Үйленуге бұйырып нұсқайтын қандай аяттар бар?
Сұрақ: Үйленуге бұйырып нұсқайтын қандай аяттар бар?
Жауап: Үйленуге үндейтін иләһи нұсқаулар
Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырған:
﴿فَانْكِحُواْ مَا طَابَ لَكُم مِّنَ النِّسَاء مَثْنَى وَثُلاَثَ وَرُبَاعَ فَإِنْ خِفْتُمْ أَلاَّ تَعْدِلُواْ فَوَاحِدَةً أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ذَلِكَ أَدْنَى أَلاَّ تَعُولُواْ﴾
«Өздеріңе жақсы көрінген әйелдерден екеуіне, үшеуіне, төртеуіне үйленіңдер. Ал, егер әділдік жасай алмаудан қорықсаңдар, біреуін немесе қол астыларыңдағы күңдеріңді алыңдар. Міне, сол әділетсіздік қылмауларыңа ең жақын» (Ниса, 3).
﴿وَأَنْكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ﴾
«Іштеріңдегі бойдақтарды, сондай-ақ, қолдарыңдағы құлдар мен күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла аса кеңшілік иесі, толық білуші» (Нұр, 32)
﴿وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ ﴾
«Іштей жан тыныштыққа бөленулерің үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңда мейрімділік пен сүйіспеншілік тудыруы Алланың белгілерінен. Мұнда ақыл иелері үшін ғибрат бар» (Рум, 21).
Бақара сүресінде мынадай аят бар:
﴿فَالآنَ بَاشِرُوهُنَّ وَابْتَغُواْ مَاكَتَبَ اللّهُ لَكُمْ ﴾
«Енді оларға жақындасып, Алланың сендерге жазғанына талпыныңдар» (Бақара, 187).
Мүжаһид, әл-Хакам, Икрима, Хасан әл-Басри, Даххак сынды алғашқы толқындағы мұсылман ғалымдары Пайғамбардың (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Аббастың (р.а.) сөзіне сілтеме жасап, бұл аяттағы «Алланың жазғанын» «бала» деп түсіндіреді. Ал, басқа сөзінде Ибн Аббас (р.а.) бұл аяттың алдындағы аяттарға сілтеме жасай отырып, мұндағы мағына «Қадір түні» деп топшылайды. Ибн Зәйд деген ғалым «жұбайлық қатынас», ал Қатада «Алланың сендерге жазған рұқсатына талпыныңдар» деген мағына деп тұжырымдайды. Ибн әл-Қайым былай дейді: «Осы пікірлерді қорыта айтқанда бұл аяттағы мағына мынау – Алла Тағала мұсылман үмбетіне ораза түні жұбайлық қатынас жасауға жеңілдік қылды... Сондықтан да Алла Тағала бұл ләззатты жай нәпсінің қажетін өтеп, тояттау ғана емес, сонымен бірге Алланың жазған сыйынан, Құдайға еш серік қоспайтын ұрпақтан үміт етіп талпынуға нұсқады.. Сондай-ақ, ораза түнінде жұбайлық қатынас үшін берілген рұқсат мүмкіндігін пайдалануға нұсқап тұр. Алла Тағала Өзіне қарсы шығуды ұнатпайтындығы сияқты Өзінің рұқсатын пайдаланғанды да өте жақсы көреді...
Сондай-ақ, мұнда жұбайлармен қатынас бір өзі мың айға татитын осынау қасиетті түннен құр қалуға себепші болмауы туралы ескерту бар. Субханаһ уа Тағала: «Ораза түні әйелдеріңмен қосылып қажеттеріңді өтеңдер. Алайда ол нәрсе Алланың сендерге жазған әрі сендерге артықша сый ретінде берген осынау түннен қапы қалуға себепші болмасын» деп тұрғандай. Бәрін білуші бір Алла».
Алланың соңғы әрі ең сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзінің ұлағатқа толы хадистерінде де үйленудің, жұбайлық өмірдің өзінің сүннетінен екендігін баса айтады. Үйленуді, шариғат жолымен некелесуді мойындамаған жанды өз үмбетінен деп есептемейтіндігін ескертеді.