ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) ІСТЕМЕГЕН НӘРСЕ БИДҒАТ ПА?
«Бидғат» – араб тілінде «жаңалық, жаңа нәрсе» деген мағнаны білдіреді. Бидғатқа байланысты Алла Елшісі былай дейді:
خير الحديث كتاب الله وخير الهدى هدى محمد وشر الأمور محدثاتها وكل بدعة ضلالة
«Расында ең жақсы сөз Алланың кітабы және ең жақсы туралық Мухаммедтің туралығы (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын), істердің ең жаманы ойлап табылғаны және әр-бір(дінде негізі жоқ) жаңалық адасу»[1].
Тағы бір хадисте дінде негізі-рұқсаты жоқ жаңалық және дінде негізі-рұқсаты бар жаңалық жайлы былай дейді:
من أحدث في أمرنا هذا ما ليس منه، فهو ردٌّ
«Кім дінімізде діннен болмаған жаңалықты жасаса, ол қабылданбайды»[2].
Тағы бір хадисте:
من سنّ في الإسلام سنة حسنة فله أجرها وأجر من عمل بها بعده من غير أن ينقص من أجورهم شيء ومن سنّ في الإسلام سنّة سيئة كان عليه وزرها ووزر من عمل بها من بعده من غير أن ينقص من أوزارهم شيء
«Кім исламда жақсы сүннет бастаса, онда сауабын алады және артынан ілескендердіңде сауабын алады, бір-бірінен сауабы кемітілмейді. Ал кім исламда жаман сүннет бастаса, онда күнасын алады және артынан ілескендердің де күнасын алады, бір-бірінен күнасы кемітілмейді»[3].
Имам Ибн Хажар жоғарыдағы хадистерді жинақтап: «Діннің негізінде жоқ нәрсені бидғат дейді. Ал жаңадан пайда болған істі шариғатта қолдайтын дәлелі болса ол бидғат саналмайды»[4], деп тұжырымдаған.
Демек, Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) істемеген бір іс кейіннен туындап жатса, оның асылына қаралады. Егер туындаған жаңа нәрсенің негізіне қатысты шариғи дереккөздерінде (Құран, сүннет, ижмағ, қияс), қағидаттарында рұқсат етілген дәлел болса, онда оны орындауға болады. Мысалы, мәуліт мерекесін атап өту. Себебі мұнда мәуліт шәріп жырынан үзінділер, Құран, салауат және дұғалар оқылады. Мәулітте Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны, ахлақ-әдебі жайында уағыз-насихаттар айтылады. Бұл істердің әрқайсының дінімізде негізі бар. Сондай-ақ тарауық намазын бір имаммен оқу, Құранды кітап күйінде жинау, медреселер ашу, жұма намазының екінші азаны, намаздан кейін жамағатпен зікір тарту т.б.[5]
Алайда жаңадан туындаған нәрсенің діннің негізінде ешбір дерегі болмаса ол адасушылыққа алып баратын бидғат саналады. Мысалы, қабір азабын мойындамау, сахабаның бірін пасыққа шығару, адасқан топтарға кіру т.б.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) істемеген және кейіннен пайда болған нәрселердің барлығы адасушылық емес. Егер де Пайғамбарымыз істемеген нәрсенің бәрі адасушылық болса, онда Осман (Алла ол кісіге риза болсын) өзінің халифалық тұсында жұма намазына екінші азанды айтқызуы адасушылық болып табылар еді. Бірақ бұл шешімді бүкіл сахабалар бірауыздан құптаған [6].
Елбек Тасболатұлы
Алматы қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман