Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Қабірді зиярат
        3. Адам дүниеден өткен соң қандай амалдар артынан барады?
        Адам дүниеден өткен соң қандай амалдар артынан барады?

        Адам дүниеден өткен соң қандай амалдар артынан барады?

        С: Адам дүниеден өткен соң қандай амалдар артынан барады?

        Ж: Мұсылмандық таным бойынша марқұмға тірі туыстары берген садақалардың сауабы да тиеді. Бұхаридің Сахихында Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген. «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (с.а.с.) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.) «Иә», – деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».

        Осы тақырыпта Мүслімнің Сахихында да Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілді. «Бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Атам қайтыс болды. Артында мал-дүниесі қалды. Алайда малы туралы ешқандай өсиет қалдырмады. Енді мен ол кісінің атынан садақа берсем, сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): «Ия», – деп жауап берді».

        1. Марқұмның атынан қажылық жасау. Бұхаридің Сахихында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген: «Жуһәйна тайпасынан бір әйел Пайғамбарға (с.а.с.) келіп былай деді: «Анам қажылық парызын өтеуді серт еткен еді. Бірақ оны өтей алмай қайтыс болды. Енді оның орнына мен өтесем болады ма?» – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Оның орнына қажылығын өте. Егер анаңның мойнында қарызы болған болса, сол қарызды өтер ме едің? Алланың қарызын өтеңдер. Алланың қарызын өтеу басқаның қарызын өтеуден артық», – деді.

        Бұл хадиске түсінігінде адамның бірінші өзі үшін қажылық парызын өтеп, сосын басқаның атынан өтегені дұрыс делінеді. Оған төмендегі хадис дәлел болады. Алланың елшісі (с.а.с.) өзінің атынан қажылық парызын орындамай тұрып басқа адамның атынан орындаған кісіге былай деді: «Әуелі өзің үшін, сосын Шибрима үшін қажылық қыл», – деді. Шибрима – ол адамның әкесінің аты еді.

        2. Марқұмның қарызын өтеу де оған пайда береді. Өйткені аталған қарыз марқұмның мойнынан түсіп, ол жеңілдеп қалады. Бұған Әбу Қатададан (р.а.) жеткен хадис дәлел. «Бір кісі өлген кісінің екі динар мөлшеріндегі қарызын өтеуді өз мойынына алды. Ол кісі марқұмның қарызын төлеген сәтте Пайғамбар (с.а.с.): «Міне, оның (марқұмның) терісіне енді ғана суық жүгірді», – деді. Яғни, қарызының төленуімен оның қабірдегі жағдайы жақсарды.

        3. Тірілердің өлген кісіге тарту еткен сауаптары да тиеді. Яғни бір кісі жақсы іс істеп, оның сауабын бір марқұмға бағыштаса сауабы тиеді. Негізі ізгі амалдың сауабы оны істеген адамға тиесілі, атына жазылады. Өзіне тиесілі мал-мүлкінен марқұмның атынан садақа бергені секілді, егер жақсылығының сауабын да марқұм болған кісіге арнаса, иншалла, қабыл болады. Мұнысымен ізгі ісінің сауабынан өзі де құр қалмайды.

        4. Алла разылығы үшін оқылған Құранның сауабы да тиеді. Бұл марқұмның атынан істелінген ізгі іс пен қажылыққа ұқсас. Ізгі амалдың сауабы оны істеушіге тиесілі болғандықтан, ол сауапты қалағанына сыйлай алады. Сөйтіп, Алла Тағаланың қалауымен оқылған аяттардың сауабы мәйітке жетеді. Пайғамбар (с.а.с.): «Кім қабірстанға кірсе және Ясин сүресін оқыса, Алла Тағала өліктердің азабын тоқтатады, ал оқыған кісі болса өліктердің санына қарай жақсылық-сауаптарға ие болады», – деген. Ахмет ибн Ханбал былай деген: «Қорымға кірсеңдер Фатиха сүресін және Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштаңдар. Әлбетте, оларға сауабы тиеді». Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдулладан жеткен риуаятта Омар (р.а.) зират басында Бақара сүресін оқуға бұйырған. Дүниеден өткен кісіге бағышталынған Алла үшін жасалған ізгі істердің, садақалардың сауабы жететіндігі секілді Құран оқып, сауабын бағыштаудың, дұға жасаудың, жарылқау тілеудің де сауаптары тиеді. Мұндай істердің түп негізі – Алла жолында жасалынған садақа. Садақа дегенде тек қана материалды нәрселер ғана назарға алынбайды. Пайғамбар (с.а.с.) сапарда намазды қысқартып оқу туралы сұрағандарға: «Қысқартылған намаз – Алланың сендерге берген садақасы. Оның садақасын қабыл алыңдар», – деген-ді. Ал төменде келтірілген келесі бір хадисінде садақаның басқа да түрлері барын анықтап айтқан.

        Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға (с.а.с.) сахабаларының бір тобы келіп: «Уа, Расулалла! Байлық иелері көп сауапты алып кетті: олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза тұтады, сосын мал-мүліктерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Алла сендерге садақа шығаратын нәрселер жасамап па еді? Шындығында әрбір тәсбих («Субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тәхмид («Әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («Лә иләһә иллаллаһ» деп айту) – садақа, жақсы іске үндеу – садақа, жаман істен тыю – садақа, тіпті, біреулеріңнің мүшесінде де садақа бар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда біздің біреуіміз (әйелімен қосылып,) құмарын қандырса, соған да сауап бар ма?» – сұрады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Көрмейсіңдер ме, егер онысын харамға салса, сол үшін оған күнә болмай ма? Соған керісінше егер ол онысын халалға салса (яғни, некемен қосылса) оған сауап болады», – деді. Мүслім риуаяты.

        5. Дұға және жарылқау тілеу. Марқұмға дұғаның сауабы тиеді. Бұдан бұрынғы хадисте айтылғандай Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына Алла Тағаладан жаңа жерленген мұсылман бауырына жарылқау тілеуін бұйырған.