Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Жын-шайтан
        3. Шайтанның серті қандай?
        Шайтанның серті қандай?

        Шайтанның серті қандай?

        Сұрақ: Шайтанның серті қандай?

        Жауап: 

        Шайтанның серті 

        Жын-шайтанның атасы – Ібіліс Алла Тағаланың алдында Оның ақылды қылып жаратқан құлдары – адамзатты тура жолдан тайдырып, азғындыққа түсіруге кесімді серт берген. Шайтан сол кезден бастап адам баласына қаны қас өш, ең ашық дұшпан. Ол қазірде өз мойнына алған міндеттемесін орындап бағуда.

        Жаратылыстың әу басында орын алған бұл оқиға жайында Алла Тағала былай дейді:

        ﴿لَعَنَهُ اللَّهُ وَقَالَ لَأَتَّخِذَنَّ مِنْ عِبَادِكَ نَصِيباً مَّفْرُوضاً * وَلأُضِلَّنَّهُمْ وَلأُمَنِّيَنَّهُمْ وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُبَتِّكُنَّ آذَانَ الأَنْعَامِ وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللّهِ وَمَن يَتَّخِذِ الشَّيْطَانَ وَلِيّاً مِّن دُونِ اللّهِ فَقَدْ خَسِرَ خُسْرَاناً مُّبِيناً * يَعِدُهُمْ وَيُمَنِّيهِمْ وَمَا يَعِدُهُمُ الشَّيْطَانُ إِلاَّ غُرُوراً﴾

        «Алла оған (шайтанға) лағынет айтты. Сонда ол (шайтан) былай деді: «Мен қайткенде де сенің құлдарыңнан бір бөлігін аламын. Мен оларды адастырамын, үміттендіремін, оларға түліктердің құлақтарын кестіремін, оларға бұйырамын, сонда олар Алланың жаратылысын өзгертеді». Кімде-кім Алланы қойып шайтанды жақын, жанашыр тұтатын болса, ол орны толмас қасіретке ұшырайды. Ол (шайтан) оларға жалған уәде беріп, үміттендіреді. Бірақ шайтан оларға азғырудан басқа ештеңе де уәде ете алмайды» (Ниса, 118-120).

        Демек, Жаратушы Хақ Тағаланың әміріне мойынсұнбай, нағыз кәпірге, малғұнға айналған, Раббының қарғысына ұшыраған шайтанды дос тұту, оның азғыруына еру Алланың лағынетіне лайық етеді.

        Шайтан ­– бұл дүниенің сынағы. Жаратқан Иеміз оған осы дүниеде мұрсат берді. Сөйтіп, пәни дүниесі иман мен күпірдің, тақуалық пен азғындықтың, құдайшылық пен шайтандықтың күрес ордасына айналған. Құран Кәрімде былай делінеді: 

        ﴿قَالَ أَنظِرْنِي إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ * قَالَ إِنَّكَ مِنَ المُنظَرِينَ * قَالَ فَبِمَا أَغْوَيْتَنِي لأَقْعُدَنَّ لَهُمْ صِرَاطَكَ الْمُسْتَقِيمَ * ثُمَّ لآتِيَنَّهُم مِّن بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَن شَمَآئِلِهِمْ وَلاَ تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ

        «Ол (шайтан): «Маған олар қайта тірілетін күнге дейін бір мұрсат бер», - деді. Ол (Алла): «Расында сен мұрсат берілгендерсің», ­- деді. Ол (шайтан): «Мені азғырғаның үшін оларды Сенің тура жолыңның қасында аңдып отырамын. Сосын мен олардың  алдарынан, арттарынан, оңдарынан, солдарынан келемін. Сонда Сен олардың көпшілігін шүкірлі күйде таппайсың», деді» (Ағраф, 14-17).

        Алайда Алла Тағала иман келтігендердің жанашыры. Сондықтан да тура жолдағы пенделерін албасты шайтанның арбауынан сақтайды. Ібілістің ізбасарларының билігі оларға ешқашан да жүрмейді.

        ﴿قَالَ هَذَا صِرَاطٌ عَلَيَّ مُسْتَقِيمٌ * إِنَّ عِبَادِي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ إِلاَّ مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاوِينَ﴾

        «Ол (Алла): «Бұл Маған жеткізетін тура жол. Шындығында сен Менің құлдарыма қарсы ешқандай билік жоқ, тек соңыңа еретін адасқандардан басқа», ­ деді» (Хижр, 42).

