Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Дұға
        3. ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.Ғ.С.) ҚҰРАН МЕН ІЗГІ АМАЛДАРДЫҢ САУАБЫН БАҒЫШТАУҒА БОЛА МА?
        ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.Ғ.С.)  ҚҰРАН МЕН  ІЗГІ АМАЛДАРДЫҢ САУАБЫН БАҒЫШТАУҒА БОЛА МА?

        ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.Ғ.С.) ҚҰРАН МЕН ІЗГІ АМАЛДАРДЫҢ САУАБЫН БАҒЫШТАУҒА БОЛА МА?

         

        Сұрақ: Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  Құран мен  ізгі амалдардың сауабын бағыштауға бола ма?

        Жауап: – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ізгі амалдардың сауабын бағыштау жөнінде ғұламалардың арасында екі көзқарас бар.

        Бірінші көзқарас: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ізгі амалдардың сауабын бағыштауға рұқсат жоқ. Өйткені, хадистен бұған рұқсат бергендігі туралы ешбір дерек келмеген. Cодан    Алла Елшісі  (с.ғ.с.)  ізгі амалдарға мұқтаж деген түсінік шығады. Керісінше, үмметтің істеген бүкіл жақсылықтарының сауабы Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) амал кітабына жазылады. Себебі, ол тура жолға бағыттауға себепші болған ең алғашқы тұлға. Оған  ізгі амалдың сауабын бағыштауды ниет ету істеліп қойылған істі қайта істеу дегені. Ал оның ешқандай қажеттілігі жоқ»,– дейді.

        Имам Нәуәуи былай дейді: «Құранның сауабын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бағыштау жөнінде сүйенетін ешбір дерек келмеген. Одан тыйылған дұрыс. Өйткені, ол рұқсат етілмеген іске бас сұғу болып саналады. Оған қоса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шариғатты алып келгендігі үшін тиләуаттың сауабы оған былай-ақ барып тұрады. Сондай-ақ бүкіл үмметтің істеген амалдары оның таразысында. Расында, Алла Тағала бізге Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуды әмір етті, әрі  Расулалла  (с.ғ.с.) да оған ынталандырды. Сондай-ақ оған «уәсилет» сұрауымызды әрі оның құрметімен дұға тілеуімізге рұқсат берді. Ендеше осы рұқсат берілгенмен  шектелу қажет...». Ибн Қади Шуһбә: «Дұрысы осы. Дәрежесі жоғары тұлғалармен әдепті ұстану әдептілік әрі діндарлық. Үмметтің жасаған уәжіп және мұстаһаб амалдары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) амал  кітабына жазылады».

        Әл-Хатиб әш-Ширбини: «Шейх Тажуддин әл-Фазари бұған тыйым салды. Негізгі себебі ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәртебесіне байланысты тек  рұқсат етілген істерді ғана істеуге болатынын келтірді. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тек салауат айтуды және оған «уәсила» сұрауға ғана рұқсат берді»[1], - дейді.

        Әд-Дәрдир әл-Мәлики: «Біздің кейбір ғұламаларымыз «Фатиха» сүресін оқып оның сауабын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бағыштауды мәкруһ деп ашық айтқан»[2], - дейді.

        Екінші көзқарас: Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ізгі амалдардың сауабын бағыштауға рұқсат береді. Әл-Хатиб әш-Ширбини былай дейді: «Кейбір ғалымдар бұған рұқсат берді. Бұл әс-Субкидің де көзқарасы. Оған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін Ибн Омардың (р.а.) оның атынан, Ол (с.ғ.с.)  өсиет етпесе де, умра жасағанын дәлел ретінде келтірді. Имам Ғазали «Ихия улуми әд-дин» атты кітабында Әли бин әл-Муаффақтың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атынан қажылық жасағандығын, Мұхаммед ибн Исхақ әс-Сирож ән-Нәйсабуридің Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  атынан он мыңнан астам Құран хатым түсіріп  құрбандық шалғандығын да  келтірген»[3].

        Әл-Баһути әл-Ханбали: «Мұсылманның істеген әрбір ізгі амалының сауабын немесе кейбірін мысалы, жартысын, үштен бірін, төрттен бірін, мұсылманнның марқұмдарына немесе тірілеріне бағыштаса рұқсат әрі оның сауабының пайдасы оларға тиеді. Тіпті, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бағыштауға да болады»[4], - деген.

        Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин «Радду әл-мухтар әлә әд-дурри әл-мухтар» атты кітапта былай деген:«Ибн  Хажар «Әл-Фатауа әл-фиқһия» атты кітапта: «Ибн Таймия Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құранның сауабын бағыштауға тыйым салды. Өйткені Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  мәртебесіне байланысты тек  рұқсат етілген істерді ғана істеу керек. Ол оған салауат айту және «уәсилет» сұрау дейді. Алайда әс-Субки және одан басқа ғұламалар оған қарсы жауап айтып былай деді: «Расында, мұндай нәрселер арнайы рұқсатты қажет етпейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан  кейін Ол (с.ғ.с.)  өсиет етпесе де Ибн Омардың (р.а.) оның атынан умра жасағанын,  Ибн әл-Муаффақтың қажылық жасағандығын, Ибн әс-Сирождің он мыңнан астам Құран хатым түсіріп әрі құрбандық шалғандығын қарамайсың ба?»,–деп өз уәжін айтады.

        Мұндай пікірді Ханафи мәзһабының мүфтиі ән-Нуәйри  «әл-Бахр»  кітабының   авторы  шейх  әш-Шиһаб Ахмад бин әш-Шәләбидің ән-Нуәйри «әт-Тайиба» шархынан келтіргенін кездестірдім. Соның бірі Ханбали мәзһабының тұлғасы Ибн Ақилдің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құранның сауабын бағыштау мұстаһаб дегенін келтірген.

        Біздің ғалымдарымыз: «Ізгі амалдың сауабын өзгеге бағыштаудың құрамына  Алла Елшісі  (с.ғ.с.) да кіреді. Бізді адасушылықтан құтқарғаны үшін ол оған лайықтырақ әрі ол шүкіршіліктің және алғыс айтудың бір түрі. Кемел сипатқа ие тұлға кемелдікті арттыруды қабыл етеді»,– деген пікірде.

        Ал тыйым салушылардың: «Бұл істеліп қойған істі қайта істеу, өйткені үмметтің амалдары оның таразысына жазылады» дегеніне былай жауап берген: «Оған ешқандай тыйым жоқ. Өйткені Алла Тағала бізге Өзі оған салауат айтқандығы туралы хабар берді. Содан кейін оған «Уа, Алла! Мұхаммедке салауатыңды жаудыр» деп салауат айтуымызды әмір етті»[5]

        Осыған орай, Пайғамбрымызға (с.ғ.с.) Құранның және басқа да ізгі амалдардың сауабын бағыштауға болады дейміз. Алла толық білуші. 

         

          



        [1]Муғни әл-мухтаж, 4/111.

        [2]әш-Шарху әл-кәбир маға хашияти әд-дусуқи, 2/10.

        [3]Муғни әл-мухтаж, 4/111. Тухфату әл-мухтаж, 7/76. Нихаяту әл-мухтаж, 6/93.

        [4]Кәшфу әл-қаннағ, 2/147.

        [5] Ибн Абидин, «Радду әл-мухтар әлә әд-дурри әл-мухтар шарха тәнуири әл-әбсар», 3/153.