Сиқырмен айналысу қаншалықты үлкен күнә?
С: Сиқыр деген не және онымен айналысу қаншалықты үлкен күнә?
Ж: СИҚЫРМЕН АЙНАЛЫСУ
Сиқыр сөзінің мағынасы
Қазақтың «сиқыр» сөзі араб тіліндегі сихр деген сөзден шыққан. Ол бірнеше мағынада қолданылады. Солардың бірі «жұмсақ, нәзік» деген мағына. Осы мағынада төмендегідей хадис бар.
عَنِ بْنِ عُمَرَ رَضِِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إِنَّ مِنَ الْبَيَانِ لَسِحْرًا«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сөзді баяндауда бір сиқырлылық бар», – деген. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
Сиқыр сөзінің тағы бір мағынасы: «алдау». Құран Кәрімде мынадай аят бар. Сәмуд халқы өз пайғамбарлары Салихқа (а.с.) мынадай жала таққан.
﴿قَالُوا إِنَّمَا أَنتَ مِنَ الْمُسَحَّرِينَ﴾
«Олар: «Шындығында сен, – десті» (Шұғара, 153). Мұндағы «сиқырланғандардансың» сөзі «алданғандардансың» деген мағынаны білдіреді.
Сондай-ақ, сихр сөзі сөз «ірі бір нәрсенің өңін айналдыру», «бұзу», «қисайту» деген сияқты басқа да мағыналарда қолданылады.
Ал сиқыр сөзінің терминдік мағынасы туралы ғұламалар арасында пікірталас бар. Олар сиқырды әркелкі түсінулеріне байланысты бұл сөзге түрліше анықтамалар берген.
Имам әл-Байдауи өзінің тәпсірінде «Сиқыр: адамның жеке істей алмайтын нәрселерінде шайтанға жақындық жасау арқылы істейтін әрекеті. Ол әрекетке жамандық пен қаскөй жандылар ғана қол жеткізеді. Ал айлакердің істері және түрлі аспаптар мен дәрілерден келетін нәтижелер немесе қолы жеңіл адамның қимылдары шын мәнінде сиқыр емес. Былайғы жұрт ондай істерді асырмалы райда сиқыр деп атаған. Өйткені сиқыр сөзі әсілінде шығу себебі көзге көрінбейтін істерге қолданылған».
Шафиғи мазһабы ғалымдарынан әл-Қалиуби: «Сиқыр: шарғи мағынасында нақұрыс жандардың әдеттен тыс нәрселерді шығаратын сөздермен, істермен айналысуы», – деген анықтама берген.
Ал ханбали мазһабының ғалымдары: «Сиқыр: түйіндер, дуалар не арнай айтылатын немесе жазылатын сөздер немесе сиқырланушының денесіне яки ақылына сырттай, жанама түрде әсер ететін амал жасау», – деп анықтаған.
Ал Ибн Халдун өзінің әйгілі Муқаддима атты кітабында былай дейді: «Сиқыр: қабілеттіліктердің мән-жайы туралы ілім. Адамзат сол ілім арқылы аспаннан келген күштердің көмегімен немесе көмегінсіз тылсым әлемге әсер ету күшіне ие бола алады. Сиқыр үш деңгейде болады:
Біріншісі: көмекші аспапсыз, жәрдемшісіз тек өзіндік күші арқылы әсер ету. Философтар осы түрді сиқыр деп атаған.
Екіншісі: аспан денелері не элементтердің немесе арнайы сандардың көмегі арқылы жасалатын түрі. Мұны тылсым күштер деп те атайды. Бұл сиқырдың әлсіз түрі.
Үшінші: елес күштерінің әсерінен болатын түрі. Сиқыршы сол күштері игеріп, сосын жағдайға байланысты оларға қосымша қияли әсерлер мен бейнелер қосады. Содан кейін өзінің әсерлі ептілігін пайдаланып, сол күштерді көрермендерге көрсетеді. Сонда ол әрекет көрермендерге әдеттен тыс құбылыс болып көрінеді. Ал расында ол жерде әдеттен тыс ештеңе жоқ. Философтар мұндай әрекетті фокус, айлакерлік деп атаған».
