«Тин» сүресінің тәпсірі
«Тин» сүресі
«Тин» сүресі меккелік. Бұл сүреде екі маңызды тақырып қозғалған.
Біріншісі: Алла Тағаланың адамзатты құрметті етуі;
Екіншісі: есеп-қисапқа иман келтіру.
Сүре қасиетті жерлерге серт етумен басталған. Ол жерлерді Алла Тағала өз пайғамбарларына уахи түсіру үшін таңдаған. Олар: Байтул Мақдис, Тур тауы және қасиетті Мекке. Серт етуі, адам баласын қадірлі еткенін және ең көркем бейнеде және ерекше керемет кейіпте жаратқанын айту үшін. Ал, енді пенде Раббысына шүкіршілік етпесе тозақтың ең төмен жағына түсетіндігі ескертілуде.
Және адам ең жақсы бейнеде жаратылғаны иләһи құдіреттің ең айқын дәлелі екенін айтылса, қабірден шығып, қайта тірілуді мойындамағаны үшін кәпірді жазғыруда.
Сүре Алла Тағаланың мұсылманға сый беріп, ал кәпірді жазалауы әділдік екенін жеткізумен аяқталған.
بسم الله الرحمن الرحيم
وَالتِّينِ وَالزَّيْتُونِ
1. Інжір мен зәйтүнге серт.
Бұл берекетті қос ағаш. Біріншісін адам жейді, ал екіншісін әрі жейді, әрі майын пайдаланады.
Інжір мен зәйтүннің берекеті мен пайдасы мол болғаны үшін серт етуде. Ибн Аббас (р.а.): «Бұл өздерің жеп жүрген інжір және майын сығып алатын зәйтүн», десе Икрима: «Алла Тағала інжір мен зәйтүн өскен жерлермен серт етуде. Інжір көп өсетіп жер Дамаск, ал зәйтүн көп өсетін орын байт Мақдис», – деген. Бұл сөзді келесі аяттар қуаттай түскен. Алла Тағала аспан елшілігі және уахимен құтты еткен қасиетті жерлерді айтқан.
وَطُورِ سِينِينَ
2. Және Синин тауына серт.
Синин – Алла Тағала Мұсамен тілдескен құтты тау. Синин және Сәйнә осы тау орналасқан жер атауы. Бұл Тур Сайна атты ағашы көп және өте әдемі тау.
وَهَذَا الْبَلَدِ الْأَمِينِ
3. Және осы қауіпсіз қалаға серт.
Қағбамен қасиетті етіп, адамдарға амандық пен тыныштық мекені еткен Меккеге серт. Тыныштық қаласымен серт. Бұл – қасиетті Мекке қаласы. Меккеге кірген адам өзіне және мал-дүниесіне қауіпсіздік табады. Ибн Касир: «Кейбір ғалымдар, бұл үш жер. Оның әрқайсысына Алла Тағала елші жіберген. Ол елшілердің барлығы улул азым және үлкен шариғат иелері. Бірінші: інжір мен зәйтүн орны, ол байт Құдыс, ол жерден Иса шыққан. Екіншісі: Тур Сайна тауы, ол тауда Алла Тағала Имранұлы Мұсамен тілдескен. Үшіншісі: қауіпсіз қала, оған кірген әрбір адам қауіпсіздікте. Бұл қаладан Алла елшісі Мұхаммед (r) шыққан», – дейді. Тәураттың соңында осы үш қасиетті орын:«Алла Тур Сайнадан келді, бұл Мұсамен тілдескен тау. Кейін Сағир тауынан көрінді, яғни Иса елші болып келген байт Мақдис тауы. Сосын Фаран тауынан жария етілді, бұл Мекке таулары, ол жерден Мұхаммед (r) шыққан», – деп баяндалған. Тауратта ретімен, ал Құранда мәртебесімен көрсетілген.
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
4. Ақиқатында, адамзатты көркем бейнеде жараттық.
Адамзатты бейнесі мен түр-сипатын ең көркем жаратылыс еттік. Сосын адам баласының кейбірін, ішіндегі кәпірін тозаққа қайтардық. Ибн Аббас (р.а.): «Бұл қор өмірге қайтарылған бір топ кісілерге қатысты түсірілді[1]», – деп айтқан.
