Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Медицина
        3. ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТА ЖАСАТУДЫҢ ҮКІМІ
        ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТА ЖАСАТУДЫҢ ҮКІМІ

        ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТА ЖАСАТУДЫҢ ҮКІМІ

         

        Пластикалық ота жасатудың үкімі 

        بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ 

        اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ  وَأَمَّا بَعْدُ..

        Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

        Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

        Пластикалық ота дегеніміз адам дене мүшесінің туабітті немесе кейіннен (жазатайым оқиғаның, өрттің т.б. салдарынан) пайда болатын кемістіктерді қалпына келтіру үшін емделу мақсатында немесе тәндері сау бола тұра әсемдік мақсатында жүргізілетін хирургиялық операция[1]

        Пластикалық ота жасау ерікті немесе еріксіз болып екіге бөлінеді:

        1. Еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасау. Бұл адам ағзаларындағы барлық кемістікті емдеу үшін жасалатын ота. Оған саусақтың жабысуы, қоян ерін, адамның табиғи жаратылысымен үйлеспейтін, адамға психологиялық тұрғыдан кері әсер ететін ағзадағы кемшіліктер тәрізді туабітті немесе кейіннен жол апаты, күйіп қалу т.б. секілді жағдайларда туындаған кемістіктер жатады.

        Емдік мақсатында пластикалық ота жасатудың бұл түріне рұқсат етіледі. Оған төмендегі мына дәлелдер айғақ болады:

        Бірінші: Шариғатымыз адамзаттың болмысын, денсаулығын сақтайтын және олардан зиянды нәрселерді кетіретін бүкіл себептерді ұстануға рұқсат берді. Усама ибн Шәриктен жеткен риуаятта ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» – деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында, Алла әрбір дертті шипасымен қоса түсірді немесе тек бір ғана дерттен басқасының емін жаратты», – деп жауап берді. Сонда олар: «Уа, Алланың елшісі! Ол қай дерт?» – дегенде, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кәрілік», – деді»[2].

        Бұл хадис әрбір дерттің шипасы бар екеніне дәлел. Сондықтан ауырған адамның он екі мүшесі сау болып қоғамға пайдасы тию үшін емделу жолдары қарастырылған. Тіпті, тәжірибелі дәрігерді таңдауға шақырған риуаяттар да келген[3]. Алайда адамның дерті немесе кеселі құрдымға алып баратындай жағдайда болса, шариғатымызда оған емделуді уәжіп етеді. Тіпті, мұндай жағдайда адамның тәні түгелдей опат болып кетпеуі үшін денесінің сау бір бөлігін (тері, кейбір сүйектері) алып, сырқаттанып тұрған жеріне қондыруға рұқсат етеді. Алла Тағала Құранда:

        وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ 

        «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[4], - деп бұйырған.

        Екінші: Ғалымдар емдік мақсатында алтыннан тіс салдыруға, мұрынды протездеуге рұқсат берген[5]. Сондықтан туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді қаз-қалпына келтіру үшін де емдеу мақсатында ота жасатуға болады.

         Үшінші: Пластикалық ота жасатудың бұл түрі шариғатымызда тыйым салынған жаратылысты өзгерту болып саналмайды. Оның себептері төмендегідей:

        1) Пластикалық ота жасатудың бұл түрінде қажеттілікке байланысты өзгертуді талап еткендіктен тыйым салынған дәлелдің құрамына кірмейді. Имам Нәуәуи Абдулла бин Масғудтан (р.а.) жеткен хадистің[6] түсіндірмесінде: «Әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашушы» дегеннің мағынасы әсемдік үшін істегенін білдіреді. Демек, бұл әдемі көріну мақсатында жасалған кезде харам болатынын аңғартады. Ал емделу мақсатында немесе тісіне бір кемістік туындаған сәтте оны түзетудің оқасы жоқ», – деді. Сондықтан имам Нәуәуидің бұл тұжырымы аталмыш ота жасатудың түрі емделу мақсатында болғандықтан жаратылысты өзгерту болып саналмайтынына айғақ болады.

        2) Аталмыш пластикалық операциясында жаратылысты әдейі өзгертіп жатқан жоқ. Керісінше, жазатайым оқиғаның салдарынан емдеу мақсатында істеліп жатыр. Ал әдемілік соның салдарынан туындап жатыр.

        Осыған орай дәрігер де, ауру адам да емдеу мақсатында еріксіз пластикалық операция жасатуға рұқсат етіледі[7].

        2. Ерікті (косметикалық) хирургия. Бұл адамның өз еркімен әдемі көріну мақсатында жасалатын ота. Бұның өзі пішінін өзгерту және жасарту болып екіге бөлінеді.

        Бірінші түріне мұрынның пішінін өзгерту, иекті түзету, омырауды үлкейту немесе кішірейту, отопластика (құлақ қалқандарын түзету), ота арқылы ішті тарту (абдоминопластика) т.б. жатады. Ал екіншісіне бетті тартып, әжімін кетіру, қабақты лазермен тарту тәрізді әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыру мақсатында жасалатын оталар жатады.

        Бірқатар ғалымдар пластикалық отаның аталмыш түрлеріне тыйым салған. Өйткені ол жаратылысты өзгертумен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:

         وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ

        «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін»[8].

        Абдулла ибн Масғұд (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағнеттеді»[9].

        Сондай-ақ, отаның бұл түрі алдамшылықты, көзбояушылықты қамтыған. Ал  бұлар шариғатымызда харам етілген.

        Дегенмен, адамның көркем бейнесінде қандай да бір ақау пайда болса әрі оған психологиялық тұрғыдан кері әсер етсе, онда ерікті пластикалық ота жасап емдеудің оқасы жоқ деген ғалымдар да бар. Бұл кездегі емдеу процесі оны алғашқы үйреншікті, табиғи қалпына қайтару болып саналады. Егер көзбояушылық және Алланың әуелгі табиғи жаратқан бейнесіне өзгеріс енгізу мақсаты болса, оған шариғатымызда қатаң түрде тыйым салады.

         

        Үкім:

        -       Адамның бойында туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді, қалпына келтіру үшін емдеу мақсатында еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасауға рұқсат.

        -       Егер ерікті пластикалық ота табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, әрі айлакерлік, алдамшылық, көзбояушылық мақсат етілсе, онда оған рұқсат етілмейді.

         

         


        [1]Шәуқи Абдуһу әс-Сәһи, «Әл-фикру әл-исләми уә әл-қадая әт-тиббия әл-муғасара», 129-б.

        [2]Термизи, «Тиб» кітабы, №2038, 4/383.

        [3] Задул-Мағад, 3/107.

        [4] «Бақара» сүресі, 195-аят.

        [5]«Әл-Ихтияр» атты кітапта былай келген: «Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша алтыннан тіс салдыруға болмайды. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша (хадисте келгендей алтыннан салдырылған) мұрынға қиястап алтыннан тіс салдыруға рұқсат. Өйткені  Арфажа атты сахабаның соғыста мұрны кесіліп қалғандықтан, ол күмістен мұрын салып алады. Бірақ, күмістен жағымсыз иіс шыққандықтан, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған мұрынды алтыннан салдыруға рұқсат етеді (Нәсәи, 8/163). Сондықтан тіс салдыру да зәрулік болғандықтан оны алтыннан салдыруға болады деді. Ал Әбу Ханифа тістің жағдайындағы зәрулікті ең төменгісімен, яғни күміспен атқаруға да болады. Бірақ мұрынды онымен жүзеге асыра алмайсың. Сондықтан екеуінің арасында айырмашылық бар деді (Әл-Маусули, әл-Ихтияр, 4/127-128).

        [6] Ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хабарда ол былай дейді: «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушы, қас теруші, қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағнеттеді» (Мүслім риуаяты).

        [7] Мұхаммед Халид Мансұр, «әл-Ахкаму әт-тиббия әл-мутағаллақату бин-нисаий фи әл-фиқһи әл-исләми», 188-ші және одан кейінгі беттер.

        [8] Ниса сүресі, 119-аят.

        [9] Хадисті имам Мүслім риуаят еткен.