген.


         Алайда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуы үшін мынадай шарттар орындалуы қажет:


        1.Құран Кәрім мен сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына кереғар келмеуі тиіс.


        2.Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.


        3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арсында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасында әдеттердің заңдылық күші жоқ[5].


        Қорыта айтқанда, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», – дегендей егер салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ислам шариғаты негіздеріне сай келсе құпталады, ал қайшы келсе тыйым салынады.

         

         

        Диас Тұрсынбекұлы

        Ақмола облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

         



        [1] Әл-Әсғади, Әл-Мужаз фи Усулиль-Фиқһ 260.

        [2] «Ағраф» сүресі, 199 –аят.

        [3] Сахих муслим, №1714.

        [4] Имам Науауи, Сахих Муслимнің шархы, «Китабуль ақдия», №1714 хадис түсіндірмесі.

        [5] Дін мен дәстүр, 21.