Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Қажылық
        3. ДЕНІ САУ АДАМНЫҢ АТЫНАН ҰМРА (КІШІ ҚАЖЫЛЫҚ) ЖАСАУҒА БОЛА МА?
        ДЕНІ САУ АДАМНЫҢ АТЫНАН ҰМРА (КІШІ ҚАЖЫЛЫҚ) ЖАСАУҒА БОЛА МА?

        ДЕНІ САУ АДАМНЫҢ АТЫНАН ҰМРА (КІШІ ҚАЖЫЛЫҚ) ЖАСАУҒА БОЛА МА?

          

        Шариғатымызда ғибадаттың үш түрі бар:

        1. Мал-мүлікпен атқарылатын ғибадат. Оған зекет беру, пітір-садақа, т.б. жатады.

        2. Физикалық тұрғыда, яғни тәннің қатысуымен іске асатын ғибадат. Мысалы: намаз, ораза.

        3. Екеуімен де атқарылатын құлшылық, яғни мал-мүлікпен қатар физикалық тұрғыда жасалатын ғибадат, ол – қажылық[1]

        Қажылық пен ұмраның ерекшелігі – бұл ғибадатты өзге адамның атынан өтеуге, яғни өкілдік беруге рұқсат етілген. Сондықтан қайтыс болған немесе тірі мұсылман адамның атынан қажылық пен ұмра жасауға болады. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Менің қажылық я ұмра жасауға және ол жаққа сапарға шығуға шамасы келмейтін қарт әкем бар. Оның атынан қажылық пен ұмра жасауыма бола ма?», – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкеңнің атынан қажылық пен ұмра жаса»[2], – дейді.

        Алайда біреудің атынан парыз қажылығын өтеу үшін, жіберуші адамның өмірінің соңына дейін қажылық жасауға шамасы келмеуі шарт етіледі. Ал нәпіл қажылығында мұндай шарт талап етілмейді.

        «Әл-Һидаяның» түсіндірмесі болып табылатын «әл-Иная» атты еңбекте: «Нәпіл қажылық жасауға (өзі құлшылық етуге) шамасы жетіп тұрса да, өзгені өз атынан өкіл етіп жіберуге рұқсат етіледі»[3], – деп келген. 

        Имам Сарахси «әл-Мәбсут» атты кітапта:  

        «Дені сау адамның атынан нәпіл қажылық жасауға болады. Яғни, денсаулығы жарамды адам мал-мүлкімен басқа біреуді өзінің атынан нәпіл қажылыққа жіберуге рұқсат. Өйткені мал-дүниесін қажылық жолына жұмсап, оны өзі жасаса, ұлы бір құлшылық болар еді. Дәл солай ол мүлкін басқа біреуге беріп, өзінің атынан қажылық жасатуына да болады. Алайда өкілдік арқылы денсаулығының сау болуы парызды өтеуге кедергі болғанымен, нәпіл құлшылықты өтеуге тосқауыл болмайды. Себебі нәпілде кез келген іс кеңінен қарастырылады. Өйткені нәпіл намазды тұрып оқуға шамасы келсе де, отырып оқуға рұқсат береді. Ал парыз намазды олай оқуға болмайды. Қажылық мәселесі де осылай қарастырылады»[4], – деп жазылған.

        Ұмра мен нәпіл қажылық мал-мүлікпен қатар физикалық тұрғыда атқарылатын ғибадат әрі нәпіл құлшылық болғандықтан, екеуінің үкімі бірдей. Сондықтан ұмраға баруға денсаулығы жараса да, жарамаса да біреуді өзінің атынан ұмра жасатуына болады. Ескеретін жайт, ешқандай туыстығы жоқ басқа адамды ұмраға жіберген жағдайда, жіберуші адамның оған рұқсат беруі шарт болып табылады. Ал бұл міндетті бұрын ұмра қажылығын өтеген адамға жүктеген абзал[5].

         

        Ең дұрысы Аллаға ғана мәлім!

         

        Бауыржан Абдуалиев

         



        [1] Фәтәуа әл-Һиндия, 1/283.

        [2] Ахмад, №15751. Нәсәи, №2621. 

        [3] Әл-Бәбурти, Әл-инәяту шәрху әл-һидая, 1/192.

        [4] Сарахси, әл-Мәбсут, 4/152.

        [5] Фәтәуа әл-Һиндия, 1/320.