Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ораза
        3. ОРАЗА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
        ОРАЗА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

        ОРАЗА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

        Сұрақ: Ораза дегеніміз не?

        Жауап: 

        Ораза кітабы

         С: Ислам дініндегі оразаның үкімі қандай?

        Ж: Рамазан айында ораза тұту әр бір ер және әйел мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде»,деген. (Бақара, 183). Рамазан айынан басқа уақытта тұтылған ораза ерікті болып есептеледі. Мұнан өзге тұтуға міндетті ораза түріне нәзір (серт) етіп, бірақ уақытында тұта алмаған ерікті оразаның қазасы ғана жатады. Ораза араб тілінде саум деп аталады.

        С: Саум – ораза сөзінің анықтамасы қандай?

        Ж: Саум араб тілінде бірлық нәрседен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішуден, жеуден және төсек қатынасынан тыйылу.

        С: Рамазан айында кімге ораза тұтпауға рұқсат етіледі?

        Ж: Алыс жолға шыққан жолаушыға, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқасқа рамазан айында ораза тұтпаса болады. Бірақ кейін қазасын өтейді. Ораза көп зарар бермейтін жолаушыға ораза тұту абзал.

        С: Жағдайларына байланысты ораза тұта алмаған жолаушы немесе науқас қайтыс болып кетсе, сол ораза мойнында қарыз болады ма?

        Ж: Жоқ, қарыз болмайды.

        С: Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазаларын тұтулары керек пе?

        Ж: Иә, тұтуға тиісті.

        С: Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа адамға ораза тұтпауға рұқсат жоқ па?

        Ж: Екіқабат әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе ораза тұтпауларына болады. Бірақ кейін қазасын өтеулері парыз.

        С: Рамазан айында кімге ораза тұтуға рұқсат етілмейді?

        Ж: Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

        С: Рамазаннан кейін қазаларын тұта ма?

        Ж: Иә, ораза тұтпаған күндерінің қазасын өтеуі тиіс.

        С: Ораза тұтпай, қазасын да өтемей, оның орнына фидия беруге бола ма?

        Ж: Өте кәрі кісілерге ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады.

        С: Өте кәрілер деген кімдер?

        Ж:  Рамазан да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер.

        С: Сапарда не ауруы болуы себепті оразаны уақытында тұта алмай, Рамазаннын кейін де уақыты бола тұра тұтпаған адамға ажал келсе не істеуі керек?

        Ж: Алладан кешірім тілеп, тәубе жасайды. Артында қалған ұрпақтарына тұтпаған оразасы үшін әр күніне бір міскінді жарты сағ бидай (1,625 кг) немесе бір сағ (3,25 кг) құрма немесе арпамен тамақтандыруды өсиет етеді.

        С: Рамазан айы кезінде балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам не істеуі қажет?

        Ж: Олар оразаның қалған күндерін тұтады.

        С: Мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұтуы керек пе?

        Ж: Ол күннің қазасын тұту шарт емес.

        С: Рамазан айында есінен танған адамның үкімі қандай?

        Ж: Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, күндіз есі ауса бұл күннің қазасын өтеу парыз емес. Есінен тануы көпке созылса айыққан соң кейінгі күндердің қазаларын өтейді.

        С: Рамазан айында жынды адамның ақылы кірсе не істейді?

        Ж: Қалғанын тұтып, өткен күндерінің қазасын өтейді.

        С: Рамазан айында күндіз оразаға ниеттенбеген жолаушы оқыс үйіне оралса немесе етеккірі бар әйелдің етеккірі тоқтаса не істейді?

        Ж: Бұл рамазан айының құрметі үшін сол күннің қалған бөлігін тұтады.