Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Хадис
        3. «Сен болмағанда, Мен бұл әлемді жаратпас едім» деген хадис бар ма?
        «Сен болмағанда, Мен бұл әлемді жаратпас едім»  деген хадис бар ма?

        «Сен болмағанда, Мен бұл әлемді жаратпас едім» деген хадис бар ма?

         

        Жалпы бұл мәселеге қатысты Мулла Али әл-Қари «әл-Мәудуғату әл-кубра» атты кітабында:

        لَوْلاكَ لَمَا خَلَقْتُ الأَفْلاكَ

        «Сен болмағанда Мен бұл әлемді жаратпас едім» деген риуаят келтірген. Алайда бұған әс-Сағани маудуғ[1] (ойдан шығарылған) деп баға берген, бірақ мағынасын дұрыс санаған[2].

        Себебі әд-Дәйләми Ибн Аббастан (Алла ол екеуінен разы болғай) мына марфуғ[3] риуаятты жеткізеді:

        أَتَانِي جِبْرِيلُ ، فَقَالَ:يَا مُحَمَّدُ لَوْلَاكَ مَا خُلِقَتِ الْجَنَّةُ، وَلَوْلَاكَ مَا خُلِقَتِ النَّارُ

        «Маған Жебрейіл (Алланың оған сәлемі болсын) келіп: «Уа, Мұхаммед! Егер сен болмағанда жұмақ жаратылмас еді және егер Сен болмағанда тамұқ та жаратылмас еді»,- деді»[4].

        Сондай-ақ, Ибн Асакир жеткізген риуаятта да былай делінген:

        لَوْلَاكَ مَا خُلِقَتِ الدُّنْيَا

        «Егер Сен болмағанда, дүние жаратылмас еді»[5].

        Бұл сөйлемнің мағынасы ислам ақидасына қайшы емес. Өйткені Алла Тағала Құранда былай деген:

        وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنْسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

        «Мен жындар мен адам баласын Өзіме құлшылық ету үшін жараттым»[6].

        Алла жындар мен адам баласын құлшылық ету үшін ғана жаратқан. Сол құлшылық етушілердің ең абзалы әрі құрметтісі – Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Ол – құлшылықтың, таухидтың рәмізі. Сондай-ақ аятта бүкіл жаратылысты емес, адам мен жынды ғана айтты. Ал басқа жаратылыстарды Алла адам баласының қызметіне жаратып қойған. Ол жайлы Құранда:

        وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مِّنْهُ

        «Сондай-ақ Ол күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрін Өзінің шексіз шарапатымен сендерге бағынышты қылды»[7], – делінген[8].

        Яғни, аспан мен жердегі барлық нәрсенің миссиясы адам баласына қызмет ету. Ал адам мен жындардың миссиясы Аллаға құлшылық ету. Сол құлшылық етушілердің ең абзалы әрі адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Демек бұл әлем адам баласы құлшылық етуі үшін жаратылған болса, онда «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты ме сәлемі болсын) болмағанда, бұл әлем жаратылмас еді» деген сөз мағыналық тұрғыдан дұрыс саналады.

         

         

        Дархан Манарбекұлы

        Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы

         

        [1] Mayдуғ хадис – Алла Елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан ойдан шығарылған жалған хадис. Жалған хадисті риуаят етудің үкімі: Ғалымдар бір ауыздан жалған хадисті біле тұра риуаят етуге тыйым салады. Жеткізген жағдайда да жалған екендігі айтылуы керек. Муслимнiң хадисінде пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім, жалған деп ойлаған хадисті менің атымнан жеткізген болса, ол — жалған сөйлеушілердің бірі», – деген (Сахих Муслимнің кіріспесі, имам ән-Науауидің түсіндірмесі 1/62).

        [2] Әл-әсрару әл-мәрфуға фи әхбәри әл-мәудуға, 1/295.

        [3] Марфуғ – Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) телінген сөз, іс, келісім және сипат. «Марфуғ» сөзі араб тілінде «көтерілген», «жоғарылатылған», «биіктетілген» деген мағыналарды білдіреді. Бұл хадис ілімінде қолданылатын термин.

        [4] «Кәшф әл-Хафа», 2/191. Осы риуаятқа ұқсас Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) «...Мұхаммад болмағанда Адамды да, жұмақ пен тозақты да жаратпас едім...» делінген хадисі бар (имам Хаким ән-Найсабури «әл-Мустадрак», 2/671.) Бұл хадистердің дәрежесі жайлы хадис саласының білгір ғалымдары арасында «сахих», «әлсіз», «ойдан шығарылған» деген сияқты түрлі қайшы пікір бар. Бұл хадистердің жету жолдарына байланысты пікірлері. Алайда мәтіні мен мағынасы жоғарыда түсіндіргеніміздей дұрыс.

        [5] Муснәд әл-фирдаус, 2/227.

        [6] «Зарият» сүресі, 56-аят.

        [7] «әл-Жәсия» сүресі, 13-аят.

        [8] Али Жұма, «әл-Баяну лимә яштәғилу әл-әзһән», 152.