Сиқыр амалының ақиқаты
Жалпы адамдардың арасында сиқыр деп аталатын амалдың бар екендігі туралы ешқандай талас жоқ. Ғұламалар арасындағы негізгі талас оның ақиқаты, сипаты жайында. Ғалымдар осы әрекет ақиқат бар нәрсе ме, шынайы әсері бар ма әлде жай көзалдау, елестетілген нәрсе, адамдардың сезімдерін тәлкек ету, адастыру ма деген мәселелер туралы түрлі көзқараста.
Ал сиқырдың бар нәрсе екендігіне Құран мен Сүннеттен дәлелдер жеткілікті.
Алла Тағала былай дейді:
﴿وَلَكِنَّ الشَّيْاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ﴾
«Алайда шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп кәпір болды» (Бақара, 102);
﴿وَجَاءوا بِسِحْرٍ عَظِيمٍ﴾
«...Олар (сиқыршылар) үлкен бір сиқыр келтірді» (Ағраф, 116).
Бұдан бұрын айтылып өткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Жеті түрлі қиратқыштардан сақтаныңдар», – дей келе олардың арасында сиқырды да деп атап өткен.
Ал енді сиқырдың ақиқаты туралы таласқа келер болсақ, ғұламалардың көпшілігі сиқыр шын мәнінде ақиқаты жоқ, бар болғаны адастыру, еліту, көзді ала бере ептілікпен айла, фокус жасау ғана, ал сиқыршы шын мәнінде бір нәрсені басқа нәрсеге алмастыра да, әдеттен тыс тосын әрекет те жасай да алмайды, олардың айлаларының құпия-сырларын онымен шұғылданатын басқа адамдар біледі деп тұжырымдайды.
Әл-Жассас атты ғалым өзінің Әхкәм әл-Құран кітабында былай дейді: «Сиқыр дегеніміз шын мәнінде ақиқаты да, негізі де жоқ алдаумен жасалған жалған амалдардың атауы. Алла Тағала былай деген:
﴿فَلَمَّا أَلْقَوْاْ سَحَرُواْ أَعْيُنَ النَّاسِ وَاسْتَرْهَبُوهُمْ﴾
«Олар лақтырғанда адамдардың көздерін сиқырлап, көкейлеріне үрей ұялатты...» (Ағраф, 116);
﴿فَإِذَا حِبَالُهُمْ وَعِصِيُّهُمْ يُخَيَّلُ إِلَيْهِ مِن سِحْرِهِمْ أَنَّهَا تَسْعَى﴾
«...Сонда олардың жіптері мен таяқтары олардың сиқырларының әсерінен оған жорғалап бара жатқандай елестетілді» (Таһа, 66).
Суннит бағытындағы ғалымдардың басым көпшілігі сиқырдың екі түрлі болатындығын айтады.
1. Айлакерлік, фокус, көзалдау. Бұл шынайы негізі, ақиқаты жоқ нәрселер. Солай бола тұра жасалу жолының жасырын, құпия болуына байланысты бұл амалдар сиқырға жатқызылады. Алла Тағаланың «Олар лақтырғанда адамдардың көздерін сиқырлап, көкейлеріне үрей ұялатты...» (Ағраф, 116); «Ол: «Жоқ, сендер лақтырыңдар», – деді. Сонда олардың жіптері мен таяқтары олардың сиқырларының әсерінен оған жорғалап бара жатқандай елестетілді» (Таһа, 66) деген аяттарында сиқырдың осы түрі жайында аталған.
2. Адамдардың денелеріне әсер ететін, негізі бар сиқыр түрі. Онған Алла Тағаланың «Сол арқылы ер мен жұбайының арасын ажыратады» деген аяты (Бақара, 102) дәлел болады.
