Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Сүре деген не?
        Сүре деген не?

        Сүре деген не?

        Сүре деген не?

        Араб тілінде "сүре" сөзі "дәреже", "орын" деген мағыналарға ие. Ал діни термин ретінде сүре дегеніміз – басы мен соңы бар, өз алдына бір топ аяттар жиынтығы.[1] Яғни сүре – бірнеше немесе көптеген аяттар жиынтығынан тұратын Құранның бір бөлігі.

        Құранда бір жүз он төрт сүре бар. Бұл сүрелердегі аят сандары әртүрлі. Ең қысқа "Кәусар" сүресі үш аяттан тұрса, ең ұзын "Бақара" сүресі екі жүз сексен алты аяттан тұрады әрі "Бақара" сүресінің көпшілік аяттары ұзын және Құрандағы ең ұзын аят та осы сүреде. Құран аяттарының әртүрлі болуының сыры бір Аллаға ғана аян болғаны сияқты кей сүрелерінің қысқа, кей сүрелерінің орташа, кей сүрелерінің ұзын болуының сыры да бір Аллаға аян.

        Құран сүрелерін білудің пайдалары:

        1. Құран Кәрімді жеңіл үйрену мен тез жаттауға көмектеседі. Егер Құран сүрелерге бөлінбей, бір-бірімен жалғасып кете бергенде, оны үйрену де, жаттау да қиын болар еді.

        2. Әр сүреде келген негізгі сөз болған қиссаны, үкімді тез анықтауға көмектеседі. Мысалы, Мұса пайғамбар мен қауымы арасында болған сиыр қиссасы "Бақара" сүресінде қамтылған.[2]

        3. Құран сүрелерінің ұзын не қысқалығына қарамай, олардың барлығының муғжиза екендігіне дәлел болады.

        4. Құранның бірнеше сүресін жаттаған адам өзін Алланың кітабының бір үлесіне қол жеткізгендей сезінеді. Бұл сезім адамды қуаттандырып, өзге сүрелерді де жаттауға ынталандырады. Сондықтан Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): ""Бақара" мен "Әлі Имранды" оқыған адам біздің арамызда жігерлі жүретін", – деген.[3]

        Сүрелердің түрлері

        Ғалымдар Құран Кәрімдегі сүрелерді төрт түрге бөлген. Олар: тиуал(ұзын), миун (жүздік), мәсәни (қайталанушы) және муфассал (бөлшектелінген).

        1. Тиуал (ұзын) сүрелердің қатарына Құран Кәрімдегі ең ұзын жеті сүре кіреді. Олар: Бақара, Әлі Имран, Ниса, Мәидә, Әнғам, Ағраф сүрелері және Әнфәл сүресі. Бірақ ғалымдар арасында соңғы сүрені тиуал сүрелердің қатарына қоспайтындар да бар.

        2. Миун (жүздік) сүрелердің қатарына аяттар саны жүзге жететін яки соған жуық болатын сүрелер жатады.

        3. Мәсәни (қайталанушы) сүрелердің қатарына аяттар саны жүзден кем, миун (жүздік) сүрелерден кейін келетін сүрелер жатады. Бұл сүрелер ұзын және жүздік сүрелерге қарағанда көп оқылатындықтан оларды мәсәни, яғни қайталанушы сүрелер деп атаған.

        4. Муфассал (бөлшектелінген) сүрелерге Құран Кәрім кітабының соңғы жағындағы аяттар саны қысқа болып келетін сүрелер жатады. Бұл топқа кіретін сүрелердің арасында "Бәсмәләмен" көп келетіндіктен "муфассал", яғни "көп бөлшектенген" деп аталған. Муфассал сүрелер "мухкәм" деп те аталады.[4]

        Муфассал қай сүреден басталатындығына қатысты ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оны ««Қаф» сүресінен басталады» десе, екінші бір ғалымдар оны ««Хужурат» сүресінен басталады» деп есептейді.

        Муфассал сүрелер өз ішінен: ұзақ, орташа және қысқа болып үшке бөлінеді. Ұзақ муфассалға "Хужурат" сүресінен "Буруж" сүресіне дейінгі сүрелер,орташа муфассалға "Тариқ" сүресінен "Бәйинә" сүресіне дейінгі сүрелер,қысқа муфассал сүрелеріне "Зилзәлә" сүресінен "Нас" сүресіне дейінгі сүрелер кіреді.


        [1]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 416-бет.

        [2]"Бақара" деген сөз араб тілінде "сиыр" деген мағынаны береді.

        [3]Имам Ахмад риуаят еткен. Осы мағынаны беретін риуаят әл-Бұхари мен Муслимде де келген. "Бақара" мен "Әлі Имран" – Құрандағы ең ұзақ сүрелер. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «намазда бірнеше аяттар оқығаннан сүрені толық оқыған абзал» деп есептеген.

        [4]Сағид ибн Жубәйр: "Сендердің "муфассал" (сүрелері) деп жүргендерің "мухкәм" (сүрелері)", – деген. Ибн Аббас: "Алла елшісі () дүниеден өткенде мен он жаста болатынмын. Сол уақытта мен мухкәмді оқығанмын", – деген (имам әл-Бұхари риуаят еткен).