«Тәкәсүр» сүресінің тәпсірі
«Тәкәсүр» сүресі
«Тәкәсүр» – меккелік сүре. Сүре адам баласының дүние ләззатымен әуре-сарсаңға түсетіндігін баян етуде. Және пәнидің құнсыз заттарын жинаудағы таластарын айтуда. Ақыры соңы өлім олардың рақатына нүкте қояды. Өлім тосыннан аяқ асты келеді. Өлім адамзатты зәулім үйден зұлмат қабірге алып кететінін ескертуде. Сүреде қайта-қайта пәниді бақиға айырбастамау керектігін, бұл үлкен қателік екендігін баяндайды.
Сүре соңында қиямет күніндегі қорқынышты жағдайларды айта отырып, одан тек ізгі амал жасаған мұсылман ғана аман қалатындығы айтылады.
بسم الله الرحمن الرحيم
أَلْهَاكُمُ التَّكَاثُرُ
1. Сендерді көбейтіп еселеу бәсекелестігі (өзіне қаратып) шұғылдандырып қойды.
Әй, адамдар! Сендерді өз араларыңдағы дүние жинау, бала-шаға мен ағайын-туыстың көптігімен мақтану бәсекелестігі құлшылық етуден және ақырет күніне дайындық көруден шалғытты.
حَتَّى زُرْتُمُ الْمَقَابِرَ
2. Тіпті, қабірлеріңе барғандарыңа (өлген-деріңе) дейін.
Ақыры өлім келіп жетіп, қабірге көмілдіңдер.
كَلَّا سَوْفَ تَعْلَمُونَ
3. Жоқ, олай емес! Сендер таяу арада білесіңдер.
Ей, адамдар! Сақ болыңдар, қорқыңдар. Пайдасы жоқ іспен айналыспаңдар. Әйтпесе, құлшылығын ұмытқан адамның залалын көрсетеді.
ثُمَّ كَلَّا سَوْفَ تَعْلَمُونَ
4. Әсте олай емес! Сендер жуырда білесіңдер.
Екерту артынан тағы ескерту. Бұл – жамандықтан сақтандырудың тәсілі. Тек дүние жинаумен, ағайын-туыстың көптігімен ғана мақтанып өмір кешкен адам өлім келген сәтте, барлығына анық көзі жете бастайды.
Ибн Аббас: «Жоқ, олай емес. Тез білесіңдер» аятын: Қабірде азап тартқан кезде білесіңдер. Ал, «Тағы олай емес. Жуырда білесіңдер» аятын: Ақыретте нағыз азапқа қалған кезде білесіңдер[1]», – деп түсіндіреді.
كَلَّا لَوْ تَعْلَمُونَ عِلْمَ الْيَقِينِ
5. Жоқ! Егер сендер анық білген болсаңдар.
Ақиқатында құлшылық етпей дүние жинаудың және дүние рақаты сендерді алдап соққанын шынайы түрде білсеңдер. Түсініп ақыретке дайындық еткен болар едіңдер. Пайғамбарымыз (r): «Менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер», – деген.
لَتَرَوُنَّ الْجَحِيمَ
6. Әлбетте, тозақты көресіңдер.
Бұл аят жасырын сертке жауап. Мағынасы: Алла Тағалаға серт, сендер өз көздеріңмен тозақты көресіңдер.
ثُمَّ لَتَرَوُنَّهَا عَيْنَ الْيَقِينِ
7. Сонан кейін сендер әрине көзбен көресіңдер.
ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ
8. Сол күні (дүниеде берілген) әр нығмет үшін сөзсіз сұраққа тартыласыңдар.
Иә, ақырет күні дүниеде берілген амандық және денсаулық сияқты нығметтер ақысынан сұраласыңдар. Сонымен бірге, ішіп-жеген несібе, мінген көлік, төсенген көрпе-жастық барлығынан түгелдей сұраласыңдар.
Әбу Хұрайра (р.а.): «Бірде кешке Алла елшісі (r) сыртқа шығады. Сөйтсе, Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) да тұр екен.
– Бұл уақытта не себепті үйден шықтыңдар?
– Уа, Алла елшісі аштықтан, – деді.
– Жанымды құдіретті уысында ұстаған Затпен ант етемін, мені де сол жайт мазалады, – деді. «Жүріңдер», – деп оларды алып ансарлық бір кісінің үйіне ертіп келеді. Ол үйінде жоқ екен. Әйелі көріп: «Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер», – деді. Алла елшісі (r) әйелге: «Пәленше қайда?» – деп сұрап жатты. Әйелі: «Үйге тұщы су алып келуге кетті», – деді. Сол арада үй иесі келіп қалып, қонақтарға қарап: «Аллаға шүкір, бүгін менікіндей қадірлі қонақ ешкімде жоқ», – деп лезде тұрып сулы, кепкен құрманың шоғын алып келіп: дәмнен алыңыздар, – деп, өзі қолына пышағын алып есікке беттеді. Пайғамбар (r): «Сауын малға тиіспе», – деді. Үй иесі бір қой сойып, қонақтардың алдына тартты. Бұған қоса, құрма суын да әкелді. Тамаққа тойып, сусынмен шөлдерін басқан соң Алла елшісі (r) Әбу Бәкір мен Омарға қарап: «Осы нығмет үшін қиямет күні сұраласыңдар. Өйткені, үйлеріңнен аштық алып шыққан еді, осы нығметке тап болдыңдар, – деген екен[2]»
Тирмизиде: Абдулла ибн Шиххир әңгімелейді: Мен Алла елшісінің (r) жанына келгенімде «Сендерді көбейтуде бәсекелесу айналдырды...» аятын оқып отыр еді. Сосын: «Адам баласы дүнием, дүнием, – дейді. Дүниеңнің саған тиетіні ішіп-жеп тауысқаның, киіп тоздырғаның және садақа етіп қалдырғаның емес пе?» – деген екен.