        Бірақ та адамдардың бір бөлігі шайтанның ізіне еріп кетті. Олар өздеріне анық айғақ – Құран Кәрім, Алланың елшісі (с.а.с.) келсе де көре көзге тоңмойындықпен теріс жолға түсті. Шайтан ондай сипатты достарының табылғанына қатты қуанып, оларды өзінің тобына қосып алды. Сосын оларға ақты қара деп, иманды күпір деп, жақсыны жаман, қараңғыны нұр деп көрсетті. Оларды тура жолдан аулақ, көз көрмес, құлақ естімес рухани құрдымға алып кетті.

        ﴿إِنَّ الَّذِينَ ارْتَدُّوا عَلَى أَدْبَارِهِم مِّن بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمُ الْهُدَى الشَّيْطَانُ سَوَّلَ لَهُمْ وَأَمْلَى لَهُمْ﴾

        «Шындығында өздеріне тура жол айқындалғаннан кейін кері кеткендерді шайтан азғырып, үстемдік қылды» (Мұхаммед, 25).

        Расында шайтан аталған аятта айтылғандай тура жолды көре тұра оған түспей, Жаратқанның бұйырғанын орындамайтын жандардың нәпсілерінің алдындағы дәрменсіздіктерін пайдаланып, оларды азғырудың небір түрімен азғырады. Ақырында ондайларды намаздан, ғибадаттан, ақырында иманнан аулақ алып кетеді. Алла Тағала күллі адамзатты шайтанның азғыруына ермеуге, оның тобынан болмауға шақырады.

        ﴿يَا بَنِي آدَمَ لاَ يَفْتِنَنَّكُمُ الشَّيْطَانُ كَمَا أَخْرَجَ أَبَوَيْكُم مِّنَ الْجَنَّةِ

        «Уа, Адам ұрпақтары! Бұдан бұрын ата-аналарыңды (Адам ата мен Хауа ананы) жұмақтан шығарғаны секілді шайтан сендерді де азғырып жүрмесін» (Ағраф, 27).

        Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары жердің бетіне тарыдай шашылып, тарағаннан бері адамзат тарихында қаншама халықтар, қауымдар өтпеді. Олардың аздаған бөлігі Жаратқан Иенің жолында болса, ал көпшілігі шайтанның жолында адасты.

        ﴿تَاللّهِ لَقَدْ أَرْسَلْنَا إِلَى أُمَمٍ مِّن قَبْلِكَ فَزَيَّنَ لَهُمُ الشَّيْطَانُ أَعْمَالَهُمْ فَهُوَ وَلِيُّهُمُ الْيَوْمَ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾

        «Алланың атымен ант етейін! Біз сенен бұрынғы қауымдарға талай елшілер жібергенбіз, алайда шайтан олардың істерін өздеріне әдемі етіп көрсетті. Міне, бүгін (Қиямет күні) ол (шайтан) олардың досы, олардың барлығына күйзелтуші азап болады» (Нахыл, 63).

        Хақ Тағала иман келтіргендерді шайтанның ізінде болудан сақтандырады. Расында шайтанның ізіне азғындар ғана ереді. Ал Алланың сүйген құлдары одан аулақ.

        ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَتَّبِعُوا خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ وَمَن يَتَّبِعْ خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ فَإِنَّهُ يَأْمُرُ بِالْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَلَوْلَا فَضْلُ اللَّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ مَا زَكَا مِنكُم مِّنْ أَحَدٍ أَبَداً وَلَكِنَّ اللَّهَ يُزَكِّي مَن يَشَاءُ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ﴾

        «Уа, иман келтіргендер! Шайтанның іздерін баспаңдар! Кім шайтанның ізімен жүрсе, расында ол (шайтан) азғындық пен теріс іске үгіттейді. Егер де сендерге деген Алланың мейірімі мен рахымы болмағанда сендердің ешқайсыларың тазармас еді. Алайда Алла қалағанын тазалайды. Алла бәрі естуші һәм білуші» (Нұр, 21).

        Негізінде шайтан жаратылысынан адамға жан-тәнімен қас. Өйткені ол өзінің жұмақтан қуылуына адамзаттың мәселесі себеп болғандығын жадынан еш шығармайды. Сондықтан да әрбір ақыл иесіне дұшпанды дұшпан тұтып, оны жақсылап танымақ ләзім.

        ﴿إِنَّ الشَّيْطَانَ لَكُمْ عَدُوٌّ فَاتَّخِذُوهُ عَدُوّاً إِنَّمَا يَدْعُو حِزْبَهُ لِيَكُونُوا مِنْ أَصْحَابِ السَّعِيرِ﴾

        «Шындығында шайтан сендерге дұшпан, сондықтан да оны дұшпан тұтыңдар. Расында ол өзінің тобын тозақ тұрғындарына айналуға шақырады» (Фатыр, 6).