«Ғашия» сүресінің тәпсірі
«Ғашия» сүресі
«Ғашия» – меккелік сүре. Сүреде маңызды екі тақырып қамтылған.
1.Қиямет жағдайы мен қорқынышы. Қияметте кәпірдің бетпе-бет келетін қиыншылығы және мұсылманға берілетін бақыт.
2.Әлемдер Раббысы Алла Тағаланың бірлігі мен құдіретінің айқын дәлелдері. Бұл дәлелдер сүреде түйенің ғажайып жаратылысы, аспанның кереметі, биік таулар және кең етіп төселген жерді айтумен баяндалады. Бұл жаратылыс пен құбылыстардың барлығы да Алла Тағаланың бірлігі мен құдіретінің белгісі. Сүре соңында барша адамзаттың есеп-қисап үшін Алла Тағала құзырына қайтатыны еске салынып тәмамдалған.
بسم الله الرحمن الرحيم
هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْغَاشِيَةِ
1. (Мұхаммед) саған ғашияның хабары келді ме?
Уа, Мұхаммед! Саған «Ғашияның» (адамдарды түгел өзінің қорқынышы және алапатымен орап алатын күннің) хабары жетті ме? Бұл – қиямет күні.
وُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ خَاشِعَةٌ
2. Ол күні кейбір жүздер қорқуда.
عَامِلَةٌ نَاصِبَةٌ
3. Қатты қиналған шаршаған болады.
Тәпсіршілер: «Бұл кәпірлер жайындағы аят. Олар шынжыр мен тұсауларын сүйреп, құмға батқан түйедей отқа батып, тозақтың жотасына бір шығып, сайына бір түсіп, өлесе шаршайды. Бұл олардың дүниеде құлшылық етуге тәкаппарланып, құмарлыққа белшесінен батқандығының жазасы», – дейді.
تَصْلَى نَارًا حَامِيَةً
4. Ыстығы қатты отқа тасталады.
Ибн Аббас (р.а.): «Тозақ оты қатты жануда, ол Алланың дұшпандары үшін жалындап тұрады», – дейді.
تُسْقَى مِنْ عَيْنٍ آَنِيَةٍ
5. Қайнап тұрған бастаудан ішкізіледі.
Оларға ішуге қайнауы ыстықтық дәрежесінің ең соңғы сатысына жеткен қайнардан беріледі.
لَيْسَ لَهُمْ طَعَامٌ إِلَّا مِنْ ضَرِيعٍ
6. Оларға улы тікеннен басқа ешбір тамақ жоқ.
Тозаққа түскендердің тағамы – тікенді және исі өте нашар өсімдік.
لَا يُسْمِنُ وَلَا يُغْنِي مِنْ جُوعٍ
7. Ол семіртпейді де, аштықты да баспайды.
Аталмыш тамақ аштықты басып, бойға күш-қуат бермейді. Әбу Сағуд: «Бұл тағам дүниенің тамағы сияқты тойдырмайды және күш-қуат бермейді», – дейді. Риуаятта: «Тозақтық адамдарды аштық қинағандықтан сасық «дариғ» тікенін жеуге мәжбүр болады. Оны жеген соң оларды шөл қысады да «хамимді» ішуге мәжбүр болады. Хамимның ыстықтығынан жүздері күйіп, ішектері бөлініп үзіледі», – деп айтылған.
وُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ نَاعِمَةٌ
8. Ол күні кейбір жүздер шаттықта,
Тозақтағы бақытсыздар жағдайы айтылған соң, артынша жаннат иелерінің жайын әңгіме етуде. Қиямет күні имандылардың жүздері қуанышты, көркем және нұрланып тұрады.
لِسَعْيِهَا رَاضِيَةٌ
9. Амалдарына разы,
Дүниеде жасаған ізгі амалдары және Алла Тағала ризашылығы үшін істеген құлшылықтары себепті қуанышты. Һәм жандары тыныштық тапқан. Өйткені, амалдары себепті тақуалардың мәңгілік мекені Фирдаусқа қолдары жетуде.
فِي جَنَّةٍ عَالِيَةٍ
10. Биік бақтарда болады.
Олар тұрған жері де, мәртебесі де биік саналатын жаннат бақшаларында болады.
لَا تَسْمَعُ فِيهَا لَاغِيَةً
11. Олар онда (жаннатта) бос сөз естімейді.
Жаннатта балағат сөз, ұрыс-керіс сөз және бұзақы сөз мүлде естімейсің. Ибн Аббас (р.а.): «Жаннатта зиян тигізетін және жалған сөз естімейсің», – деген.
فِيهَا عَيْنٌ جَارِيَةٌ
12. Ол жерде ағып жатқан бұлақ бар.
Жаннатта сәлсабил суы бұлақтардан тоқтаусыз ағып тұрады.
فِيهَا سُرُرٌ مَرْفُوعَةٌ
13. Онда биік жайлы орындар бар.
Жаннатта биік төсектер бар, олар жақұт пен забаржад тастарымен әшекейленген. Және онда хор қыздары бар. Алла Тағаланың сүйген құлы сол төсекке отырғысы келсе, төсектің өзі төмендеп иіле түседі.
وَأَكْوَابٌ مَوْضُوعَةٌ
14. Және қойылған кеселер.
Бұлақтар жағасына қойылған кеселер бар.
وَنَمَارِقُ مَصْفُوفَةٌ
15. Әрі тізілген жастықтар.
Жастықтар мен төсеніштер сүйеніп демалу үшін тізіліп тұрады.
وَزَرَابِيُّ مَبْثُوثَةٌ
16. Төселген кілемдер.
أَفَلَا يَنْظُرُونَ إِلَى الْإِبِلِ كَيْفَ خُلِقَتْ
17. Олар түйеге қарамай ма, қалай жаратылған?
Уа, адамдар зер салып, түйенің жаратылысына қарамайсыңдар ма? Алла Тағала оны ғажайып етіп жаратқан. Аят Жаратушының құдіретін көрсетеді. Тасһилде: «Бұл аяттар түйенің жаратылысына пікір етуге үндеуде. Түйенің бойында керемет күш бола тұра әлсіз адамның баласына бойұсынады. Шөлге шыдамдылығы, көлік ретінде және жүк тасымалдаушы жануар ретінде пайдасы, еті ас, сүті сусын және т.б.», – дейді.
وَإِلَى السَّمَاءِ كَيْفَ رُفِعَتْ
18. Аспанға қарамай ма, қалай көтерілген?
Ғажайып тіреусіз тұрған аспанға зер салмай ма? Алла Тағала аспан құрылысын қалайша көтеріп қойған. Соншама аспан қабаттары ешбір тіреусіз, демеусіз қалайша тұр?
وَإِلَى الْجِبَالِ كَيْفَ نُصِبَتْ
19. Тауларға қарамай ма? Қалайша қадалған?
Ал, жерге мықтап қазық болып қағылған ешбір қимылдамайтын, жер сілкінсе де қозғалмайтын аспанмен таласқан тауларға неге қарамайды?!
وَإِلَى الْأَرْضِ كَيْفَ سُطِحَتْ
20. Жерге қарамай ма, қайтып төселген?
Өздерің өмір сүретін жерге неге қарамайсыңдар? Жер қалайша жайылып төселген. Оның үстіне егін егіп тіршілік етесіңдер. Әлуси: «Бұл аят жердің домалақ тәрізді екендігін жоққа шығармайды», – дейді. Осы аяттарда: түйе, аспан, тау және жер сияқты жаратылыстарды айтуының өзіндік сыры бар. Құран арабтарға түскен. Сондықтан олардың тұрмыс-салтына сай мысалдар айтылуда. Арабтар шөлде, елден жырақта жападан-жалғыз сапар шегетін. Адам өлкесінен алыстаса ойға берілетіні мәлім. Ең әуелі астындағы көлігі түйеге көзі түседі. Ал жоғары қараса, аспаннан басқа еш нәрсе көрмейді. Оң-солына зер салса тек тауды ғана көреді. Ал, аяғының астында төселіп жер жатыр.
فَذَكِّرْ إِنَّمَا أَنْتَ مُذَكِّرٌ
21. (Мұхаммед) енді еске сал (насихат ет), шын мәнінде, сен еске салушысың (насихат-шысың)
Уа, Мұхаммед! Оларға насихат айтып, қияметті естеріне сал. Олардың жаратылысқа көз салып, пікірлемейтініне еш уайымдама, расында сен тек тура жолды көрсетуші және насихатшысың.
لَسْتَ عَلَيْهِمْ بِمُسَيْطِرٍ
22. Сен оларға (күшпен) үстемдік жасаушы емессің.
Оларды иманға күштеп алып келе алмайсың.
إِلَّا مَنْ تَوَلَّى وَكَفَرَ
23. Ал, енді кім теріс бұрылса және күпірлік етсе (қарсы келсе)
Ал, кімде-кім сенің насихатың мен еске салуыңнан теріс айналып, Алла Тағалаға қарсы шықса.
فَيُعَذِّبُهُ اللَّهُ الْعَذَابَ الْأَكْبَرَ
24. Сонда Алла оны ең зор азаппен қинайды.
Оны Алла Тағала мәңгі зор тозақ азабына салады. Олар бұдан бұрын дүниеде аштық, құрғақшылық, өлім сияқты азапты көргендіктен тозақ азабын «ең зор азап» деп айтуда.
إِنَّ إِلَيْنَا إِيَابَهُمْ
25. Расында олардың қайтар жері – Біздің құзыр.
ثُمَّ إِنَّ عَلَيْنَا حِسَابَهُمْ
26. Сосын сөз жоқ. Олардың есебі – Бізде.
Алайда, өлімнен кейін тек Біздің құзырымызға қайтасыңдар. Және тек Бізге ғана дүниедегі амалдарыңның есеп-қисабын бересіңдер.
Сүреге қатысты жайт:
Халифа Хаттабұлы Омар (р.а.) Шам еліне келгенде, шіркеудің үлкен жастағы қарт қызметкері келеді. Оны көргенде Омар көзіне жас алған екен. Жанындағылар одан: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Неге жыладыңыз, ол жай ғана насара дініндегі біреу емес пе?» – дейді. Халифа Омар (р.а.): «Алла Тағаланың «Қатты қиналып, шаршайды. Жанып тұрған отқа тасталады», – деген аяты есіме түсіп әлігіге жаным ашып жылап тұрмын[1]», – деген екен.