САПАРДА ЕКІ НАМАЗДЫ ҚОСЫП ӨТЕУГЕ БОЛА МА?
Сұрақ: Сапарда бесін мен екінті намазын қосып өтеуге бола ма?
Жауап: Ханафи бойынша екі намазды қосып оқу тек қажылық кезінде, Арафа мен Муздалифада ғана рұқсат етіледі. Сапарда, тұрғылықты кезде екі намазды біріктіріп бір уақытта оқуға болмайды[1]. Өйткені, әр намазды өз уақытысында оқу парыз. Ол жайлы Алла Тағала Құранда былай дейді:
إِنَّ الصَّلاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا
«Расында, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді»[2]. Ал, хадистегі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда екі намазды қосып оқыды дегеннің мағынасы: бірінші (бесін немесе шам) намазын ақырғы уақытына кешіктіріп барып оқиды да екіншісін (екінті немесе құптан) әуелгі уақытысында өтейді[3]. Оған дәлел: Айша (оған Алла разы болсын) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда бесінді кешіктіріп екінті намазын алғашқы уақытында және шамды кешіктіріп құптанды әуелгі уақытысында оқыды»[4].
Нафиғ және Абдулла ибн Уақидтан жеткен хабарда былай делінген: Ибн Омардың (ол екеуінен Алла разы болсын) азаншысы: «Намаз оқимыз ба? - дегенде, Ол: – Жүре бер, - деді. Тіпті шапақтың кетуіне аз ғана уақыт қалғанда (көлігінен) түсіп шамды оқыды. Кейін кішкене күтіп шапақ кеткенде құптанды оқыды. Сосын былай деді: Расында, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жерге асығып тұрса, мен қалай істеген болсам солай істейтін еді...»[5].