Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Қаржы
        3. ДЕЛДАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ
        ДЕЛДАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ

        ДЕЛДАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ

         

        Делдалдық қызмет

         

        Делдалдық – сатушы мен алушыны келістіріп, сауда-саттықтың жүзеге асуына көмектесуге бағытталған іс-әрекет[1]. «Делдал» деп сатуға немесе сатып алуға көмектесуші, сатушы мен алушыны табыстырушы адамға айтылады. Делдал кейде сатушы немесе алушы тарапынан, кейде екі тараптан да уәкіл етіледі[2]. Қазіргі уақытта ол агент, брокер, дилер, маклер деп аталады.

         

        Шариғатымызда делдалдық қызметіне рұқсат етілген. Себебі, делдалдық арқылы адамдар бір-біріне жақсылыққа жәрдемдеседі. Алла Тағала:

         

        4"تعاونوا على البر والتقوى"

         

        «Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер!»[3] дейді.

         

        Исламның бастапқы кезеңінде сахабалар делдалдық қызметпен айналысқан. Қайс ибн Ғаразаның «Біз Мадинада сауда жасайтын едік. Өзімізді делдал деп атайтынбыз. Халық та бізді солай атайтын. Бір жолы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, бізді одан да жақсы есіммен атап: «Уа, саудагерлер қауымы! Шындығында, сауда жасағанда сендерде ант ету, бекер сөз сөйлеу көп кездеседі. Сол арада садақа беріп тұрыңдар» деп жеткізген хадисі делдалдықтың шариғатқа қайшы еместігін айғақтайды[4].

         

        Делдалдың ақысы екі жолмен белгіленеді:

        1) нақты ақшамен;

        2) сауда затының белгілі пайыздық мөлшерімен.

         

        Бірінші мәселенің мысалы, бір адам басқа бір адамға «Менің үйімді сатып алатын адам тап. Сатып алушымен келісе алсақ, саған 100 мың теңге беремін» дейді. Бұл келісімде мерзім белгіленбейді. Бірақ іс соңына жеткенде келісілген мөлшерді төлейді. Егер ертеңгі күні-ақ сатып алушы табылып, үй сатылып кетсе, делдалға 100 мың теңге беріледі. Ал бір-екі ай жүріп, сатып алушы табылмаса немесе екі тарап келісе алмаса, делдалға ештеңе берілмейді.

         

        Бұл келісім түрі «жуалә» деп аталады. Мұнда белгілі бір істің нәтижесі үшін ақы тағайындалады, мерзім немесе клиент іздеу сияқты шарттар айтылмайды.

         

        Бұған Құран Кәрімдегі «Қуғыншылардың басшысы: «Патшаның сусын құятын бағалы ыдысы жоғалды, соны іздеп жүрміз. Оны тауып әкелгенге сыйақы ретінде бір түйе жүк боларлық астық беріледі. Мен кепілдік беремін», – деді»[5] деген аят дәлел. Бұл аятта баян етілген келісімде мерзім де, істің көлемі де көрсетілмеген, тек нәтиже үшін ақы берілу айтылған. Осы мәселе негізінде ханафи мазхабының кейінгі ғалымдары делдалдықтың дұрыстығына пәтуа айтқан. «Радд әл-мұхтар» кітабының авторы Ибн Абидин «Делдалдық жайыз» деген. Ибн Құдамәның «Муғни» атты кітабында Әбу Ханифадан жуаләның дұрыс екендігі айтылған[6].

         

        Екінші мәселе бойынша, кейінгі заман ғалымы Ибн Абидин қызмет түрі бірдей болса да, оған берілетін ақы түрліше болуын айтады. Оған қайысқа тесік салу мен асыл тасты қашауды мысал келтіреді. Бұл екі істің қызмет ақысы екі түрлі болуы табиғи. Сондықтан сатылған заттың бағасынан белгілі мөлшерде (пайызда) қызмет ақысын белгілеудің дұрыстығына пәтуа береді.

         

        Сатушы немесе алушының біреуімен құпия келісіп жасалған делдалдық әрекеті дұрыс емес. Делдалдың осы тәсілмен тапқан ақшасы – харам.

         

        ҮКІМ

        Делдалдық халал кәсіп қатарына жатады. Оның ақысы нақты ақшамен немесе сатып алынатын заттың белгілі пайыздық мөлшерімен анықталады. Делдалдың сатушы немесе сатып алушымен құпия іс жүргізуі күнә саналады.

         

        Ең дұрысы Аллаға мәлім!



        [1] Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 4/608.

        [2] «Мабсут Сарахси», 15/115.

        [3] «Мәида» сүресі, 2-аят.

        [4] Ибн Мажә риуаят еткен, 4463.

        [5] «Юсуф» сүресі, 72-аят.

        [6] «Иғлаъ ас-сунән», 13/40.