БАЛАҒА АТ ҚОЮ КІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ
Балаға ат қою – әкенің құқығы. Шариғат бойынша, шешеге қарағанда бұл құқыққа әке лайықтырақ. Себебі, балаға тікелей жауапты адам – әкесі. Бала әкеге тиесілі болып табылады. Бұл жөнінде Құранда былай айтылады:
وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ
Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті[1].
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сөзінде:
مِنْ حَقِّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ ثَلَاثَةُ أَشْيَاءَ: أَنْ يُحْسِنَ اسْمَهُ إِذَا وُلِدَ، وَيُعَلِّمَهُ الْكِتَابَ إِذَا عَقَلَ، وَيُزَوِّجَهُ إِذَا أَدْرَكَ
«Баланың әкесіндегі ақысы үшеу: дүниеге келгенде әдемі есім қою, ақылы кіргенде Кітапті (дінді) үйрету және ер жеткенде үйлендіру» [2], - дейді.
Дегенмен, бір отбасы болғандықтан өзара ақылдасып, бірауыздан келісіп,
балаға әдемі ат таңдаған жақсы болады. Алла Тағала өзінің кітабында мүміндердің
сипатын былай баяндайды:
وَأَمْرُهُمْ شُورَى بَيْنَهُمْ
«Олар барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді»[3].
Қазақ дәстүрінде балаға ат қою көбінесе ата-әжеге табысталады. Себебі, қазақтың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», - деген мақалы бекер айтылмаған.
Немере туғанда әке сый-құрмет ретінде ат қою ақысын өз әкесіне табыстайды. Өйткені, әке баланың өмірге келуінің себепшісі.