Серттен кейін оның жауабы келеді. Жауабы: Біз адамзат бейнесін ең көркем етіп жараттық.
ثُمَّ رَدَدْنَاهُ أَسْفَلَ سَافِلِينَ
5. Іле, адамды төмендердің төменіне қайтардық.
Сосын Біз жаратуымыздың себебі болған міндетін орындамағаны үшін адамды ең төмен дәрежеге түсірдік. Өйткені, адам көркем жаратылысына шүкіршілік етпеді, керемет болмысын құлшылыққа пайдаланбады. Сондықтан, ең төмен дәреже болған тозаққа түсіреміз. Мұжаһид пен Хасан: «Тозақ сатыларының ең төмені» десе, Даххак: «Ол адамды ең қор өмір кезеңі, яғни жастықтан соң қарттыққа, күш-қайраттан соң әлсіздікке», – деп тәпсірлеген.
إِلَّا الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ فَلَهُمْ أَجْرٌ غَيْرُ مَمْنُونٍ
6. Тек қана, иман еткен және ізгі амал жасағандарды (қайтармаймыз). Оларға түгесілмейтін жақсылық бар.
Алайда, Алла Тағалаға және елшілеріне иман етіп, Алланың әмірлерін орындайтындарға ешбір үзілмейтін ақыреттік сауап бар. Ол тақуалар мекені жаннатта болу.
فَمَا يُكَذِّبُكَ بَعْدُ بِالدِّينِ
7. Осыдан кейін есеп-қисап күнін мойындамауға сені не итермелеуде?
Әй, адам баласы! Алла Тағаланың жаратылысты қайта тірілтуіне құдіретті екенін білдіретін айқын дәлелдерді көре тұра қиямет күнін қалайша жалған дейсің!?
Бұл адамның назарын аудару үшін үн қату тәсілі. Барлығын айқын дәлелдермен айтқан соң неге мұны жалған дейсің? Адам бір тамшыдан жаратылды, соған қарамай оның болмысы ең көркем де, кемел бейне. Бұл Алла Тағаланың жаратылысты қайта тірілтуі мен есеп-қисап етуінің ең айқын дәлелі. Осының барлығын көріп тұрсаң да, ақырет есеп күнін неге мойындамасың?
أَلَيْسَ اللَّهُ بِأَحْكَمِ الْحَاكِمِينَ
8. Алла үкім (әділдік) етушілердің ең әділі емес пе?
Алла Тағала төрелікте, әділдікте және істі реттеуде ең әділ үкім шығарушы емес пе? Тирмизи Әбу Хұрайрадан (р.а.): «Егер біреулерің Тинді соңына дейін оқыса: «Иә, мен оған куә етушілерденмін», – деп айтсын[2]»
Жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағала үкім шығаруда және пенделер арасында төрелік етуде ең әділ емес пе? Хадисте: Пайғамбарымыз (r) осы аятты оқыған соң: «Иә, мен бұған куәлік етушілерденмін», – дейді екен.
Хикая:
Имам Құртуби: Иса Һашими әйелін қатты жақсы көретін. Бір күні әзілдеп: «Сен айдан сұлу болмасаң үш талақсың», – дейді. Әйелі лезде басына орамалын салып, «Сен мені талақ етіп қойдың», – дейді. Иса Һашими өз ісіне қатты өкініп, халифа Мансурға барып мән-жайды айтады. Халифа фақиһ ғалымдарды шақыртып, пәтуа сұрайды. Келген ғалымдардың барлығы бірауыздан: «Талақ түсті», – дейді. Тек, Әбу Ханифаның бір шәкірті үнсіз тұра берді. Сонда халифа Мансур оған: «Саған не болды, неге сөйлемейсің?» – дейді. Сонда әлігі кісі: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Алла Тағала «Расында адам баласын ең көркем етіп жараттық[3]», – деген. Демек, адамнан көркем нәрсе жоқ», – деп төрелігін айтады. Халифа оған: «Рас айтасың», – деп, Иса Һашимиге әйелін қайтартқан екен.
ҚМДБ наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің
Бас имамы Серікбай ОРАЗ
[1] Ибн Жарир