ТҮЙЕНІҢ ЗӘРІН ЕМДІК МАҚСАТТА ІШУДІҢ ҮКІМІ
Түйенің зәрін емдік мақсатта ішудің үкімі
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Ислам ауырған адамды ем іздеуге шақырады. Пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір бәдәуи: «Уа, Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе?– деп сұрағанында, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине. Ей, Алланың құлдары! Ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар[1]», – деп емделу керектігін айтқан. Әбу Сағид әл-Худриден (Алла Тағала ол кісіге разы болсын) келген риуаятта Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала өлімнен басқа бірде-бір ауруды шипасыз бермеген, оны тек білген адам білді, білмеген адам білмеді»[2].
Ғалымдарымыздың пікірінше, шариғатта харам деп танылған арақ, адамның зәрі сияқты нәрселермен емделуге рұқсат жоқ. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ[3]»,– деп емнің өзін адал нәрселерден іздеуімізді бұйырды.
Ал түйенің зәріне келер болсақ, Имам Мәлик, Имам Ахмад, Имам Бухари, Шафиғи мазһабынан ибн Мунзир, ибн Хиббан, ибн Хузайма, Ханафи мазһабынан Мухаммад бин Хасан әш-Шайбанилер «таза» деген. Имам Шафиғи ауыр «нәжіс» десе, Имам Әбу Ханифа, Имам Әбу Юсуфтар «жеңіл нәжіске» жатады деген. Түйенің зәрін «таза» дейтін ғалымдар мына хадисті дәлел ретінде келтіреді. Әнас ибн Мәликтен (Алла Тағала ол кісіге разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құзырына Ғарина және Ғуқалдан бір топ кісі келді. Оларға Мәдина қаласының ауасы жақпай ауырып қалды. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз жағдайларын айтып шағымданған кезде: «Садақа үшін берілген түйелерге барып, сүті мен зәрін ішіңдер», – деді. Олар солай жасады және жазылып кетті...»[4], – делінген. Егер түйенің зәрі нәжіс болғанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны ішуге бұйырмайтын еді.
Ханафи мазһабында Имам Әбу Юсуф осы хадиске сүйене отырып, түйенің зәрін емдік мақсатта қолданса болады деген. Ал Имам Әбу Ханифа Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Зәрден сақтаныңдар, Өйткені қабір азабының көпшілігі соның себебінен»[5] деген хадисін келтіре отырып, түйенің зәрін нәжіске жатқызып, оны ішуге болмайды деп үкім берген. Ал жоғарыдағы «түйенің сүтін және зәрін ішіп емделіңдер» деген хадиске, «Зәрден сақтаныңдар» деген риуаятпен үкімі жойылған немесе оны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол қауымға ғана арнап айтқан деп түсіндіреді.
Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи өзінің «әл-Бахру әр-Раиқ шарһу канзу ад-дақаииқ» атты кітабында «Ғалымдарымыз харам нәрселермен емделу үкіміне қатысты бір шешімге келіспеген. Алайда «әз-Захира» кітабында «Харамнан басқа еш ем табылмаса және оның құрамында шипаның барлығы нақты болса, онымен емделуге рұқсат» делінген. Қадихан пәтуасында, сондай-ақ, Шафиғи мазһабының «Мажмуғ» атты кітабында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ» деген хадисіне былайша түсіндірме берген: «Бұл тыйым құрамында шипа болмаған нәрселерді ғана көздейді. Егер оның құрамында шипа барлығы анықталса әрі оның орнын басатын басқа дәрі табылмаса қолданудың зияны жоқ».
Үкім:
Әділ әрі сенімді, білікті дәрігер дерттің емі ретінде түйенің зәрін ішуді ұсынса және кері әсері жоқ деген қорытынды шығарса, оны емдік мақсатта қолдануға болады.
[1]Тирмизи риуаят еткен.
[2]Ибн Мәжа риуаят еткен.
[3]Бухари риуаят еткен
[4]Бухари, Муслим келген.
[5]Дарақұтни риуаят еткен.