Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. КЕЗДЕСКЕНДЕ ДЕ, ҚОШТАСҚАНДА ДА "АССАЛАМУ АЛЕЙКУМ" ДЕП АЙТУ ДҰРЫС ПА?
        КЕЗДЕСКЕНДЕ ДЕ, ҚОШТАСҚАНДА ДА "АССАЛАМУ АЛЕЙКУМ" ДЕП АЙТУ ДҰРЫС ПА?

        КЕЗДЕСКЕНДЕ ДЕ, ҚОШТАСҚАНДА ДА "АССАЛАМУ АЛЕЙКУМ" ДЕП АЙТУ ДҰРЫС ПА?

         

        Сұрақ: Құрметті ұстаздар сіздерден бір мәселе жайында сұрайын деп едім. Намазхандар кездескенде де қоштасқанда да сәлем беруі дұрыс па?

         

        Жауап: Әлемдердің раббысы болған Аллаға мақтаулар мен мадақтаулар болсын.

        «Әс-Сәләм» – Алла Тағаланың есімдерінің бірі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): өзінің мүбәрак хадисінде былай дейді: «Расында «Әс-Сәлам» Алла Тағала есімдерінің бірі. Алла оны жер бетіне қойды. Сондықтан оны өз араларыңда жайыңдар (таратыңдар)»[1].

        Сәлем берудің шариғаттағы орны ерекше. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:

        وَإِذَا حُيِّيْتُم بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّواْ بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ حَسِيبًا

        «Сендерге сәлем беріліп, ілтипат білдірілгенде, сендер одан да артық ілтипат білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл сол сияқты етіп сәлем қайтарыңдар. Біліп қойыңдар, Алла барлық нәрсені есепке алуда һәм бәрінің қарымын қайтарады»[2] – деген.

        Хадисте:

        عَن أبي هريرة  قال: قال رسول الله ﷺ لا تدخلوا الجنة حتى تؤمنوا، ولا تؤمنوا حتى تحابوا، أوَلا أدلكم على شيء إذا فعلتموه تحاببتم؟ أفشوا السلام بينكم

        Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер толық иман келтірмейінше, жұмаққа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіңдер. Ендеше, араларыңда сүйіспеншілік тудыратын істі айтайын ба? Өзара сәлемдесіп, амандық сұрасуды кеңінен жайыңдар», – деп айтты»[3] – делінген.

        Мұсылмандардың өзара кездескенде әрі қоштасқанда «Ассаламу алейкум» – деп айтуы шариғатқа қайшы емес. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

         إذا انتهى أحدكم إلى مجلس فليسلم، فإذا أراد أن يقوم فاليسلّم، فليست الأولى بأحق من الآخرة

         «Қайсыбірің болмасын, жиынға (немесе отырысқа) барғанда, жамағатқа алдымен сәлем берсін. Кетерінде де сәлем беріп кетсін, өйткені алғашқы сәлемі кейінгі сәлемінен артық емес»[4]. Яғни, жолыққанда беретін сәлем қандай маңызды болса, кетерде берілетін сәлем де сондай маңызды.

        Үмметіне тек қана жақсылықты үйретуші, оларды жақсылыққа бастаушы Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір адам бір жиынға келгенде оларға «Ассаламу алейкум» – деп сәлем беруді бұйырды. Бұлай сәлем беру сол отырыста отырған адамдардың жүрегіне қуаныш пен тыныштық сыйлайды әрі ол кісі жақсы ниетпен келгендігінің көрінісі болмақ. Сәлем берген адамның кішіпейілдігін, оларды құрметтейтіндігін көрсетеді. Отырған адамдар да сәлем берушіге сол секілді сәлем береді.

        Ал қандай да бір жиналыстан (отырыстан) бір адам кетуін қаласа оларға «Ассаламу алейкум» – деп сәлем беріп кетуі керек. Сол берген сәлемі арқылы мәжілістегі адамдар ол адамның өз еркімен, жақсы көңіл-күйде кетіп бара жатқандығының белгісі болады.

         



        [1] Бухари риуаяты

        [2] «Ниса» 86 аят

        [3] Муслим

        [4] Әбу Дауд; Тирмизи