Хадистерде де Пайғамбарға (с.а.с.) Ләбид ибн әл-Аъсам деген яһудидің сиқыр жасағаны туралы нақты дәлел бар. Сосын кейін Алла Тағала оны (с.а.с.) бұл сиқырдан айықтырып, Фалақ пен Нас сүрелерін түсірді. Бұдан былайғы уақытта аталмыш екі сүре оқылғанда кез келген түйін, дуа жазылып кететін болды.
Алайда анықтап атап өтерлік бір жайт, сиқырдың әсері Алла Тағаланың жаратқан себептері арқылы ғана жүзеге асады. Ол нәтижеге жеткізетін себептер мен салдарларды жаратқан. Сондықтан да аталмыш әрекеттер тек Алла Тағаланың жаратуымен, тағдырымен және қалауымен ғана болады. Сол себепті де Құран Кәрімде сиқырдың зиянының болуы Алланың қалауына тәуелді екендігі баяндалады. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَمَا هُم بِضَآرِّينَ بِهِ مِنْ أَحَدٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ﴾
«...Олар ешкімге де Алланың рұқсатынсыз зиян бере алмайды...» (Бақара, 102).
С: Сиқырлықпен айналысуға болама?
Ж: Сиқырмен айналысудың үкімі
Сиқыр амалы тыйым салынған, харам іс. Имам ән-Нәуәуи бұл үкім жайында ғұламаларының пікірі бірауызды екендігін жеткізген. Тіпті, сиқыр хадисте айтылғандай қиратқыш үлкен күнәларға жатады.
Имам әз-Зәһәби: «Адасушылардың көптеген топтарының сиқырға кіріп жатқанын көреміз. Олар оны харам іс деп қана түсініп, оның нағыз күпірлік екендігін естерінен шығарады. Сондай-ақ, кейбіреулер симия (белгілер) ілімін үйреніп, соның амалдарын істеп жүр. Ол нағыз сиқырдың өзі. Ер адамды әйелінен ажырататын амал да сиқыр. Ер адамның әйеліне деген сүйіспеншілігін арттыратын немесе оларды бір-бірімен араздастыратын әрекеттер де сиқыр. Олардың көпшілігі серік қосу, азғындық сөздері болып келетін түсініксіз сөздер арқылы жүзеге асырылады», – деген.
Сиқырдың нақты тыйым салынған харам іс екендігін төмендегі аяттар айғақтай түседі. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَلَقَدْ عَلِمُواْ لَمَنِ اشْتَرَاهُ مَا لَهُ فِي الآخِرَةِ مِنْ خَلاَقٍ ﴾
«...Расында олар оны айырбастап алған нәрсеге ақыретте еш жақсылық болмайтындығын білді» (Бақара, 102);
﴿وَيَتَعَلَّمُونَ مَا يَضُرُّهُمْ وَلاَ يَنفَعُهُمْ﴾
«Олар өздеріне пайда бермейтін, керісінше зиян беретін нәрсені үйренеді» (Бақара, 102).
قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» ثَلَاثَةٌ لَا يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ: مُدْمِنُ الْخَمْرِ، وَقَاطِعُ الرَّحِمِ، وَمُصَدِّقٌ بِالسِّحْرِ .«رَوَاهُ أَحْمَدُ وَأَبُو يَعْلَى وَابْنُ حِبَّانَ فِي صَحِيحِهِ وَالْحَاكِمُ.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – дейді. Бұл хадисті Ахмет, Әбу Яғла, Ибн Хиббан, Хакимдер риуаят еткен.
عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْت رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: »إنَّ الرُّقَى وَالتَّمَائِمَ وَالتُّوَلَةَ شِرْكٌ«. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالْحَاكِمُ.
Ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Мен Алланың елшісінің (с.а.с.): «Дуа жасау, тұмар тағу, сүйіспеншілік сиқырын жасау Аллаға серік қосу амалдарынан», – дегенін естідім». Ахмет, Хаким риуаят еткен.
Сүйіспеншілік сиқыры дегеніміз әйелді еріне сүйікті етіп көрсету үшін жасалатын дуа. Аталмыш амал оны істеген не істеткен жандардың Алла Тағаланың харам еткен нәрсесін халал деп және сиқыршы не дуашының Алла Тағаладан басқаның қолынан келмейтін істі орындай алады деп есептегендері үшін серік қосу амалдарының қатарына жатқызыған.
Шафиғи мазһабының ғұламалары сиқырды үйрену тек пайда келтіру үшін не сиқырдың зардабын кетіру үшін не ақиқатын зерттеп білу үшін ғана болмаса басқа жағдайларда харам деген үкім шығарған.
С: Сиқырмен шұғылданудың шариғаттағы үкімі қандай?
Ж: Сиқырмен шұғылданудың шариғаттағы үкімі
Бүкіл мұсылман қауымы мойындаған атақты ғұламаларының барлығы да сиқырдың мұсылманға жат, харам іс екендігін айтқан. Сол ғалымдардың басым көпшілігінің пікірлері мен шығарған үкімдеріне сәйкес сиқырмен шұғылданып, сол арқылы басқаларға зарар беретін адам шариғат бойынша ең үлкен жазаға лайық. Мұндағы сиқыршылық амалдарға бірге адамдарға теріс дуа жасайтын дуахандардың, жындармен сыбайлас болып, «болашақты болжаймын, бәрін біліп тұрмын» дейтін сәуегейлердің, емшінің атын жамылған Ібіліс ұрпақтарының ізіне ерген бақсы-балгерлердің теріс әрекеттері де жатады. Хадистерде олардың барлығының үкімі бір.
عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قاَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ أَتَى عَرَّافًا أَوْ كَاهِنًا أَوْ سَاحِرًا فَسَأَلَهُ فَصَدَّقَ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنْزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ«. رَوَاهُ الْبَزَّارُ وَأَبُو يَعْلَى.
Ибн Мсағұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім сәуегейге, не балгерге, не сиқыршыға барып, бірдеңені сұрап, сосын оның айтқанын растаса, сол заматта Мұхаммедке түсірілгенге (Құранға, Исламға) күпірлік келтірген болады». Баззар, Әбу Яғла риуаяты.
قاَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ أَتَى عَرَّافًا أَوْ سَاحِرًا أَوْ كَاهِنًا يُؤْمِنُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنْزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ.
Бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім сәуегейге, не сиқыршыға, не бақсы-балгерге барып, оның айтқанына сенсе, сол заматта Мұхаммедке түсірілгенге (Құранға, Исламға) күпірлік келтірген болады». Табарани риуаят еткен.
قاَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ أَتَى كَاهِنًا فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ بَرِئَ مِمَّا أَنْزَلَ اللَّهُ عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَمَنْ أَتَاهُ غَيْرَ مُصَدِّقٍ لَهُ لَمْ تُقْبَلْ لَهُ صَلَاةً أَرْبَعِينَ لَيْلَةً«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ.
Тағы бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім бақсы-балгерге барып, оның айтқанын растаса, ол сол заматта Алланың Мұхаммедке (с.а.с.) түсіргенінен (яғни, Ислам дінінен) шығып кетеді. Ал кімде-кімоған барып, оның айтқанын растамаса, қырық күн бойы намазы қабыл болмайды». Табарани риуаят еткен.
Алла Тағала біздерді сиқырдың «кереметіне», бақсы-балгердің балдыр-батпағы, сиқыршы-сәуегейдің сандырақтарына, құмалақшы-құшнаштардың қойыртпақтарына имандай сеніп, оны аят пен хадистен жоғары қоятын күпірлікке батқан надандардан болып қалудан сақтасын!.