«Иншиқақ» сүресінің тәпсірі
«Иншиқақ» сүресі
«Иншиқақ» – Меккеде түскен сүре. «Иншиқақта» меккелік сүрелерде айтылатын иманшарт жайы әңгіме болған. Сүре ақыреттегі кейбір көріністерді суреттеп басталады. Қиямет күнгі ғаламның төңкерісін бейнелейді. Сосын адамның ризық-несібе жолындағы шаршап-шалдығуы, ақыретке өзі үшін әзірлейтін жақсылық немесе жамандық жайы қозғалған.
Сонымен бірге, мүшріктердің Құранға деген көзқарастары айтылады. Серт жасалып, олардың басына келетін қорқыныш пен қиындықтарды айтады. Адамға мал-дүние мен бала-шағаның ешбір пайдасы тимейтін ауыр күндегі жағдайлары сөз етіледі.
Сүре соңы, Алла Тағаланың құдіретін көрсететін айқын дәлелдерді көре тұра Жаратушыға иман етпеген мүшріктерді жазғырумен аяқталады. Олар үшін тозақта жан түршігерлік азап бары айтылады.
Иншиқақ және алдыңғы үш сүрелердің барлығында қиямет күнінің жағдайы баяндалады. Бұл сүрелерде қиямет тәртіппен суреттелген. Қияметте орын алатын көп оқиға «Тәкуир» сүресінде, «Инфитар» сүресіндегі оқиғалар қиямет күнінің басында, ал «Мутаффифин» сүресінде бұзғын бақытсыздар мен бақытты тақуалар жағдайы баяндалған. Ал, «Иншиқақ» сүресінде қиямет күнінің басы, ондағы қорқынышты көріністер, артынша болатын оң жақта тұрғандарға жеңіл есеп, ал солшылдарға ауыр есеп берілетіндігі айтылады. Алдыңғы сүреде амал кітаптардың тұрағы айтылса, бұл сүреде қиямет күні сол амал кітабы қалай берілетіндігі баяндалады.
Иншиқақтың діңгегі басқа да меккелік сүрелер сияқты иманшарт төңірегінде. Бұған қоса, қияметтегі құбылыстар айтылады. Сүреде қиямет орнаған күні болатын ғаламдағы қорқынышты ғаламат өзгерістер. Соңынан, қиямет күні дүниедегі әрбір амалына есеп беруге жиналған халайықтың жағдайы көрсетіледі. Адамдар екі топқа: оңшылдар мен солшылдар болып бөлінеді.
Алла Тағала шапақ уақыты, түн мен толған айға серт етіп, серік қосушылардың қияметте тап болатын ауыр жағдайын баяндайды.
Серік қосушылар, кәпірлер, Құдай жоқ деушілер және сол сияқтыларды Алла Тағалаға иман етпегендіктен жазғырып, оларға ауыр азап барын ескертуде. Және де иман мен ізгі амалдың басын біріктіріп ұстаған мұсылмандардың құтылатындығын да айтуда. Оларға ешбір үзілмейтін мол сауап беріледі.
Сүренің түйінінде екі маңызды жайт қамтылған: адамзаттың қияметте өз амалдарының қорытындысын алуы және оның барар жері шектеулі. Ол жаннатқа немесе азапты тозаққа ғана барады.
Артықшылығы:
Әбу Хұрайра (р.а.) көпшілікке «Аспан жарылған сәттені» оқып, тиләуат сәждесін жасады. Болған соң Алла елшісі (r) осы сүрені оқығанда, сәжде жасағанын түсіндірді[1].
Әбу Рафиғ: «Мен Әбу Хұрайрамен құптан намазын оқыдым, ол «Аспан жарылған сәттені» оқыды да сәжде жасады. Себебін сұрағанымда: «Әбу Қасымның (r) артында тұрып сәжде жасағанмын. Мен ол кісімен (пайғамбармен (r) жолыққанға дейін сәжде жасай беремін[2]», – деп жауап қайырды.
بسم الله الرحمن الرحيم
إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ
1. Аспан жарылған сәтте,
وَأَذِنَتْ لِرَبِّهَا وَحُقَّتْ
2. Раббысына бойұсынып әрі міндетті болып,
Аспанның жарылуы қиямет белгілерінің бірі. Жарылған бойда Раббысына лайықты түрде бойұсынады. Осылай болуы да керек. Өйткені, Ол Ұлық ешкім және еш нәрсе оған тосқауыл бола алмайтын үстемдік Иесі. Барлық жаратылыс Оның алдында тізе бүгіп, бойұсынады.
وَإِذَا الْأَرْضُ مُدَّتْ
3. Және жер созылған сәтте,
وَأَلْقَتْ مَا فِيهَا وَتَخَلَّتْ
4. (Жер) ішіндегісін шығарып, босаған сәтте,
Таулар мен жоталар тегістеліп, жер созылып һәм жайылып бос теп-теңіс жазыққа айналады. Жер қойнауындағы өліктер мен қазыналар тысқа шығарылады да жер асты толығымен босатылады.
وَأَذِنَتْ لِرَبِّهَا وَحُقَّتْ
5. Раббысына бойұсынып, әрі міндетті болып,
Жер Раббысына құлақ салып, әмірлеріне бойұсынады. Өйткені, жер де басқа жаратылыстар сияқты иләһи құдірет уысында.
يَا أَيُّهَا الْإِنْسَانُ إِنَّكَ كَادِحٌ إِلَى رَبِّكَ كَدْحًا فَمُلَاقِيهِ
6. Әй, адамзат! Негізінде сен Раббыңа іс-әрекетіңмен ұмтылып барудасың, және де Оған жолығасың.
Әй, адамзат! Сен бұл жалғанда әрекет етіп еңбек етесің, амалыңның нәтижесін Раббыңның құзырында көресің немесе өліммен бетпе-бет келгенде білесің. Жабир ибн Абдулла (р.а.): «Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед! Қалағаныңша өмір сүр, әлбетте сен өлесің. Қалағаныңды жақсы көр, әлбетте онымен қош айтысасың. Қалаған ісіңді жаса, әлбетте онымен жолығасың[3]», – деген риуаят жеткізген.
فَأَمَّا مَنْ أُوتِيَ كِتَابَهُ بِيَمِينِهِ
7. Ал енді кімнің дәптері оңынан берілсе;
فَسَوْفَ يُحَاسَبُ حِسَابًا يَسِيرًا
8. Ол дереу жеңіл есеппен есептеледі.
وَيَنْقَلِبُ إِلَى أَهْلِهِ مَسْرُورًا
9. (Жаннаттағы) отбасына қуанышты күйде қайтады.
Қияметте адамдар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – мұсылмандар. Амал кітаптары оң жағынан беріледі. Олардың есебі жеңіл әрі оңай болмақ. Ал, күнә және қате амалдары өздеріне көрсетіліп, сосын күнәларын Алла Тағала кешіреді. Ешбір таласқа салмайды. Міне, осы жеңіл есеп болып табылады. Амал кітабы оң жағынан беріліп, есебі жеңіл соққан мұсылман жаннаттағы отбасына қуанышты күйде оралады.
وَأَمَّا مَنْ أُوتِيَ كِتَابَهُ وَرَاءَ ظَهْرِهِ
10. Ал және кімнің дәптері арт жағынан берілсе;
فَسَوْفَ يَدْعُو ثُبُورًا
11. Сол кезде ол өлім шақырады.
وَيَصْلَى سَعِيرًا
12. Қайнаған тозаққа түседі.
Екінші топ – кәпірлер. Амал кітабы арқа тұсынан, сол жақтан беріледі. Қолы арқасын тесіп шығып кітабын алады. Ал, оң қолы мойнына оралып тұрады. Амал кітабын оқыса: «Құрдымға кеттің» деген үн келеді. Осылайша ол тозаққа тасталады да, жалындаған оттың қатты ыстығына азапталады.
إِنَّهُ كَانَ فِي أَهْلِهِ مَسْرُورًا
13. Өйткені ол (пәни дүниеде) өз үйінде мәз-мейрам еді.
Бұл бейбақ пәни дүниеде істеген амалының салдарын ойлап ешбір уайымдамайтын, мәз-мейрам еді. Алдында не күтіп тұрғанынан ешбір қорықпайтын, нәпсісіне еріп, құмарлық пен рақат соңынан жүретін. Енді сол аз қуанышының артынан үлкен қасірет келді.
إِنَّهُ ظَنَّ أَنْ لَنْ يَحُورَ
14. Негізінде ол (Аллаға) еш уақытта қайтпаймын деп ойлады.
Пәнидің алдамшы шаттығына бойлап кетудің бірден бір себебі – ол Жаратушының құзырына баратынын, есеп-қисап үшін қайта тірілетінін және өлімнен кейін тірілу барын еш ойламайтын.
بَلَى إِنَّ رَبَّهُ كَانَ بِهِ بَصِيرًا
15. Жоқ, олай емес. Расында Раббысы оны көруші.
Әлбетте, адамзат Алла Тағала құзырына қайтады. Жаратушының жанында жақсы да жаман амалы үшін есеп береді. Себебі, Жаратушы адам баласының әрбір амалын білуші және хабардар. Ешбір нәрсе Оның назарынан таса қалмайды. Бұл аят құлшылық парыз болған мына пәниден бөлек, жасалған амалдардың қарымы берілетін дүние болуын талап ететіндігіне айғақ. Бұл шексіз даналық, құдірет пен иләһи ілімнің қалауы.
فَلَا أُقْسِمُ بِالشَّفَقِ
16. Жоқ, шапақ уақытына серт
وَاللَّيْلِ وَمَا وَسَقَ
17. Түнге әрі ол ішіне қамтыған нәрсеге серт,
وَالْقَمَرِ إِذَا اتَّسَقَ
18. Және толған кездегі аймен серт.
Алла Тағала үш құбылыспен: күн батқаннан кейінгі қызыл шапақпен, тас қараңғы түнмен және толғай аймен серт етуде. Серт етілген құбылыстар жаратылысы мен болмысы ғажайып екендігін аңғартады. Демек, бұл серттен кейін айтылатын сөздер ерекше маңызды.
لَتَرْكَبُنَّ طَبَقًا عَنْ طَبَقٍ
19. Әлбетте сендер бір жағдайдан тағы бір жағдайға өтесіңдер.
Сендер бірінен-бірі ауыр түсетін жағдайды бастан өткересіңдер. Ол өлімнен кейін қияметтің қорқынышты жағдайлары. Ең соңында мәңгілікке барып тоқтайды. Ал, мәңгілік – жаннат немесе тозақ.
فَمَا لَهُمْ لَا يُؤْمِنُونَ
20. Оларға иманға келмейтіндей не
көрінді?
Сендерге қайта тірілу, қиямет күні, Мұхаммедтің (r) пайғамбарлығы және Құранда айтылған сөздерге иман етуге не нәрсе кедергі? Әлемде Алла Тағаланың құдіретін көрсететін бұлтартпас айғақтар және пайғамбарлықтың һәм Құранның иләһи сөз екендігін көрсететін мұғжизалар бола тұра неге сенбейсіңдер?
وَإِذَا قُرِئَ عَلَيْهِمُ الْقُرْآَنُ لَا يَسْجُدُونَ
21. Және оларға Құран оқылған кезде, сәжде етпейтіндей?!
Алла Тағала құзырынан түскен ғажайып Құранды естігенде құлдық ұрып сәжде етпеулеріңнің себебі неде? Шешен тілді болған араб халқы Құран Кәрімнің мұғжиза екендігін білген соң сәжде етіп, аяттарға құрмет білдіріп, ұлық тұтулары керек еді. Әбу Ханифа осы аятты сәжде етудің уәжіптігіне дәлел еткен. Өйткені, бұл аятты ести тұра сәжде етпеу қорлық болып табылады.
بَلِ الَّذِينَ كَفَرُوا يُكَذِّبُونَ
22. Әрине, кәпірлер (ақиқатты) өтіріксінеді.
Кәпірлер Алла Тағаланың бірлігін, қайта тірілу, сауап пен жазаны қамтыған иләһи кітапты мойындамауы Алла елшісіне (r) деген көреалмаушылықтан немесе дүниелік пайда мен басшылықты жоғалту қаупінен туындаған. Немесе ата-бабаларына соқыр ілесуден туған қырсықтықтан болуы мүмкін.
وَاللَّهُ أَعْلَمُ بِمَا يُوعُونَ
23. Алла олардың бүкпелеген нәрселерін жақсы біледі.
Анығында, Алла Тағала олардың күпірлік немесе серік қосуда табан тіреп тұрып алуларының себебінен хабардар.
فَبَشِّرْهُمْ بِعَذَابٍ أَلِيمٍ
24. Мұхаммед, сол себепті оларды күйзелтетін азаппен сүйіншіле.
Ақиқатты мойындамағаны үшін оларды ауыр азап күтіп тұрғанын пайғамбарға «сүйіншілеуді» әмір етуде. Әсілі, «сүйіншілеу» қуанышты хабарға байланысты. Бұл жерде кәпірлерді қорлау үшін осы сөз қолданылған.
إِلَّا الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَهُمْ أَجْرٌ غَيْرُ مَمْنُونٍ
25. Бірақ иман келтіріп, түзу амал істеушілерге таусылмайтын сыйлық бар.
Ал, Алла Тағалаға, Оның елшісіне, ақырет күніне иман еткен және Құран Кәрімге бас иген, Құран үкімдеріне амал еткен, ізгілікте табандылық танытқан мұсылмандарға ақыретте ешбір кемітпестен толайым жақсылық беріледі.