Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Қажылық
        3. БІР САПАРДА БІРНЕШЕ РЕТ ҰМРА ЖАСАУҒА БОЛА МА?
        БІР САПАРДА БІРНЕШЕ РЕТ ҰМРА ЖАСАУҒА БОЛА МА?

        БІР САПАРДА БІРНЕШЕ РЕТ ҰМРА ЖАСАУҒА БОЛА МА?

          


        Ұмра – ихрамға кіріп, тәуап пен сағи[1] жасаған соң, шашты толықтай алып немесе қысқартып, ихрамнан шығатын ғибадат.

        Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

        العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما

        «Бір ұмра мен екініші ұмра – араларындағы (күнәлардың) кешірілуіне себеп болады»[2],- деген. Сондықтан ұмраны барынша көбірек жасаған дұрыс.

        Ұмраның белгіленген мерзімі жоқ. Оны жылдың кез келген уақытында жасауға болады. Алайда бұл ғибадатты тек Арапа, Құрбан айт және ташриқ күндерінде жасау мәкруһ[3]. Тіпті бір сапардың өзінде бірнеше ұмра жасауға рұқсат етіледі. Яғни, тәматтуғ[4] қажылығын орындап жатқан қажылар Арапа, Құрбан айт және ташриқтан басқа күндерде ұмраны бірнеше рет орындауына болады. Себебі олар ұмрадан шығып, қажылық ихрамын кигенше Мекке тұрғандарының қатарынан саналады. Ал Меккеліктер ұмраға ихрамды Танғим[5] деген жерден киеді. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға қажылықтан кейін Танғимға барып, ихрамға кіріп ұмра жасауына рұқсат берген[6]

        Ибн Абидин «Радду әл-мухтар» атты еңбегінде: «Ол тәуап етіп, жоғары да айтып өткеніміздей Сафа мен Маруаның арасында сағи жасайды. Одан кейін шашын алады немесе қаласа қысқартады. Тәуаптың бірінші айналымында тәлбияны тоқтатады. Сосын ол жерде Мекке тұрғындары секілді тұрады. Одан кейін қажылыққа ихрам киеді. Бұл - ихрам кимеген адамдарға не нәрсе істеуге рұқсат болса, оларға да соны жасауға болатынын аңғартады. Демек ол адам қажылықтан бұрын қалағаныша тәуап және ұмра жасауына болады»[7], – деген. 

        Ибн Нужәйм: «Сапарға тәматтуғ ниетімен шыққан адамға ұмра жасауға тыйым салынбайды. Тіпті ұмраны бірнеше рет қайталауына да рұқсат. Өйткені ұмра тәуап секілді дербес құлшылық болып саналады»[8], – дейді. 

        Ендеше, арапа, құрбан айт және ташриқ күндерінен басқа уақыттарда бір сапарда бірнеше рет ұмра жасауға рұқсат етіледі.



        Бауыржан Абдуалиев




        [1] Сағи  – ұмра мен қажылықтың міндетті жоралғыла­рының бірі болып табылатын Қағбаға жақын орналасқан екі төбенің, Сафа мен Маруаның арасында жүгіру. 

        [2] Бухари, №1773. Муслим, 1349.

        [3] Маусули, әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 1/491.

        [4] Тәматтуғ – қажылықты өтеудің бір түрі. Қажылықтың бұл түрінде алдымен ұмра жасап, одан кейін ихрам халінен шығады. Одан кейін қажылық уақытына дейін оған ихрам кезінде тыйым салынатын барлық нәрселер рұқсат етіледі. Қажылық уақыты басталғанда қайтадан ихрамға кіріп қажылығын жалғастырады. 

        [5] Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында Харам аймағының сыртында болған жердің аты. Мекке тұрғындары ұмра жасау үшін Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар көп жағдайда осы Танғимге барады. Сол сияқты ұмра немесе қажылыққа келген Мекке қаласынан басқа елдің тұрғындары да Меккеде болған кездерінде тағы ұмра жасағылары келсе, Мекке тұрғындары секілді Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар да  көп жағдайда осы Танғимге барады. Танғимде Айша анамыздың атындағы мешіт бар. Сондықтан ол жер «Айша мешіті» деп те аталады. 

        [6] Бухари, №353.

        [7] Ибн Абидин, Радду әл-мухтар, 2/537.

        [8] Бәхру әр-ройық шарху кәнзи әд-дәқайық, 2/393.