Жақсылық пен жамандық та Алладан дегенді қалай түсінеміз?
Сұрақ: Жақсылық пен жамандық та Алладан дегенді қалай түсінеміз?
Жауап:
Біз, яғни иман етуші пенделер әу баста әмәнту билләһты айтқан кезде жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендігіне сендік. Негізінде Алла Тағаланың шексіз құдіреті арқылы жер бетіндегі әрбір нәрсе жұп-жұбымен жаратылған (бұл жайында жоғарыдағы тақырыптарда сөз болды). Жақсылық пен жамандық ұғымдары да бір‑біріне қарама‑қайшылық жұбы. Дегенмен олардың жұптық қасиеті болған соң, әркез бір‑бірін толықтырып отыратын хикметі бар. Жамандықтың бет‑пердесін жақсылық, жақсылықтың мәнін жамандық ашады. Алла құзырында да адамдардың дәрежесі жақсы не жаман амал жасауына байланысты. Егер мұндай айырмашылық болмаса, барлығымыз бейне бір періштедей күнәсіз болып, дүниелік сынақтың ешқандай да маңыздылығы қалмас еді.
Алла жамандықты жаратты ма, жаратпады ма деген мәселе ислам ағымдары арасында талас тудыруда. Біреулер Алла тек жақсылықты жаратты, жамандықты адам өзі жаратады, өзі жасайды десе, біз сунниттер, жақсылықты да, жамандықты да бір Алладан деген пайымды ұстанамыз. Алла адамды жамандыққа итермелеп, кез-келген қасіретті әдейі басымызға душар етпейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, пенде өзінің ерік‑жігерінің таңдауымен жақсылықты да, дәл сол секілді жамандықты да басына тілеп алады. Алла Тағала болса оның қалауына сай сол істі жүзеге асырады. Сонда бұл жерде кім кінәлі? Әлбетте, таңдаушының яғни, пенденің өзі кінәлі.
Құран аяттарының мағынасынан адамның өз-өзіне кесір тигізетінін аңғаруға болады. Ал Алла Тағала пендесін күнәһар болсын, жаман адам болсын демейді. Мысалы, (әрине, бұл мәселедегі келтіріп отырған салыстырумыз тек тақырыптың мағынасын ашып беру үшін ғана; себебі мәселе басқалай болғанда бұл салыстыру тіпті орынсыз болар еді) ата-ананың балаларына жамандық қаламайтыны түсінікті жайт. Керісінше, ата‑анасы баласын сәт сайын жамандықтан жиіркендіріп, жақсылыққа үндеуден ешқашан жалықпайды. Бірақ, ата‑анасының адал көңілі мен баланың шалыс қылығы көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Егер балалардың бәрі ата-анасының айтқандарымен жүріп, бірден судан ақ, сүттен таза болып кетсе, жер бетінде бұрын-соңды болмаған бейбіт ғұмыр орнар ма еді, кім білсін?! Өкінішке орай, ата-анасын тыңдайтын перзент аз. Ата‑ана баласының шалыс басып, жаман жолға түскенін қаламайтыны секілді, Алла та пендесінің тозаққа баруын қаламайды. Ата-анасын тыңдамаған бала темір тордан бір-ақ шығады немесе қоғамдағы сүйкімсіз, жағымсыз тұлғаға айналады. Сол секілді пенде де Алланың әмірлері мен тыйымдарына құлақ аспай, Алланың ақ жолымен жүрмей, бұл дүниеде қарғысқа ұшырап, о дүниеде тозаққа бармақ.
Осы тақырыпқа қатысты аятта да: «Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ олар өз-өздеріне зұлымдық еткен еді» (16.Нахыл-33) деп, барлық мәселеде пенденің өзі кінәлі екенін білдіреді.
«Расында Алла адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық жасайды» (10.Юнус-44).
Мәселе осылай болған соң шынайы мұсылман жақсылыққа кенеліп, жақсы іс істеп, табысқа жетіп жатса, Аллаға шүкір етіп, жамандыққа ұшыраса сабыр етіп, Алладан әрбір істің қайырлысын тілегені абзал. Бұл жамандыққа кезіккенде басын иіп, соңы не болар екен деп күту деген сөз емес. Керісінше, пенде сол жамандықтан құтылудың жолын іздеп, әркімге жөн‑жосықсыз шағымын айта бермей, Аллаға шын ниетімен жалбарынып, дұға етуі керек. Кейде жайсыздыққа ұшыраған жандар аузына келген ғайбат сөздерді айтып, тіпті, Аллаға да тіл тигізуден жасқанбайды. Ал шынайы мұсылманның мұндай масқаралыққа жол бермеуі тиіс. Аятта осындай бір жағдаятқа ұшыраған пенденің кейпін былай баян етеді: «Ал енді Алла адамды қашан сынап игілікке бөлесе: Раббым мені сыйлады, – дейді. Қашан оны сынап, несібесін тарайтса: Раббым мені қорлады, - дейді» (89.Фәжр, 15-16).
Мұсылманның келесі бір міндеті – дін бауырларын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуға үндеу. Мүмин бұл істе тек бір Алланың разылығын ғана ойлайды. Сонымен қатар жасаған әрбір жақсы амал үшін сауап, жаман амалы үшін күнә жазылатындығына бек сенеді. Мұсылман ешбір нәрсенің де жауапсыз қалмайтындығын бір сәт естен шығармауы тиіс.
Асылында иманды жан ешкімнің ала жібін аттамай, қолынан келген жақсылығын аямай, дін үшін жаман әдеттен аулақ болып, өзгені де жамандықтан жеріндіруді өзінің асыл мақсаты деп біледі. Өзіне жамандық жасағанға жамандықпен жауап қайтармастан, кешірімшіл болу, яки «таспен ұрғанды аспен ұру» қағидасына сай амал етеді.