Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Фиқһ
        3. ҚҰРБАНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
        ҚҰРБАНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

        ҚҰРБАНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

         

        С: Құрбандық дегеніміз не?

        Ж: Құрбан – жақындау деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен сойылған малдың аты.

        С: Құрбандық шалу кімге міндетті?

        Ж: Құрбан айт күндері құрбандық шалу жағдайы бар (негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша), азат, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп.

        С: Құрбандықтың қандай түрлері бар?

        Ж: Құрбандықтың бірнеше түрі бар. Мысалы  дүниеге сәби келгенде, Алла Тағаланың нәсіп еткен перзентіне шүкір ретінде шалынатын малға «ақиқа» құрбаны делінеді. Сондай-ақ, белгілі шарттардың орындалуына байланысты мұсылман баласы бір малды құрбандыққа шаламын деп уәде етіп, уәденің уақыты келгенде шалатын малға «нәзір құрбаны» делінеді. Мысалы ауырып жатқан адам осы ауруымнан айықсам, бір қойды құрбандыққа шаламын деп ниет етсе, ауруынан айыққан жағдайда, бір қойды құрбандыққа шалуы уәжіп (міндет) болады.  Ескерту: «Нәзір» құрбанына шалынған малдың етінен, шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне тіпті ата-әжелеріне жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедей-кепшіктерге таратылуы тиіс. «Ақиқа» құрбанының етінен шалған адамның өзі жей алады. Қаласа садақа етеді. 

        С: Құрбандыққа қандай мал сойылуы керек? 

        Ж: Құрбандық түйе, сиыр, қой, ешкі болады. Олардан басқасын союға болмайды. Малдың еркек, ұрғашысының айырмашылығы жоқ.

        С: Құрбандыққа шалынатын малдың жасы қаншада болуы керек?

        Ж: Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асып екінші жылға кіргені, сондай-ақ алты айлық марқа қозы (бір жасар қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Сиырдың екі жасқа толып, үшінші жылға кіргенін, ал түйеден жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргенін құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.

        С: Кемшіліктері болмауы керек дегенді қалай түсінуге болады?

        Ж: Мүшелері сау болуы керек. Аяғы сынған не кесілгенін союға болмайды. Сондай-ақ, құлағы не құйрығы кесілген, не соқыр, не айналма немесе соятын жерге бара алмайтын ақсақ болмауы керек.

        С: Құлағының немесе құйрығының кейбір бөлігі кесілген малды құрбандыққа союға бола ма?

        Ж: Егер құлағының не құйрығының көп бөлігі кесілген болса құрбандыққа союға болмайды.

        С: Құрбандықтың кейбір түрлерін екі одан да көп кісі бірігіп сойса бола ма?

        Ж: Иә, түйе мен сиырды құрбандық ниетіндегі жеті кісі сойса болады.

        С: Жеті кісі бір түйеге не сиырға ортақтасып, олардың арасында бір кісі тек ет алуды қаласа бола ма?

        Ж: Бір кісінің ниеті сондай болса қалғандарының сойған құрбандары дұрыс болмайды.

        С: Көкірегінен пышақ сұғып сою мен бауыздаудың реті қалай?

        Ж: Түйені көкірегінен сою, ал сиыр мен қойды бауыздау сүннет. Керісінше істесе мәкруһ болады.

        С: Құрбандық шалу қай уақыттан басталады?

        Ж: Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

        С: Құрбан шалушы өзі бауыздауы керек пе?

        Ж: Өзі бауыздауы шарт емес. Басқа біреуге сойдырса болады. Ең дұрысы құрбан шалу рәсімін өзі бақылып қадағалағаны.

        С: Құрбандыққа аталған малдың сүтін сауып алуға бола ма?

        Ж: Құрбандық малын саумайды. Сүтінің ағуын тоқтату үшін емшегіне салқын су себеді.

        С: Құрбандыққа шалатын малдың мұрындық, жүгендерін не істейді?

        Ж: Оларды садақаға береді.

        С: Малды сойған қасапшының ақысын құрбандықтың етінен берсе бола ма?

        Ж: Құрбанның етінен қасапшыға берілмейді. Оның ақысын құрбандық сойдырушы өзінің жанынан береді.

        С: Құрбандық етін қалай үлестіреді?

        Ж: Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату - мұстахап. Бір бөлігі - туған-туыстарына, екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.