ӘЗ-НАУРЫЗ - ДІНИ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің рухани құндылығы, салт-дәстүрі, діні мен тілі қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болды. Соның ішінде жыл басы, күн мен түннің теңелген күні, жаңару мен жасарудың, береке-бірліктің мейрамы, мұсылман қазақ ұлтының рухани құндылыққа толы қастерлі мерекесі әз-Наурыз.
Қазақ халқы ерте заманнан бері осынау күнді ерекше сезіммен қарсы алған. Қыстан күйзеліп шыққан, аузы аққа тиген ел Құдайға шүкірлік айтып, мереке қылған. Ағаш отырғызу, ұлттық тағамдарды әзірлеу, түрлі спорт ойындарын өткізу арқылы халқымыз бұл күннің құрметіне бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатқан, адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурыз көже болған. Көже ішу жыл бойы тоқшылық болудың белгісі саналған. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Атам Қазақ әз-Наурыз мерекесінде «Ақ мол болсын!», «Жаратушымыз жарылқасын!» деп, ізгі тілектерін айтқан.
Наурызға қатысты ел ішінде әр алуан ой тудырып, қисынсыз пікір таратушылар да жоқ емес. Олар бұл мейрамның ежелгі отқа табынушылардың діни рәсімі екендігін, исламға қарсы тұстарын қамтитындығын алға тартқан. Ертеде шығыс халықтары Наурыздың 21-ші жұлдызында түнде отты алаулатып жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алатын болған. Наурыз мерекесінде олар от жағып, үстінен секірген, солай өздерін пәле-жаладан тазартқан.
Алайда, отқа табыну ислам сенімі бойынша Ұлы Жаратушыға серік қосқандық (шірк) болып саналады. Ханафи мәзһабының фиқһ және пәтуа кітаптарында кездесетін ғұламаларымыздың наурызға қатысты «тойлау харам, тойлау күпірлік» секілді үкімдері тікелей отқа табынушылық дініне қатысты айтылған. Яғни, отқа табынушылық дінін ұлықтау мақсатында азғындық қылықтар жасау, ритуалдарын жүзеге асыру хақ сенімге қайшы болғандықтан бұл мерекені тойлаған кісі «күпірлікке түседі, харам іс жасағандардың қатарына жатады» деп үкім берген. Ал қазіргі уақытта мерекенің аты қалғанымен, оның бұрынғы мазмұны мен маңызы, өткізу тәртібі түбегейлі өзгерді, жойылды. Кейінгі дәуірлерде мұсылман басшыларының да наурыздың тойлануына қарсылық білдірмегені сондықтан шығар.
Хазіреті Әли және Муғауия сынды сахабалардың Наурыз мерекесіне қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазіреті Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп, сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен.
Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген» деген дерек келтіреді. Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді.
Кез-келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Бүгінде наурыз мейрамы діни ерекшеліктерін жоғалтып, отқа табынушылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Оған дәлел мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде «Әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады деген заңнамалық қағида.
Наурыз мерекесін тойлау шариғатқа қайшы емес, оны бұзылған діни сенімдерге байланыстыруға да ешқандай негіз жоқ, керісінше осындай салт-дәстүрлеріміз арқылы халқымыздың ынтымақ-бірлігі күшейеді, туыстық, достық қарым-қатынастар нығаяды, сүйіспеншіліктері артады. Ендеше, әз-Наурызды жатсыну, халық арасында дау тудыру, салт-санаға шабуыл жасау – ағаттық. Діні мен дүниесін қатар ұстаған халқымыздың бұрын бөлмегенін бүгін бөлудің ешқандай мәні жоқ.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі