Еркектік пен әйелдіктің ара-жігі туралы
Еркектік пен әйелдіктің ара-жігі туралы
Таңқаларлық жайт, ер мен әйелдің табиғи ара-жігі, бір-бірінен айырмашылықтары туралы сөз бола қалған жағдайда, бәзбіреулер оны ер үшін кемелділік, ал әйел үшін кемшілік деп көрсеткісі келеді. Ондай әнтек пікірдің ақыры хұқықтардың ерге толық, ал әйелге кем берілуіне апарып соқтырады. Одан да таңқаларлық жайт, ер мен әйелдің тәни, ақыли ерекшеліктері туралы әңгіме болғанда кейбіреулердің оларды әйелде кем, ал ерлерде кемел деп түсіндіруге тырысуы. Ондайлардың айтуынша әйелдің жаратылысы әлдебір даналық үшін нақыс жаратылған-мыс. Әйелдің нақыстығы туралы дақпырт Шығыс халықтарынан бұрын Батыс елдерінде мәшһүр болған. Сондықтан да батыстықтар әйелді кемдікте айыптап, оны жарымжан, кемтар деп көрген. Батыс шіркеуінің өзі халық арасында мынадай қауесеттер таратқан. «Әйел баласы өзінің әйел болғаны үшін қысылып-қымтырылуы тиіс». «Әйел – шашы ұзын, ақылы қысқа болмыс». «Әйел – ер адам асырап, қолға үйреткен ең ақырғы жануар». «Әйел – жануар мен адам арасындағы өтпелі мақұлық-жаратылыс».
Арты үлкен қателіктерге апарып соқтырған үкімдер шығарған сол надандар мәселенің негізі кемістік пен кемелдік емес екендігінен мүлде мақұрым болатын. Расында Жаратушы Хақ Тағала ер мен әйел арасындағы түрлі ерекшеліктерді жаратқанда олардың біреуін біреуінен артық етіп, ал біреуін кем етуді, сол арқылы біреуінің хұқығын арттырып, біреуінікін кемітуді мүлде қалаған емес-ті.
Әйел кемістік пен кемелділік арасында
Осы бір жаланың түрі әйел хұқықтарын ту етіп көтеріп, күні-түні бір тынбай жүрген «батыстық жаңашылдықтың» жалдаптарының ең басты ұрандарының бірі. Олар өз әңгімелерінде Исламды қаралаудан шаршамайтын шығыстанушылардың шатпақтарын тұздық етіп алады. Осы жаланы жабу арқылы олар мұсылмандар арасына жік салып, діни ұстанымдар туралы екіұдай пікірде қалдырғысы келеді.
Бұдан бұрын айтылған әңгімемізде Ислам дінінің әйел затының хұқықтарының толық қамтамасыз етілуін өз қамқорлығына алып, әйелдерге бұрын-соңды болмаған мәртебе бергендігін айтқанбыз. Алайда Ислам дінін қаралап, ақиқатты перделеуді мақсат еткендер қандай да бір жолдарды тауып алуға тырысып бағатыны анық. Олардың біреулері имам Бұхари риуаят еткен Пайғамбардың (с.а.с.) мына хадисін жапқан жалаларына желеу, көңілдеріне медеу қылғысы келеді. Хадистің жайы мынадай. Бірде Пайғамбар (с.а.с.) әйелдерді жинап, оларға дін мәселелерін түсіндіріп жатқан кезінде: «Есті ерді ақыл-есінен адастыратын сендердің біреулерің сияқты ақылы мен діні кемдерді көрмедім», – дейді.
Бұл хадистің бір айт күнінде әйелдермен болған ашық сұхбатта жалпақ тілмен айтылған күнделікті жай әңгіме екендігіне қарамастан пейілі бұзық, ниеті теріс дұшпандар әйелді кемсіту, ақылы жағынан кем деп санау деп ерін бауырына алып тулап шыға келді. Дұшпандар қандай да бір нәрсені Алланың дініне қарсы шатақ шығарудың жолы деп біледі. Хадистің мағынасы әйелдің ер адамға тигізетін әсер-ықпалы, ерлердің өздерінің қолынан келмейтін керемет айлаға иелігі туралы екендігі қарамастан бағзы біреулер оның мағынасын бұрмалап, өздерінің арам пиғылдарына шоқпар етіп қолданғылары келеді. Бажайлап қараған жанға хадистегі әйелдердің ақыл, дін жағынан кемдігі ерлерге тигізетін керемет әсерлері туралы мағынаға баспалдақ ретінде айтылғандай.
Демек, хадистің басты мағынасы әйелдердің кемдігі, ақылсыздығы туралы емес, керісінше олардың ерлерге тигізе алатын ықпалы жайында болып тұр һәм сол мағынаға басымдылық берілген». (Рамазан әл-Бутидің «әл-Мара» – «Әйел» кітабынан алынған).
Хадисте айтылған «әйелдің ақыли кемдігінің» түпкілікті мағынасы туралы толыққанды түсінік алдық деп ойлаймыз. Ал енді осында айтылған екінші сөз «әйелдің діни кемдігінің» мәні неде? Келесі әңгіме сол туралы болмақ.
Шариғатта әйелдің діни жауапкершіліктері асылында ердікімен бірдей екендігі белгілі. Алайда кейбір себептерге байланысты әйелдер парыздарды кем орындайды. Бірақ ол әйелдің сауабының ердің сауабынан кем болуына түсуіне еш әсер етпейді. Әйелдің алатын сауабы ердікімен тепе-тең болады. Расында шариғат жүктеген амалдардың кем түсуі әйелдің, яғни жүктелгеннің жауапкершілігі емес, Жүктеуші Жаратқан Иеге тиесілі іс. Ендеше хадисте айтылған діни кемдік екі мағынаның біреуін білдіреді.
Бірінші мағына: жүктелінген жауапкершіліктердің түп негізде емес, салыстырмалы түрде кем болуы. Алайда әйел оған, яғни етеккір кезінде ораза тұтпауына, намаз оқымауына кінәлі де, жауапкер де емес. Сол үшін де ол уақыттағы намаздарды оқуға да міндетті емес. Алла Тағала ондай уақыттарда Құран оқуды да әйелдің мойнынан түсірген. Солай бола тұра әйелдің сол уақыттағы сауабы бір де кемітілмейді. Демек, мұндағы діни кемдікті діни жақтан жүктелінген жүктеме-парыздардың салыстырмалы түрде, сырттай қарағанда кем түсуі деп ұғыну керек.
Аталған мерзімде әйелден шариғат тарапынан орындалуы талап етілген жауапкершілік, міндеттер ердікінен аз көрінгенімен қол жеткізетін сауабы ердікінен бір де кем түспейді екен. Ендеше мұны әйел үшін кемдік деп түсінген дұрыс па әлде артықшылық деген орындырақ бола ма? Әрине, соңғысы лайықты. Сырт қарағанға мұсылман әйел белгілі бір уақытта парыздарды орындаудан демалыс алғандай болады. Сонысына қарамастан осы уақытта сол парыздарды үзбей орындап жүрген ермен бірдей сауапқа ие болады.
Екінші мағына: жүктелген жауапкершіліктердің Жаратушының жарылқауымен кемітілуі. Асылында Жаратушы Хақ Тағаланың Өзі әйелден кейбір уақыттарда кей діни жауапкершіліктерді кемітті де, соған қарамастан оның сауабын еш кемітпеді. Өйткені бұл іске себеп болған әйелдің жалқаулығы не әлсіздігі себеп болған жоқ. Бұл тұрғыда ол үшін ешбір таңдау да жоқ. Расында парыздардың кемітілуі жүктемені жүктеуші Жаратқан Иенің мейірімімен болған еді. Шындығында осы іске әйелдің разылық танытып, толық мойынсұнуы кемістік емес, керісінше, діни кемелділік болып табылады. Себебі бұл әйелдің жаратылыстық қасиеттерін, табиғи ерекшеліктерін ескеру, оның бойында болатын психологиялық, физиологиялық әсерлерді назарда ұстау болып табылады.
Мұнда айта кететін үшінші бір нәрсе бар. Ол шариғат бойынша жүктелінетін жүктеме міндеттердің өзінде жатыр. Олардың жүктелінуіндегі басты талап етілетін нәрсе – әлемдердің Иесі, Әміршісінің әміріне бағыну, Жаратушының жарлығын мүлтіксіз орындау. Ал мойынсұнудың бұйрықты орындау арқылы да һәм тыйымдардан тыйылу арқылы да болатындығы белгілі. Ендеше әйел баласы белгілі бір мерзімде шариғат парыздарын орындамауға бұйырылған болса, Алланың әміріне бас иіп, сол тыйымды мүлтіксіз орындағаны үшін оның тиісті сауап алуы да заңды нәрсе. Олай болатын болса, әйел баласының сондай күндері парыздарды орындаудан тыйылуы басқалардың сол парыздарды орындап жатқанымен тең. Олар да, бұл да өздеріне жүктелінген міндеттерін атқарып жатыр. Екі жақ та Жаратушының рахымын, разылығын іздейді. Демек, Алланың елшісінің (с.а.с.) өз сөзіндегі кемдік мағынасы шынайы діни кемдікті білдірмейді, өйткені әйел белгілі бір мерзімде діни міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі де, жауапкер де емес.
Әйелдің сауабының кемітілуі туралы шүбәден арылу үшін және шарғи үзірі келген әйелдің қысылып-қымтырылып өзін кінәлі сезінбесі үшін керісінше жайтты ойлап көрейік. Яғни, етеккірі немесе нифас қаны келген әйелдің сауабы сол уақытта парыздарын толық орындап жүрген ер адамның сауабынан кем болады деп есептеп көрейік. Алайда Құран Кәрім аяттары мен шарапатты хадистер мұндай долбарды түбірімен теріске шығарады. Оларда ізгі амалдың сауабының өлшемі ниет екендігі және ол сауапты қос жыныс өкілдері тең дәрежеде алатындығы айқын түрде айтылған. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында амалдар ниетке байланысты, әр адамға ниетіне қарай сауап жазылады», – деген. Сондай-ақ басқа хадисінде: «Шындығында Алла сендердің бейнелеріңе де, амалдарыңа да қарамайды, алайда жүректеріңе қарайды», – деген.
Алла Тағала былай дейді:
﴿فَاسْتَجَابَ لَهُمْ رَبُّهُمْ أَنِّي لاَ أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِّنكُم مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى بَعْضُكُم مِّن بَعْضٍ فَالَّذِينَ هَاجَرُواْ وَأُخْرِجُواْ مِن دِيَارِهِمْ وَأُوذُواْ فِي سَبِيلِي وَقَاتَلُواْ وَقُتِلُواْ لأُكَفِّرَنَّ عَنْهُمْ سَيِّئَاتِهِمْ وَلأُدْخِلَنَّهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ ثَوَاباً مِّن عِندِ اللّهِ وَاللّهُ عِندَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ﴾
«Раббылары оларға: «Мен сендердің ешқайсыларыңның, ол ер не әйел болсын, амалын жоймаймын. Бірің біріңнен шыққансыңдар. Ал Менің жолымда қоныс аударып, үйлерінен шығарылғандар, жәбір көргендер, соғысқандар және өлтірілгендердің, жамандықтарын кетіріп, астарынан өзендер ағатын жұмақ бақтарына кіргіземін. Алланың дәргейінен бір сый осындай. Ең көркем сый Алланың дәргейінде» (Әли Имран, 195);
﴿وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتَ مِن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُوْلَـئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلاَ يُظْلَمُونَ نَقِيراً﴾
«Ерлер мен әйелдерден кімде-кім мүмін болып ізгі амалдар жасаса, міне, солар жұмаққа кіргізіледі де, ешқандай қиянат көрмейді» (Ниса, 124);
﴿مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزَى إِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحاً مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُوْلَئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فِيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ﴾
«Қандай да бір жамандық қылған жан соған лайық қана жазасын тартады. Ал ерлер мен әйелдерден кімде-кім мүмін болып ізгі амалдар жасаса, міне, солар жұмаққа кіргізіледі де, сонда есепсіз түрде ризық алады» (Ғафыр, 40).
Осындай дәлелдер келтірілгеннен кейін біреу Исламда әйел кемсітілген, сауабы азайтылған, хұқығы шектелген деп айта ала ма? Керісінше, осы айтылған әңгімеден әйелдердің мәртебесінің биіктігі, дәрежелерінің ақсақтығы анықталып тұр емес пе?!