Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Фиқһ
        3. Аманатқа қойылған заттың құны қай жағдайда өтеледі?
        Аманатқа қойылған заттың құны қай жағдайда өтеледі?

        Аманатқа қойылған заттың құны қай жағдайда өтеледі?

        Аманатқа берілген зат – сенімді адамға қалдырылған мүлікті білдіреді. Шариғат бойынша аманатқа қойылған затты сақтап, ешқандай зиян тигізбей дәл сол күйінде өз иесіне қайтару қажет. Бұған қатысты Алла Тағала Құранда былай деген:

        إِنَّ اللهَ يَأْمُرُكُمْ أَنْ تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَي أَهْلِهَا

        «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды бұйырады»[1]. Сонымен қатар осы мәселеге қатысты Жаратушы Иеміз басқа аятта былай дейді:

        فَإِنْ أَمِنَ بَعْضُكُمْ بَعْضًا فَلْيُؤَدِّ الَّذِي اؤْتُمِنَ أَمَانَتَهُ وَلْيَتَّقِ اللَّهَ رَبَّهُ

        «Егер бір-біріңе сеніп берсеңдер, аманат тапсырылған (адам) аманатын орындасын және Раббысы – Алладан (Оның тыйғандарынан) қорқып, сақтансын»[2].

        Алайда аманатқа қойылған зат табиғи апаттан жойылса немесе ұрланса сақтаушы шығынын өтемейді. Әмр ибн Шуғайптан (Алла одан разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

        لَيْسَ عَلَى الْمُسْتَوْدِعِ غَيْرِ الْمُغِلِّ ضَمَان.

        «Берілген аманатқа қиянат жасамайтын сақтаушыға шығын өтемі жоқ»[3].

        Мәусули «әл-ихтияр» атты кітабында былай келтірген: «әл-Уадиға – бұл аманат ретінде сақтауға берілген зат. Егер сақтаушы қолына берілген затты қасақана әдейі бүлдірмесе, онда ол, сол заттың материалдық шығынын өтеуге міндетті емес»[4].

        Қорыта айтқанда, бір затты аманатқа алған адам, сақтау талаптарын толық жүзеге асырғандығына қарамастан ол зат ұрланса, оған жауапты болмайды және шығынын өтемейді. Ал немқұрайлы қарап, сақтау талаптарын орындамаса, амантқа қойылған нәрсенің құнын өтейді.

        Дұрысы бір Аллаға мәлім!      

         

        Дархан Манарбекұлы

        Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы

         

        [1] «Ниса» сүресі, 58-аят.

        [2] «Бақара» сүресі, 283-аят.

        [3] Имам әд-Дарақутни, «Сунан», «китаб әл-буюғ», 3/41.

        [4] «әл-Ихтияр ли тағлили әл-мұхтар», 3/29.