Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. Мүлк сүресінің 1-2 аяттарының тәпсірі
        Мүлк сүресінің 1-2 аяттарының тәпсірі

        Мүлк сүресінің 1-2 аяттарының тәпсірі

         

        Мүлк сүресі

         Мүлк – Меккеде түскен сүре. Мүлктің мазмұны басқа да меккелік сүрелер сияқты, ақиданың негізгі тақырыптарын қамтиды. Ақидадағы ең басты үш мұраты баян етілген, олар: Өмір сыйлау мен өлім берудегі Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығы, әлемдер Раббысының бірлігін көрсететін дәлелдер және қайта тірілуді өтірікке шығарушы жалғаншылардың ақыры.

        Сүре әуелгі мақсатты кеңінен түсіндірумен басталады. Шексіз патшалық пен билік – Алла Тағаланың қолында. Сонымен бірге, барлық ғалам Оның иелігінде екені айтылады. Жарату, жоқтан бар ету, тірілту мен өлтіру тек Алла Тағаланың құдіретімен болады.

        Мұнан соң, жеті қабат аспанның жаратылуы, Алла Тағала дүние аспанын жарқыраған жұлдыздармен әсемдегені баяндалады. Мұның барлығы – Алла Тағаланың құдіреті мен бірлігін дәлелдейтін құбылыстар.

        Соңыра, кәпірлердің жағдайы егжей-тегжей әңгіме етіледі. Алланың дұшпандарына ашуланғандықтан, жарылуға шақ қалып тұрған тозақты кәпірлер көреді. Кәпірлер мен мұсылмандардың соңғы барар жері салыстырмалы бейнеде баяндалады. Себебі, қорқыныш пен қуанышты қатар айту – Құранның әдісі.

        Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығын баяндай келе, мойындамаушы кәпірлердің басына пәлекет боп келетін Жаратушының ашуы мен азабынан сақтандырады.

        Сүре соңында, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үндеуін жалғанға шығарушыларға ескерту беріледі. Пайғамбар мен мұсылмандарға өлім тілеп отырған оларды өз бастарына келетін азаптан сақтандырады.

         

        Сүренің қасиеті: Мүлк сүресі – «Уақиа» (қорғаушы) және «Мунжиа» (құтқарушы) деп те аталады. Өйткені, бұл сүрені оқушы қабір азабынан қорғалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол – тосқауыл болушы, ол – қорғаушы. (Мүлік сүресі) Қабір азабынан қорғайды»,[1] – деген. 

         

        تَبَارَكَ الَّذِي بِيَدِهِ الْمُلْكُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

        1. Бүкіл билік қолында болған Ол – аса Берекелі әрі Ол – барлық нәрсеге толық құдіреті Жетуші.

        Жаратылысқа неше түрлі жақсылықтарды үйіп-төгіп беруші Алла Тағала ұлық. Ол – аспандар мен жер патшалығы құдірет уысындағы Алла. Аспан мен жерде Оның қалауымен ғана әрекет етеді. Ибн Аббас (р.а.): «Бүкіл билік қолында – қалағанын қадірлі, қалағанын қадірсіз етеді. Тірілтіп, өлтіреді және беймұқтаж, мұқтаж етеді, береді немесе мақұрым етеді», – деген. Алла – барлық нәрсеге құдіреті жетуші толық құдірет Иесі. Барлық істе ешбір қарсылассыз және кедергісіз шексіз түрде әрекет етеді.

        Мұнан соң, келесі аятта Алла Тағала құдіретінің белгісі мен ұлық даналығының көрінісі баяндалады.

        الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

        2. Ол өлім және тіршілікті сендердің қайсыларың ізгі іс жүзінен жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Әрі Ол – аса Үстем, ерекше Жарылқаушы.

        Алла Тағала мына жалған дүниеде өмір мен өлімді жаратты. Ол қалағанына өмір, қалағанына өлім береді. Ол – аса Құдіретті, Жалғыз Алла. Өлім адамға қатты қорқыныш пен ерекше үрей беретіндіктен, аятта өмірден әуелі айтылады. Ғалымдар: «Өлім – жоқ болу және тіршіліктің толығымен үзілуі емес. Өлім – бір әлемнен екінші әлемге өту», – деген.

        Сондықтан да өлген адамның қабірде естіп, көріп және сезетіндігі жайлы хадисте: «Шын мәнінде, сендер қабірге қойылып, адамдар кері қайта бастағанда олардың кебісінің дауысы естіледі...»,[2] – деп айтылған. Демек, өлім – жанның денемен арақатынасы үзілуі ғана.

        Ей, адам баласы! Өлім мен өмір – сендерді сынау үшін, сендердің жақсыларың мен жамандарың ажыратылу үшін беріледі. Құртуби: «Ол сендермен Сынаушы ретінде мәміле жасауда. Анығында, Алла Тағала бойұсынушы мен қарсы шығушы құлды әу бастан біледі. Алла Ғазиз – өзіне қарсы шығушыдан міндетті түрде есебін алушы. Ғафур – тәубе етіп, кешірім сұрайтындарды кешіруші.

        ҚМДБ наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай Ораз.

        [1] Тирмизи.

        [2] Бұхари, Муслим.