ЕР КІСІ АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ БОЛСА...
Сұрақ: Ассалаумалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Қойғым келген сауал мамандығыма байланысты. Мамандығым акушер гинеколог. Анам босану үстінде өмірден өткен болатын, сол кезден алға койған максатым еді. АЛЛАға шүкір орындалды. Исламда бұл туралы не айтылған. Толық түсінікті етіп жауап берсеңіздер.
Жауап:Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ. Негізі шариғатта бөгде әйелдің беті мен екі алақанынан басқа бүкіл денесі әурет саналады. Бөгде адамдарға сол беті мен алақанынан басқа жеріне қарауы харам. Тек зәрурат кезінде дәрігер, акушерка, ине егушілерге ғана рұқсат етіледі. Олардың өзі зәрурат мөлшерінен шықпайды. Егер науқас әйел болса, мүмкіндігінше дәрігер де әйел болу керек. Өйткені әйелдің әйелге қарауы үкім жағынан жеңіл. Ал мүмкіндік болмаса әрі дәрігер әйелдің әуретіне қарамасқа болмайтын болса, онда жарақат орнынан басқа дене мүшелерін жауып, емдейтін жеріне қарап басқа жерінен шамасы келгенше көзін тыяды. Сол сияқты әйел де босанып жатқан әйелдің мүшесіне қарағанда осылай істейді. Себебі, зәруратпен бекітілген нәрсе белгілі мөлшерімен ғана мөлшерленеді. Бөгде адамның әуретіне қарамаудың негізгі дәлелі мынау:
Алла Тағала Құранда былай дейді:
قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ.
«(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын» (Нур сүресі 30-аят).
وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ.
«Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын» (Нур сүресі 31-аят).
Ал зәру жағдайда «Зәрурат кезінде тыйым салынған нәрселерге рұқсат етіледі» деген қағидаға сүйенеді. Мұндай жағдайда өлексені жеуге рұқсат еткен. Сондықтан зәрулік жағдайлар тыйым салған үкім құрамынан шығарылып тасталынады. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ.
«Сендерге дінде қиындық қылған емес» (Хаж сүресі 78-аят).
Тағы бір аятта былай дейді:
لا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلا وُسْعَهَا.
«Алла (Т) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді» (Бақара сүресі 286-аят).
Бұл мәселедегі зәрурат, адамның опат болып кететін жағдайында ғана бекітіледі дегенмен шектелмейді. Бәлкім, өлімге жақын нәрселерді де қамтиды. Яғни, аурудың әлсіреп қалуы немесе ауруы асқынып кету қаупі бар дегенді құрамына алады. Демек, бала босану да зәру жағдайға кіреді. Себебі, бұл жүкті әйел мен жарық дүниеге шыр етіп келейін деп жатқан баланың өмірін сақтап қалу үшін шебер дәрігерді талап ететін өте нәзік амал. Өйткені толғағы келмей жатып босануы жеңіл бола ма әлде екіқабат әйелдің өміріне қауіп төнетіндей ауыр бола ма белгісіз. Сол үшін мұндай іске шебер дәрігер болу тиіс.
Сондықтан екіқабат әйелді босандыру үшін бірінші мұсылман әрі шебер әйел дәрігерді таңдау тиіс. Ол болмаса басқа дін өкілі болса да сенімді, тәжірибелі әйел кісіге жүгіну керек. Ал олар табылмаған жағдайда ғана сенімді мұсылман ер кісіге ол табылмаса соңынан кәпір ер кісіге жүгінеді. Бірақ ер кісі емдеп жатқан кезде міндетті түрде әйелдің махрамы (туыстары) немесе сенімді адамдары болу керек.