«Тариқ» сүресінің тәпсірі
«Тариқ» сүресі
«Тариқ» сүресінің өзінен бұрынғы сүремен екі жақты байланысы бар. Біріншісі, екі сүре де аспанға серт етумен басталған. Екіншісі, қайта тірілу және Құранды суреттеудегі ұқсастық. «Буруж» сүресінде «Өйткені Ол бастап та жаратып, әрі қайта тірілтеді» десе, бұл сүреде «Сөз жоқ. Алла адамзатты қайта тірілту күшіне ие» деп айтылған.
Бұл сүре басқа да меккелік сүрелердей қайта тірілуге иман және Алла Тағала құзырындағы есеп-қисап жайын әңгіме етеді. Алла Тағаланың адамды жоқтан бар етіп жаратқандығын дәлелдеуде. Әрине, жоқтан жаратқан құдірет Иесі, өлгенді қайта тірілтуге де құдіреті жетеді.
Сүре аспанға және жарқыраған жұлдызға серт етумен бастап, адамның әрбір амалын бақылаушы періште бар екенін баяндайды.
Сосын, Алла Тағала өлген және қурап жоқ болып кеткен тіршілікті қайта жан бітіруге құдіретті екендігін көрсетіп, адамды әуелде топырақтан, екінші рет тамшы судан жаратқанын айтуда.
Бұдан кейін ақыретте барлық құпиялар толық ашылады. Міне, сол күні адам ешбір күш-қуатсыз және жәрдемшісіз иләһи әділет құзырында тұрады.
Сүре соңында, аспан мен жерге серт ете отырып, Құранның растығын және оның ақиқат пен жалғанның арасын ажыратушы кітап екендігін айтып, бұл ақиқатты мойындамаған кәпірлерге қатаң естерту беруде.
Жабир ибн Абдулла (р.а.): «Мұғаз ақшам намазын оқыды. Ол намазда «Бақара» мен «Ниса» сүрелерін оқыды. Сонда пайғамбар (r): «Ей, Мұғаз! Сен бүлік шығарушысың ба? «Уас самаи уат тариқ», «Уаш шамси уа духахә» секілді қысқа сүрелерді оқысаң болмас па еді?»[1], – деді.
بسم الله الرحمن الرحيم
وَالسَّمَاءِ وَالطَّارِقِ
1. Аспанға, Тарыққа (жарық жұлдызға) серт.
Аспан мен жарқыраған жұлдызға серт. Тәпсіршілер: «Жұлдыз «Тарық» деп аталуының себебі ол түнде пайда болып күндіз көзден таса болады», – дейді. Ал арабтарда түнделетіп келушінің барлығын да «Тарық» деп атайды.
وَمَا أَدْرَاكَ مَا الطَّارِقُ
2. Ей, Мұхаммед, Тарықтың не екенін қайдан білерсің?
النَّجْمُ الثَّاقِبُ
3. Ол – (жарығы) тесіп өтуші жұлдыз.
Тарық – жарығымен қара түнек түнді тесіп өтетін жұлдыз. Сауи: «Алла Тағала Құран Кәрімде күн, ай және жұлдыздарды көп айтады. Өйткені, бұл аспан денелерінің көрінісі, қозғалысы, батуы мен шығу жағдайлары ғажайып құбылыс. Бұл олардың Жаратушысы бір екенін аңғартады. Себебі, жасалған бұйым ұстаның барлығына дәлел»[2], – дейді.
إِنْ كُلُّ نَفْسٍ لَمَّا عَلَيْهَا حَافِظٌ
4. Расында, әркімнің үстінде бір бақылаушы бар.
Бұл аят жоғарыдағы серт аяттардың жауабы. Әрбір жанның бір бақылаушы періштесі бар. Ол періште адамның амалын бақылап, жақсы да жаман іс-әрекетін тіркеп отырады. Ибн Касир: «Әрбір жанға Алла құзырынан пәлекет-апаттан қорғайтын періште болады»[3], – дейді.
فَلْيَنْظُرِ الْإِنْسَانُ مِمَّ خُلِقَ
5. Ал енді адам (өзінің) не нәрседен жаратылғанына бір қарасын.
Бұл аятта Алла Тағала адам баласын өзінің жаратылуына зер салып, пікірлеуге әмір етуде. Осылайша қайта тірілуді көрсетуде. Адам өзінің бастапқы жаратылуына оймен зер салсын, оны Алла Тағала не нәрседен жаратты?
خُلِقَ مِنْ مَاءٍ دَافِقٍ
6. Бір тамшы атылып шыққан судан жаратылған.
Адам еркек пен әйелдің бойынан атылып шығатын судан пайда болады. Міне, сол тамшыдан Алланың қалауымен адам жаратылады.
يَخْرُجُ مِنْ بَيْنِ الصُّلْبِ وَالتَّرَائِبِ
7. Бел сүйек пен кеуде сүйегінің арасынан шығады.
Ол су еркектің бел сүйегі мен әйелдің кеуде сүйегі арасынан шығады.
إِنَّهُ عَلَى رَجْعِهِ لَقَادِرٌ
8. Анығында, Алла адамзатты қайта тірілту күшіне ие.
Ақиқатында, адамды бастапқыда жоқтан жаратқан Алла Тағала оны өлгеннен кейін қайта тірілтуге әрине құдіреті жетеді. Ибн Касир: «Алла Тағала адамға оның жаратылысының негізі әлсіз екендігін ескертіп, қайта тірілуді мойындауға шақыруда. Өйткені, жоқтан жаратуға құдіреті жеткен құдірет Иесі жеңіл түрде қайта тірілте алады», – дейді.
يَوْمَ تُبْلَى السَّرَائِرُ
9. Сыр-құпиялар сынға тартылған күні.
Ол – жүректер сыналатын күн. Сол күні адамның сенімі мен ішкі ниеті білінеді. Бұл күні жақсылық пен жамандықтың арасы ажыратылады.
فَمَا لَهُ مِنْ قُوَّةٍ وَلَا نَاصِرٍ
10. Оның (имансыздың) шама-шарқы да, жәрдем берушісі де болмайды.
Міне, сол күні адамның өзінен азапты алыстататындай күш-қуаты болмайды. Сондай-ақ, пана болып көмек беретін ешкім таппайды. Тасһил тәпсірінде: «Бұл пәниде жамандықты адам өз күш-қуатымен немесе басқа біреудің жәрдемімен жеңетіні мәлім. Алла Тағала адамға қиямет күні сол күш-қуатын жоғалтатындығын айтуда»[4], – делінген.
وَالسَّمَاءِ ذَاتِ الرَّجْعِ
11. Қайталаушы (жаңбырлатқан) аспанға серт.
Ибн Аббас (р.а.): «Қайталай жауған жаңбыр болмаса адамдар мен үй жануарлары құрдымға кетер еді»[5], – дейді.
وَالْأَرْضِ ذَاتِ الصَّدْعِ
12. Жаралып өсімдік шығарушы жерге серт.
Ибн Аббас (р.а.): «Бұл – жерді өсімдіктер мен жемістердің жарып шығуы[6]», – дейді. Алла Тағала нөсер жаңбыр жауатын аспанмен және жеміс пен өсімдік шығаратын жермен серт етуде. Аспан барлық жаратылыс үшін – әке тәрізді. Ал, жер – ана. Осы екеуінен адамзат пен жан-жануарлардың тіршілігі үшін қажетті мол нығмет және көптеген жақсылықтар туындайды.
إِنَّهُ لَقَوْلٌ فَصْلٌ
13. Ақиқатында, ол (Құран) – төрелік сөз.
Бұл аят – жоғарыдағы қос серт аяттың жауабы. Расында, бұл Құран ақиқат пен жалғанның арасын ажыратушы. Құран сөзі, үкімі мен мұғжизасында шек жоқ иләһи кітап.
وَمَا هُوَ بِالْهَزْلِ
14. Ол – әзіл емес.
Ол кітапта ешбір бос, жалған һәм орынсыз сөз жоқ. Өйткені, бұл Хаким Алла Тағаланың сөзі. Оны оқушы аяттарынан насихат алуы және нұсқаулықтарынан тура жол табуы тиіс.
إِنَّهُمْ يَكِيدُونَ كَيْدًا
15. Шын мәнінде, олар (имансыздар) айла
жасауда.
Расында бұл мүшріктер, Мекке қаласының кәпірлері, Алла Тағаланың нұрын сөндірмек болып және Мұхаммед (r) пайғамбардың шариғатын көзге ілмей түрлі айла-қулық ойластыруда.
وَأَكِيدُ كَيْدًا
16. Мен де (қулық-сұмдықтарына) шара қолданамын.
Олардың жасаған айла-қулықтарын күтіп, артынан ауыр жаза береді.
فَمَهِّلِ الْكَافِرِينَ أَمْهِلْهُمْ رُوَيْدًا
17. (Мұхаммед,) кәпірлерге мұрсат беріп, оларды аз еркіне қой.
Олардың құрдымға кетуіне асықпа. Аз ғана мұрсат бер. Соңынан не боларын өздері де көреді.