Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ораза
        3. ИСЛАМ ТІРЕКТЕРІ
        ИСЛАМ ТІРЕКТЕРІ

        ИСЛАМ ТІРЕКТЕРІ

        ИСЛАМ ТІРЕКТЕРІ

        Абдулла ибн Омар ибн әл-Хаттаб (رضي الله عنهما): «Аллаһ елшісі (): «Ислам бес (тірекке) құрылған: Алладан басқа ешбір (құлшылыққа лайық) тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің Алланың елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық өтеу және рамазанда ораза тұту», – деп айтқанын естідім», – деген[1].

         Хадистен шығатын мағыналар:

        1. Ислам діні

        Бұл хадисте Пайғамбарымыз () адам баласы имансыздықтан  құтылып, жаннатқа кіруіне әрі тозақ отынан сақтану құқығын беретін Ислам дінін іргесі мызғымас берік, мықты ғимаратқа ұқсатуда. Әрі пайғамбарымыз () аталмыш хадисте ғимараттың негізгі тіректеріне тоқталып өткен. Олар:

        а) Алла Тағаладан басқа ешбір (құлшылыққа лайық) тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің Алланың елшісі екендігіне куәлік беру. Мұның мағынасы – Алла Тағаланың бар екенін, Оның серігі жоқ Жалғыз екендігіне иман келтіру, сондай-ақ Мұхаммедтің () пайғамбарлығы мен елшілігіне сену. Кәлима айту ислам дінінде басты ұстаным ретінде қарастырылған. Бұл тұрғыда Пайғамбар ():  «Кімде-кім шын ықыласымен «Алладан басқа ешбір құдай жоқ» деп айтса, ол жаннатқа кіреді»[2], – дейді.

         

        ә) Намаз оқу. Мұнда парыздары мен уәжіптерін, сүннеттері мен әдептерін толық орындай отырып, намазды үнемі, уақтылы өтеу туралы айтылған. Шынымен-ақ мұсылман кісі намазды толықтай оқып жүрсе, жан-дүниесінде жемісін беріп, оны жиренішті істерден аулақ етеді. Өйткені Алла Тағала: «Намазды (толық) орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[3]1, – деген.

         б) Зекет беру. Яғни байлығы нисабқа жетіп, зекет беруге міндетті болған әрбір адамның мүлкінің белгілі бір бөлігін лайықты адамдарға беруі.

        в) Қажылық.  Қажылық айларында, анығырақ айтқанда, шәууәл, зул-қағда айлары мен зул-хижжа айының алғашқы он күнінде Мәсжидул-Харамды зиярат етіп, Алла елшісі () үйретіп, көрсеткен белгілі діни жоралғыларды орындау. Сонымен бірге қажылық күллі мұсылманның бір-бірімен кездесуіне тамаша мүмкіндік береді. Алла Тағала: «Адамдардың арасында (жүріп оларды) қажылыққа шақыр. Олар саған қарай жаяу және арықтаған түйе үстінде алыс жолдардан келеді. Олар өздерінің (діни және дүниелік) пайдаларына куә болсын әрі белгілі күндерде (Алла) өздеріне ризық етіп берген малдардың басында Алланың атын еске алсын (құрбандық шалсын)»[4], – деген. Сол себепті қажылық үшін үлкен сауап уәде етілген. Бұл жайында Пайғамбарымыз (): «Қабыл болған қажылық үшін жаннаттан басқа сый болмайды», – дейді[5].

         

        г) Рамазан айында ораза тұту. Ораза тұту һижраның 2-жылы Алла Тағаланың: «Рамазан айы (сондай бір ай), онда (яғни ол айда) адамдар үшін тура жол және сол тура жолдың анық түсіндірмесі мен ажыратушысы ретінде Құран түсірілді. Сондықтан сендерден кім осы айда (өз елінде, дені сау) болса, ораза ұстасын»[6], – деген аятарымен мұсылмандарға парыз болды.

        Ораза адамның жанын тазартады. Рухын жоғары көтеріп, денсаулықтың мықты болуына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ Алла Тағаланың бұйрығын орындап, разылығына жетуге ұмтылып, ораза тұтқан адам үшін құлшылықтың бұл түрі оның күнәлардан арылуына және жаннатқа кіруіне себеп болады. Өйткені Пайғамбарымыз (): «Кімде-кім рамазан айында Алла Тағаладан сауап үміт етіп, шын сеніммен ораза тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

        2. Құлшылықтың мақсаты

        Ислам дінінде құлшылықтың мақсаты оның бейнесі мен сыртқы көрінісінде көрінуі емес, керісінше аталмыш амалдарды орындаудағы үйлескен мән-мағынада. Мәселен, егер оқылған намаз жиіркенішті және ұятты іс-әрекеттерден тыймаса, ол намаздан пайда жоқ. Сондай-ақ ұстаған ораза жалған сөйлеу мен күнәлі сөздер айтудан тыймаса, ол оразаның да пайдасы жоқ. Сол сияқты сырт көз үшін немесе жақсы ат алу үшін істелген қажылықтың да, зекеттің де пайдасы болмайды. Алайда жоғарыда аталған ғибадат түрлері өз нәтижелерін бермесе, оларды тоқтату керек деген ұғым туындамайды.

         [1] Әл-Бұхари, Муслим, әт-Тирмизи, ән-Нәсәи және Ахмад.

        [2] Әл-Баззар, сахих хадис.

        [3] «Анкабут» сүресі, 45-аят.

        [4] «Хаж» сүресі», 27-28 аяттар. 

        [5] Әл-Бұхари, Муслим. 

        [6] «Бақара» сүресі, 185-аят.