РАМАЗАНДА КҮНДІЗ КӨП ҰЙЫҚТАСА ОРАЗА БҰЗЫЛА МА?
Рамазанда аузы берік кісінің күннің көп бөлігін ұйқымен өткізуі оразаны бұзбайды. Тіпті күні бойы ұйықтаса да, оразасы дұрыс. Бұған қатысты, имам Науауи, Алла оны рақымына алсын: «Егер де тәулік бойы ұйықтаса да, адамның оразасы дұрыс» [1], - деген. Ал, Ибн Құдама, Алла оны рақымына алсын: «Ұйқы оразаға әсер етпейді. Мейлі күннің барлық бөлігінде немесе кейбір уақытында болса да» [2], - деген.
Десе де, Ораза тұтушыға берілетін сауап оның сол құлшылықты сезінуіне тікелей байланысты. Айша анамызға (р.а.) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ لَكِ مِنَ الأَجْرِ عَلَى قَدْرِ نَصَبِكِ وَنَفَقَتِكِ
«Саған шаршауың және қаражат жұмсағаныңның мөлшеріне байланысты сауап беріледі» [3], - деген.
Әуелгі өткен ізгілер рамазанның күндізінде бір, түнінде бір хатым түсірген. Құранға қатты көңіл қойған. Түнін тағы намазбен әсемдеген. Кейінгілерге айтылар өсиет те осы: Рамазанды Раббыға жақындататын жақсы амалдармен көркемдеу керек. Бір тәулік уақытыңыздан ұйқыға да үлес бөліңіз. Бірақ, оны күн батқанша уақыт өлтірудің амалы етпеңіз.
Демек, рамазанда уақытты мейлінше көп құлшылықпен, қайырымды амалдар жасаумен өткізу керек. Алла сауаптан жазғай!
Махамбет Бисенов
Ақтөбе облысы бойынша
пәтуаға жауапты имам