Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Буруж» сүресінің тәпсірі
        «Буруж» сүресінің тәпсірі

        «Буруж» сүресінің тәпсірі

        «Буруж» сүресі

        «Буруж» сүресінің бұрынғы сүрелермен үш жағынан байланысын көруге болады:

        1.  Сүрелердің басталуындағы ұқсастық. Барлығы аспанды тілге тиек етіп басталады. Тіпті, осы төрт сүрені меңзей отырып «аспандар» сүресі деп келген хадис те бар.

        2.  Екі сүре де мұсылмандарға уәде мен кәпірлерге ескертуді және Құран Кәрімнің ұлылығын қамтыған.

        3.  Алдынғы сүреде Алла Тағала мүшріктердің Пайғамбарға (r) және мұсылмандарға түрлі ұру, өлтіру және күн ыстығында азаптау сияқты зәбір көрсетуінің және көре алмау, қастасу, дұшпандық пен айла жасау сияқты залал келтіруіндегі ойларын білетіндігі айтылуда. Ал, бұл сүреде аталмыш әрекеттер бұрын өткен кәпір халықтың әдеті екендігін ескерте отырып, серік қосушыларға ғибрат, ал мұсылмандарға имандары одан сайын күшейе түсуі үшін насихат етілуде.

        Меккелік сүрелердің қатарына жататын «Буружда» иманның ең маңызды тұсы ерекше айтылады. Ол иман мен сенім жолында құрбан болу. Оны сүреде шұңқырға түскендер оқиғасы арқылы көрсетуде.

        Қасиетті сүре жұлдыздардың қозғалу орны аспанмен, қиямет күнімен, өз үмбеттеріне куәлік етуші пайғамбарлармен серт етуде. Мұсылман ер мен әйелдерді ақиқат дінінен қайтару үшін отқа лақтырған қылмыскерлерді жойып жіберуге серт етуде.

        Кейін шектен шыққан бұзық елге тозақ азабын айтып ескертуде, ал мұсылмандарға жаннат уәде етілуде.

        Сүре соңында, Алла Тағала дұшпандарынан есе алуда ұлық әрі құдіретті екендігін көрсетеді. Және шектен шыққан перғауын қиссасынан ғибрат алуға шақырады.

        Артықшылығы:

        Әбу Хұрайра (р.а.): Алла елшісі (r) құптан намазында «зәтил буруж» бен «уәс сәмәи уәт тариқ» сүрелерін оқитын еді[1], – дейді.

        Сүренің түсу себебі:

        Сүре кәпірлерден қорлық көрген пайғамбар мен сахабалардың еңсесін көтеру үшін түсті. Бұл сүреде сөз етілген бұрынғы өткен үмбеттер де меккеліктер сияқты еді. Мәселен, Йемендегі Нажрандағы ор иелері, перғауын мен самуд қауымы сияқты. Олардың барлығы да пайғамбарды мойындамады. Ақыры, Алла Тағала олардан кек алды. Себебі, барлық жаратылыс Алла Тағаланың құдіретті уысында.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        وَالسَّمَاءِ ذَاتِ الْبُرُوجِ

        1.    Жұлдызды аспанға ант,

        Он екі жұлдыздың орны мен жүретін жеріне серт. Олардың ішінде күн де бар.

        وَالْيَوْمِ الْمَوْعُودِ

        2.    Уәделі күнге серт,

        Алла Тағала пенделеріне есеп-қисап алуды уәде еткен күн қияметке серт.

        وَشَاهِدٍ وَمَشْهُودٍ

        3.    Куәлік берушіге, куәлік берілгенге серт.

        Сол күні бір-біріне куә болатын, сондай-ақ, өз амалдары өздеріне куә болатын күн. Бұл пайғамбарлар мен олардың үмбеттерін қамтиды.

        قُتِلَ أَصْحَابُ الْأُخْدُودِ

        4.    Ордың иелері жойылып кетсін!

        Ор қазғандар лағынетке ұшырады. Олар кәпір қауым еді. Йемендегі иман еткен бір топ мұсылмандарды отқа лақтырды. Жазықсыз құрбан болғандар таухид дініндегі Нажран насаралары еді.

        النَّارِ ذَاتِ الْوَقُودِ

        5.    Отынмен жанған отты (ордың).          

        إِذْ هُمْ عَلَيْهَا قُعُودٌ

        6.    Сол уақытта олар оның (ордың) маңында отырған;

        Қатты лаулаған от еді. Ал адамдар қазылған ордың шетінде отырған болатын.

        وَهُمْ عَلَى مَا يَفْعَلُونَ بِالْمُؤْمِنِينَ شُهُودٌ

        7.    Олар мүміндерге не істегендеріне өздері куә болып.

        Алла Тағалаға иман еткендерді отқа лақтырумен азаптап жатқанына куә болды.

        وَمَا نَقَمُوا مِنْهُمْ إِلَّا أَنْ يُؤْمِنُوا بِاللَّهِ الْعَزِيزِ الْحَمِيدِ

        8.    Олардың өшігуінің себебі, мұсылмандардың Азиз (барлығынан үстем), Хамид (ерекше мақтаулы) Аллаға сенуі ғана еді.

        Мұсылмандарға қарадай өшігуінің бір ғана себебі олардың Алла Тағалаға иман еткендері болды.

        الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاللَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ شَهِيدٌ

        9.    Ол аспандар мен жердің иелігі – Өзінікі болған (Алла Тағала). Әрі Алла – әр нәрсенің үстінен Шаһид (куә).

