ЖОЛАУШЫНЫҢ НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМДЕР
بــــسم الله الرّحـمن الرّحـيم
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
الحمد لله ربّ العالـمين و الصّلاة و السّلام على خير خلقه مـحمّدٍ و آله و أصحابه أجـمعين
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Алла Тағала пенделеріне жеңілдікті қалайды. Сапар кезінде адамдар көбінесе шаршап-шалдығып көптеген қиындықтарға кезігуі мүмкін болғандықтан Алла тағала жолаушы[1] адамға шариғатымызда көптеген жеңілдіктер берген. Ханафи мазһабында жаяу орта жүріспен үш күндік не одан да алыс жерге жолға шыққан адам жолаушы саналады. Ғалымдарымыз есептеп шамамен 90 км[2] деген. Жолаушы адам өзінің тұрғылықты елді мекенінің аумағынан (яғни ең шеткі үйлерінен, ауыл шетінде орналасқан зират сияқты елді мекенге тиісті болған құрылыстардан) сапарға ниет етіп өткеннен кейін жолаушы саналады. Жолаушының намазына қатысты бірнеше үкімдер бар. Олар:
1. Жолаушы төрт ракағатты парыз намаздарын міндетті түрде екі ракағат етіп қысқартып оқиды. Сапар уақытында тек парыз намаздары қысқартылып оқылады. Ал сүннет намаздары ыңғайлы жерге аялдаса толық оқылады, ал қолайсыз әрі ыңғайсыз жерде болса оқымауға рұқсат етіледі[3].
2. Егер намаз оқушы өзінің жолаушы екенін есінен шығарып, төрт ракағатты намазға ниет етсе және есінен шыққаны алғашқы отырыстан тұрмай жатып есіне түссе, сәлем беріп намазын аяқтайды. Намазды төрт ракағат етіп оқуға ниет еткені есепке алынбайды. Ал қателесіп немесе жаңылысып төрт ракағат намазды толық оқыса, алғашқы екі ракағаттан соң ташаһудке отырса оның алғашқы екі ракағаты парыз намазы, ал қалған екі ракағаты нәпіл ретінде есептеледі. Ал алғашқы отырысқа отырмастан үшінші ракағатқа тұрып, үшінші ракағатқа сәжде етіп қойса, алғашқы отырыс жолаушы үшін парыз болғандықтан парыз намазы бұзылып, оқыған намазы нәпіл ретінде қабыл етіледі.
3. Жолаушы адам тұрғылықты адамға ұйып намаз оқығанда намазын қысқартпай төрт ракағат етіп толық оқиды. Тұрғылықты адам жолаушыға ұйып намаз оқыса имам сәлем бергеннен кейін сәлем берместен орындарынан тұрып қалған екі ракағатын қирағат қылмастан толықтырады.
4. Намазды қысқартып немесе толық оқу намаз оқушының намаз оқуға кіріскен сәтімен байланысты. Мысалы тұрғылықты болған кезде бесін намазының уақыты кіріп, ол бесін намазын оқымастан жолға шығып кетсе, бесін намазын қысқартып оқиды. Сол сияқты сапарда намаздың уақыты кіріп, намазды тұрғылықты жеріне келгеннен кейін оқыса, оны толық оқиды.
5. Қаза болған намаз қалай қаза болса солай оқылады. Сапарда намазды қаза қылса тұрғылықты болған соң сапардағы қаза еткен намазды сапар намазы етіп қысқартып оқиды. Сол секілді тұрғылықты кезінде қаза жіберген намазын сапарда өтесе, толық төрт ракағат етіп өтеуі керек.
6. Кімде-кімнің арасы ұзақ екі елді мекенде де жанұясы болса, екі елді мекенде де намазды қысқартпастан толық оқиды[4]. Тек жол сапарында оқылатын намаздарды қысқартып оқиды.
7. Кімде-кім туған жерінен басқа жаққа көшіп кетсе, туған жеріне зиярат етіп барған кезде онда ата-анасы, ағайын-туыстары тұрса да намаздарын қысқартып оқиды[5].
8. Кімде-кім жұмыс (мысалы, вахта) бабымен екінші бір жерге үнемі баратын болса ол жерде он бес күн не одан да көп тұруды ниет етпейінше намазын қысқартып оқиды.
Құрсақов Медет
[1] Ең азы 90 км қашықтықтағы жерге сапарға шығумен және сапарды ниет етумен мүсапір болады.
[2] Хашияту рад әл-мухтар 2-том, 133-бет.
[3] Хашияту рад әл-мухтар 2-том, 141-бет.
[4] Хашияту рад әл-мухтар 2-том, 142-бет.
[5] Отан үш түрлі болады: Уатанул асли яғни тұрақты елді-мекені. Уатанул иқама сапарға шығып, он бес күннен көп тұруды ниет еткен елді-мекен. Уатанул сукна он бес күннен аз уақыт қалуға ниет еткен елді-мекен. Ережеде: «Нәрсе өзінен төмен нәрсемен емес, өзімен тең немесе өзінен жоғары болған нәрсемен күшін жояды». Осы ережеге сай уатанул аслидың күшін уатанул иқама мен уатану сукна жоя алмайды. Тек қана басқа уатанул аслимен күші жойылады.