«Ықылас» сүресінің тәпсірі
«Ықылас» сүресі
«Ықылас» – меккелік сүре. Ықылас сүресі затында және сипатында Бір Алла Тағаланың сипаттары жайлы әңгімелейді. Алла Тағаланың сипаттары кемел. Ешбір нәрсеге тәуелді, мұқтаж емес. Кемшіліктен пәк. Насара діндегілер құдайды үшеу дегені және мүшріктер құдайдың ұрпағы мен балалары бар деп айтқан сияқты сипаттары ешбір жанның сипатына ұқсас та, шамалас та емес.
Сүренің түсу себебі:
Бір топ мүшріктер Алла елшісіне (r) келіп: «Уа, Мұхаммед! Бізге Раббыңды сипаттап (суреттеп) бер, Ол алтыннан ба, күмістен бе, меруерттен бе әлде жақұтан ба?» – дейді. Сонда осы сүре уахи етілген.
بسم الله الرحمن الرحيم
قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ
1. (Мұхаммед) Айт: Ол, Алла Ахад (Жалғыз).
Тәпсірі: «Әй, Мұхаммед! Мазақ еткен мүшріктерге: мен құлшылық ететін және сендерді де Оған құлшылық етуге шақырып жүрген Раббым Жалғыз және Дара. Оның серігі жоқ, затында, сипатында және ісінде ұқсасы мен шамаласы да жоқ. Ұлық Алла затында жалғыз және сипатында дара. Насаралар сеніміндегідей үшеу: әке, бала және киелі рух емес. Сондай-ақ, мүшріктер сеніміндегідей құдай көп емес. Тасһилде: «Біліңіз, Алла Тағаланы жалғыз деп сипаттаудың үш мағынасы бар. Оның барлығы да Алла Тағала хақында дұрыс:
Бірінші: Ол Өзімен бірге жұптасы жоқ бір. Бұл сан тұрғысынан пәктеу.
Екіншісі: Ол Жалғыз, теңі мен серігі жоқ. Мәселен, пәленше заманының жалғызы дегендей. Яғни, оған тең келер ешкім жоқ деген мағынада.
Үшіншісі: Бөлінбейді және бөлшектенбейтін Жалғыз.
Сүреде мүшріктерге жауап ретінде Алла Тағаланың серігі жоқ екендігі айтылуда. Алла Тағала уахданият[1] жайлы Құран Кәрімде көп айқын дәлелдер келтірген. Мұндай дәлелдер өте көп. Олардың ең айқыны төртеу: біріншісі: «Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе?...[2]» «Егер жер мен көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді...[3]» «(Мұхаммед (r) Егер Алламен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса, онда әрине ғарышының Иесіне бір жол іздер еді[4]», «Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда, әрине әр тәңір өз жаратқанын алып кетер еді де бір-біріне үстемдік етер еді...»[5].
اللَّهُ الصَّمَدُ
2. Алла – Самад (мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж)
Жаратылыс үнемі Оған мұқтаж. Ал, Ол ешбір нәрсеге мұқтаж емес. әл-Әлуси: «Самад (Мұңсыз) – өзінен жоғары ешкім жоқ мырза. Жұрт оған сүйенеді. Адамдар өз істерінде және мұқтаждығында Оған сүйенеді», – деп ашықтайды.
لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ
3. Ол тумады да туылмады.
Оның ұл және қыз перзенті жоқ. Өйткені, Оның сипаттары шексіз кемел және мінсіз һәм кемшіліксіз. Тәпсіршілер: «Бұл аят Алла Тағаланың баласы бар дегендерге жауап. Яһудилер өз сөздерінде: «...Ұзайыр Алланың ұлы...[6]» десе, насаралар: «...Иса Алланың ұлы...[7]» деген. Және араб мүшріктері «Тағы олар, Аллаға қыздарды ұйғарды (періштелерді Алланың қыздары дейді)» деген. Мұның барлығына жауап. Бала әкесінің қанынан туады. Алла Тағала әзәли мәңгі. Оған ұқсайтын еш нәрсе жоқ. Оның баласы болуы мүмкін емес. Және бала тек жұбайы барда ғана болады. Бұл жайлы Құранда: «Көктер мен жерді жоқтан бар етуші. Оның баласы қалайша болады? Оның бір жұбайы жоқ...[8]», – деп айтылған.
Және Өзі де әке-шешеден тумаған. Өйткені әрбір туылған тіршілік жоқтан пайда болады. Ал, Алла Тағала бастауы жоқ мәңгі құдірет. Бұл жан-жақты ешбір жағынан серігі жоқ екеніне дәлел.
وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ
4. Әрі Оған ешкім тең емес.
Алла Тағаланың ешбір тұсынан ұқсасы, теңі немесе қатары жоқ. Жаратқан заттарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Затында да, сипатында да және ісінде де. Құдси хадисте: «Алла Тағала: Адам баласы Мені өтірікке шығарады. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Маған тіл тигізеді. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Мені өтірікке шығаруы: мені жаратқаны сияқты, қайта жарата алмайды, – деп айтуы. Оны алғаш жаратуым, қайта бар етуден қиын емес. Ал, Маған тіл тигізуі: Алланың баласы бар, – деп айтуы. Мен Жалғыз Мұңсызбын. Мен тумаған және туылмаған және Оған ешкім тең емес Алламын, – дейді», – делінген.
Бұл сүре төрт аяттан құралған. Сүре өте қысқа бірақ ерекше ғажап. Алла Тағаланың сипаттарын қамтиды. Сонымен бірге, кемшілік және нұқсан сипаттардан Жаратушыны пәктеуде. Бірінші аят Алланың бірлігін, екінші аят кемелдігін дәлелдеп, үшінші аят кемшілігін жоққа шығаруда, ал төртінші Жаратқанның ұлылығын айта отырып, ұқсас пен теңі жоқтығын баян етуде.
Хадис: «Кімде-кім «қул һуа Аллаһу Ахадты» оқыса, Құранның үштен бірін оқығандай болады[9]» деген. Ғалымдар: «Құранның ілімі: таухид, үкімдер және қиссалардан тұрады», – деген. Бұл сүре таухидты баяндағандықтан тақырыптық тұрғыдан ескерсе Құранның үштен бірі болып табылады. «Ықылас» сүресін сол ниетпен оқыған адамға да Құранның үштен бір сауабы тиеді.