        Ал, көктер мен жердің Иесі әрине жалғыз Өзіне ғана иман етуге лайықты. Алла Тағала кәпірлердің іс-әрекеттерін білуші және бақылаушы әрі жазасын беруші

        إِنَّ الَّذِينَ فَتَنُوا الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ ثُمَّ لَمْ يَتُوبُوا فَلَهُمْ
        عَذَابُ جَهَنَّمَ وَلَهُمْ عَذَابُ الْحَرِيقِ

        10.  Негізінде мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді сынаққа салып (азаптап) кейін жасаған күнәларына (қылмысына) шын жүректен өкінбегендер үшін тозақтың азабы әрі күйдіретін азап бар.

        Негізінде мұсылман ер кісілер мен әйелдерді діннен қайтару үшін азаптап, отқа лақтырғандар, осы сорақы істері үшін тәубе етпегендерге қиямет күні иман етпегені және мұсылмандарды отқа лақтырғандары үшін тозақ оты күтіп тұр.

        إِنَّ الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَهُمْ جَنَّاتٌ تَجْرِي
         مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ ذَلِكَ الْفَوْزُ الْكَبِيرُ

        11.  Негізінде, иман келтірген және ізгі іс істегендерге астарынан өзендер ағатын (пейіштер) бақтар бар. Бұл – мұратқа жетушілік.

        Алла Тағалаға, Оның елшісіне және қиямет күніне иман келтіріп, Алла әмір еткен ізгі амалдарды орындағандарға қиямет күні бақшалары мен бөлмелерінің астына өзендер ағатын жаннаттар әзір. Міне, ол ең үлкен жетістік, ешбір басқа жетістік онымен салыстыруға келмейді.

        إِنَّ بَطْشَ رَبِّكَ لَشَدِيدٌ

        12.  Анығында, Раббыңның қолға алуы – орасан қатты.

        Негізінде, Раббыңның қолға алуы орасан қатты. Мұндағы мақсат Алла Тағала кәпірлерге еселеп жаза беретіндігін ескерту.

        إِنَّهُ هُوَ يُبْدِئُ وَيُعِيدُ

        13.  Расында, Ол бастапқыда жаратып, әрі қайта тірілтеді.

        Расында Алла жоқтан бар етіп бастапқыда жаратады, сосын қиямет күні өлгендерді қайта тірілтеді, әуелгі қалпына қайтарады.

        وَهُوَ الْغَفُورُ الْوَدُودُ

        14.  Ол – Ғафур (тым жарылқаушы), Уәдуд (аса жақсы көруші).

        ذُو الْعَرْشِ الْمَجِيدُ

        15.  Ғаршының иесі, Мәжид (аса мақтаулы).

        Алла Тағала тәубе етушілерге көп кешірім жасаушы, оларды жақсы көруші. Расында Алла аршыны жаратушы, оның Иесі және заты мен сипаттарында ұлық.

        فَعَّالٌ لِمَا يُرِيدُ

        16.  Ол қалағанын бұлжытпай істеуші.

        Алла Тағала көп іс жасаушы, қалаған ісін жасайды. Оның үкімін ешкім және еш нәрсе өзгерте алмайды.

        هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْجُنُودِ

        17.  Мұхаммед, саған әскерлердің хабары келді ме?

        Уа, Алла елшісі! Саған қадірлі елшілермен соғысып, оларды өлтіргендер жайы жетті ме?

        فِرْعَوْنَ وَثَمُودَ

        18.  Перғауын және Сәмүд әскерлерінің?

        Ол елшілермен соғысу үшін қару-жарағын түгел сайлаған әскер перғауынның және Мысырға қарасты елдердің әскерлері еді. Сондай-ақ, Салих   пайғамбардың елі Самуд қабиласы. Аяттың меңзегені: олардың Алла Тағалаға сенбеуі, қасарысуы, ақыр соңында азапқа ұшырауы.

        بَلِ الَّذِينَ كَفَرُوا فِي تَكْذِيبٍ

        19.  Дегенмен, қарсы болғандар (кәпірлер) өтіріксініп мойындамауда.

        Ал, мынау араб кәпірлерінің Алла елшісі мен Құранды өтірік деуі одан да сорақы. Олар өздерінен бұрын өткен имансыздар оқиғасынан ғибрат алып отырған жоқ. Сондықтан, Құрайыш кәпірлерінің жағдайы бұрынғы өткен имансыз қауымдардың күйінен де сорақы еді.

        وَاللَّهُ مِنْ وَرَائِهِمْ مُحِيطٌ

        20.  Алла оларды сырттай орап, қамтушы.         

        Алла Тағала оларға құдіреті жетуші. Барлығы да Алла Тағаланың уысында және иелігінде. Оларды бұрынғы кәпір елдерді азаптағандай азапқа салады

        بَلْ هُوَ قُرْآَنٌ مَجِيدٌ

        21.  Әрине ол – ұлы Құран.

        Расында Ол кітап – ұлық Құран. Кәпірлер ойлағандай өлең, сәуегейлік немесе сиқыр емес.

        فِي لَوْحٍ مَحْفُوظٍ

        22.  Лаухы Махфұзда сақтаулы.      

        Құран – аспандағы Лаухы Махфұзда. Ол артық бір нәрсе жазылудан немесе кемітуден сақталған және бұрмалау мен өзгертуден қорғалған кітап.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ



        [1]    Ахмед