Хатым Құран оқу және сауабын бағыштау
Мәйітке арнап Құран оқуға, “Хатым Құран” (Құранды басынан аяғына дейiн оқып шығу) түсіріп және оның сауабын марқұмға бағыштауға болады. Сауабы иесіне тек Алла Тағаланың әмірімен ғана тиеді.
Абд ар-Рахман әл-Жазиридің «Фиқһу-л-Жазири» атты кітабында: «Мәйітке арнап Құран оқудың мәйітке пайдасы бар», – делінген.
Тәһлил
Зікір айту, Құран тіләуат ету, жақсы тілектермен дұға жасау, садақа беру сияқты қайырлы істердің сауабын мәйітке бағыштауға болады. Зікір айтқысы келген кісіге зікірлердің ең жақсысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Лә илаһа иллаллаһ» кәлимасы. Кейін сауабын мәйітке бағыштаса сауапты іс істеген болады. Зікір көп айтқан сайын сауабы да көп болады. Бірқатар мұсылмандар жетпiс мың рет “Лә иләһә иллаллаһ” кәлимасын айтып, сауабын қайтыс болған адамға бағыштайды, Ислам ғұламалары да мұны қош көрген. Бұл тақуалардың амалы. Әлбетте қаралы жерде керексiз дүнияуи әңгiме айтқаннан гөрi, кәлимә айту абзалырақ.