Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. ИСЛАМДА ПАРА АЛУДЫҢ, ПАРА БЕРУДІҢ ЖӘНЕ ПАРА МӘСЕЛЕСІНДЕ ДЕЛДАЛ БОЛУДЫҢ ҮКІМІ НЕ?
        ИСЛАМДА ПАРА АЛУДЫҢ, ПАРА БЕРУДІҢ ЖӘНЕ ПАРА МӘСЕЛЕСІНДЕ ДЕЛДАЛ БОЛУДЫҢ ҮКІМІ НЕ?

        ИСЛАМДА ПАРА АЛУДЫҢ, ПАРА БЕРУДІҢ ЖӘНЕ ПАРА МӘСЕЛЕСІНДЕ ДЕЛДАЛ БОЛУДЫҢ ҮКІМІ НЕ?

        Сұрақ: Исламда пара алудың, пара берудің және пара мәселесінде делдал болудың үкімі не? 

        Жауап: Пара – мансап иесін параға жығу мақсатында берілетін мүліктік құндылық. Ол пара мансап иесін өз тарапына тарту немесе пара беруші өз мақсатына жету үшін беріледі.

        Алла Тағала мұсылмандарға пара алудан және пара беру арқылы мансап иелерінің разылығын табудан тыйған. Сонымен қатар екі жақтың арасында (пара алушы мен пара берушінің) жүрген дәнекер де ауыр күнә істеген болады.

        Алла Тағала айтады:

        "وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ"

        «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар».[1]

        Имам Бухари және имам Муслим риуаят еткен хадисте Расулалла (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) былай деген: «Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді».[2]

        Зұлымдық ету мақсатында пара беру ауыр қылмыс әрі күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды.

        Бірде Расулалла (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Абдуллаһ ибн Рабаханы (родиял-лаһу ъанһу) яһудилерге жібереді. Олар құрма бақтың салығын төлеуі тиіс еді. Сонда яһудилер Абдуллаһты (родиял-лаһу ъанһу) параға жыққысы келіп, оған түрлі сыйлық ұсынады. Олардың бұл ісіне ол: «Сендердің параларың заңсыз. Сондықтан біз оны қабыл етпейміз»-деп жауап береді. (имам Малик)

        Жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Пара жүрген жерде жауапкершілік деген болмайды.

        Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі харам.

        Сондықтан да, уа қадірменді мұсылман қауым! Күмәнді нәрседен аулақ болыңыздар! Харамнан Алла Тағаланың Өзі сақтасын!

        "يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنظُرْ نَفْسٌ مَّا قَدَّمَتْ لِغَدٍ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ نَسُوا اللَّهَ فَأَنسَاهُمْ أَنفُسَهُمْ أُوْلَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ"

        «Уа мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар».[3]

         



        [1] «Бақара», сүресі, 188 аят.

        [2] Бухари, Муслим.

        [3] «Хашр», сүресі, 18-19 аят.