Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Қоғам және отбасы
        3. ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА ҮЙДЕ ШЫРША ҚҰРУҒА БОЛА МА?
        ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА ҮЙДЕ ШЫРША ҚҰРУҒА БОЛА МА?

        ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА ҮЙДЕ ШЫРША ҚҰРУҒА БОЛА МА?

         

        Исламнан бұрын араб халқы жылына екі рет мереке өткізеді екен. Мәдина қаласына көшіп келгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ойнап-күлетін екі күндерің бар еді. Алла сендерге оны одан да жақсырақ екі күнге – ораза айт пен құрбан айтқа ауыстырды», – деген (Насаи).

        Сонымен ислам дінінде ораза және құрбан айттары мереке болып белгіленді. Құран Кәрімде: «Сендерден әрбір (үммет) үшін шариғат және жол белгіледік», – делінген («Мәида» сүресі, 48-аят).

        Алайда, әрбір халықтың діни мерекелерінен бөлек өзіндік ұлттық, отандық мерекесі, әрбір тұлғаның өмірінде орын алатын қуанышты жайттарына арналған күндері болуы заңдылық.

        Барша жұрт асыға күтетін жаңа жыл мейрамы да сол күндердің бірі. Ол әр елде өзінің ұлттық салт-дәстүріне сай тойланады. Дегенмен, мерекенің басты белгілері болып табылатын безендірілген жаңа жыл шыршасы, жаңажылдық дастархан, сыйлықтар – бәріне ортақ.

        Оның тарихы жайында қысқаша айтқанда, үйде шырша құру дәстүрі XVII ғасырдың басында Еуропада пайда болған деседі. Ал қазақ жерінде бұл дәстүр Кеңес Үкіметі кезінде орныға бастады. Өткен ғасырдың 20-жылдарында большевиктер «ескі режімнің дәстүрі» ретінде шырша қоюға және жаңа жылды тойлауға тыйым салған болатын, бірақ кейін оған қайта рұқсат берілді. Алғаш рет Кремль шыршасы 1954 жылы орнатылыпты, күні бүгінге дейін сол дәстүр жалғасып келеді.

        Шыршаны қасиеттеу, ұлықтау адамның діни сенімін бұзуы мүмкін. Ертеде адамдар ағашқа тамақ іліп қойса, аңшылардың қанжығасы майланады деп санаған. Жаңа жыл күні адамның келер жылғы тағдыры шешіледі және шыршаның алдында қандай тілек тілесең, сол орындалады деп сенген.

        Дегенмен, жаңа жылдың белгісі ретінде үйге шырша құру, оны безендіру бұрын біздің дәстүрде болмаған. Үйіне шырша тігіп, «Аяз ата келіп, сыйлық береді» деп ата-аналар балаларын алдамаған. Олар ұрпақтарын  Аллаға ғана тәуекел етіп, Жаратушыдан ғана береке тілеуді үйреткен. Сондықтан әдеп-ғұрпымызда болмаған, шариғатымызда бұйырылмаған жаңа жыл қарсаңында үйде шырша құру әдетінен барынша арылғанымыз жөн.

        Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің және әділетті халифаларымның жолын ұстаныңдар әрі оған азу тістеріңмен (жабысқандай) жабысыңдар. Жаңа пайда болған істерден сақтаныңдар. Өйткені, әрбір жаңа әдет – адасушылық», – деген (Әбу Дәуіт, Тирмизи).