СЫЙЛЫҚ (ҺИБА) БЕРУ ЖӘНЕ ҚАЙТАРЫП АЛУДЫҢ ҮКІМІ
Хиба (сыйлық) – бір затты бөгде кісіге қайтарымсыз мүлік ретінде беру деген сөз. Адамдар бір-біріне деген сыйластықты, достықты, сүйіспеншілікті арттыру мақсатында, кей уақытта алдын жасаған жақсылығының қайтарымы ретінде сыйлық береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар. Араларыңда сүйіспеншілік артады[1]» десе, басқа хадисте: «Бір-біріңізге сыйлық сыйлаңдар. Өйткені ол жүректе болатын кек, ашуды кетіреді[2]», - деген.
Кімге сыйлық берілсе, оны қабыл ету – сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімге одан сұрамастан, дәметпестен бауыры сыйлық берсе – қабыл етсін. Өйткені, ол Алланың берген ризығы»[3], - деген. Айша (ол кісіге Алла разы болсын) анамыздан жеткен хадисте: «Алланың елшісі сыйлықты қабыл алатын және оның орнына басқа нәрсе беретін», - деген.
Сыйлық берген адамға қайтарым ретінде кәде-сый беру – мұстахап, алайда шарт емес. Оны әдетке айналдыруға болмайды. Өйткені, сыйлық берген уақытта оның қайтарымын алу әдетке айналса, сүйіспеншілік емес, бір-біріне деген реніш туады.
Һиба міндетті келісімге жатпайды. Ижаб және қабул[4] арқылы келісім дұрыс болса, сыйлықты қолға алумен келісім толық болады[5]. Ижаб сыйлықтың рүкіні болса, оны қабыл ету керек
Һибаға (сыйлыққа) қатысты үкімдер:
1. Һиба қайтарымсыз келісімнің түрі болғандықтан, сыйлықты беруші тарап ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен болуы шарт. Ал ақыл-есі кем немесе балиғат жасына толмаған адам сыйлық беретін болса, бұл келісім дұрыс болып есептелінбейді.
2. Сыйлыққа берген затты қолға алу арқылы оның мүлкі болады.
3. Егер кішкентай балаға сыйлық берілсе, оны өзі алады. Алуға шамасы жетпесе әкесі немесе ағасына беруге болады.
4. Егер сыйға беріліп жатқан зат бөлінетін немесе үлес болса, мысалы, бір отар қойдың төрттен бірі немесе осы малдың, бидайдың үштен бірі сізге тиесілі десе, сол бөлікті берумен келісім толық болады. Ал егер зат бөлінбейтін болса, мысалы, көліктің жартысы, құралдың үштен бірі десе, сыйлықты бөлмей, түгелдей берумен келісім дұрыс болады.
Сыйлықты қайтарып алудың үкімі: Сыйлықты қолға алумен алушының мүлкі болып, келісім толық болады. Енді осы берген сыйлығын қайта өзіне қайтарып алуына келер болсақ, Шафиғи және Ханбали мазһабында берген сыйлығын қайтарып алуға болмайды. Тек әкесі баласына берген сыйлығын қайтарып алуына болады. Оған ибн Омар (р.а.) және ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисті дәлел етіп келтіреді: «Кісі сыйлық бергеннен кейін оны қайтадан қайтарып алуы адал емес. Тек әкесі баласына берген сыйлықты қайтарып алуына болады. Өзінің берген сыйлығын қайтарып алатындардың мысалы тамаққа тойып, кейін құсып, құсығын қайта жеген иттің мысалындай[6]».
Ханафи мазһабы бойынша, берген сыйлығын қайтарып алуға болғанымен бұл істің макруһ екенін айтқан. Қайтарып алғанның өзінде екі жақ соған разы болуы немесе қази қайтарып беруіне үкім етуі керек. Сондай-ақ қайтарып беруден тосатын ешқандай бөгет болмауы керек. Оған мына хадисті дәлелге келтірді: «Сыйлықты беруші өзінің берген сыйлығын қайтарып алуға құқылы. Тек қана сыйлық бергені үшін орнына басқа сыйлық алған болса, қайтарып алуға құқығы жоқ»[7], - деді.
Сыйлықты қайтарып алуға болмайтын жағдайлар:
1. Сыйлық беруші немесе алушы дүниеден өтсе;
2. Сыйлықты алған кісі туысы, сондай-ақ ерлі-зайыпты болса; Өйткені, туыстық қатынас маңызды.
3. Сыйлық бұзылса, жоғалса, сатылып кетсе немесе басқа адамға беріп жіберген болса;
4. Сыйлықтың көлемі не салмағы өзгерсе, мысалы, киімді қысқартса, арық мал семірсе, бұл жағдайда келісімді бұза алмайды.
5. Сыйлықты алған уақытта орнына басқа зат алса, мейлі ол аз болса да сыйлығын қайтарып ала алмайды.
6. Келісімді екі жақтың разылығы немесе қазидың үкімі арқылы бұза алады.
Балаларға сыйлық жасау. Әке-шеше балаларына сыйлық жасағанда оның бәрін бірдей қуанышқа бөлеуі – мұстахап. Баланы алалау олардың көңіліне қаяу түсіреді. Нұғман бин Башир (р.а.) бір баласына сыйлық береді. Сөйтіп, осы амалын Алланың Елшісіне жеткізеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осыған ұқсас сыйлықты басқа балаларыңа да бердің бе?» дегенде «жоқ» деп жауап береді. Сонда Алланың Елшісі: «Алладан қорық және балаларыңның арасында әділдік ет[8]», - деді. Ата-анасына, бауырларына, әкпе-қарындастарына сыйлық беру.
Ата-анаға, бауырларға, әкпе-қарындастарға сыйлық беру – мұстахап. Ата-анаға бірдей сыйлық жасау керек. Анаға көбірек сыйлық жасаса оның айыбы жоқ. Сол сияқты сыйлықты бауырларының бәріне бірдей берген дұрыс. Егер біреуіне ерекше сыйлық бергісі келсе, үлкен ағасына бергені абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Бауырлардың үлкенінің кішкентайларға құқығы – әкелерінің балаларына болған құқығындай» десе, басқа риуаятта: «Ағайындылардың үлкені – әкенің орнында[9]»,-деген.
[1] Бухари «Әдабу әл-Муфрад» кітабында келтірген.
[2] Термизиде келген.
[3] Имам Ахмадтың Муснадында келген.
[4] Келісімнің негізгі рүкіні – Ижаб. Ол сөзбен де, іспен де болады. «Бердім», «мына затты саған сыйға тарттым» деген сөздермен, сондай-ақ сол затты берумен немесе оған біреу арқылы жеткізумен жүзеге асады. «Қабыл ету» дегеніміз – сыйлықты алуға келісу. Ол да сөзбен, іс-әрекетпен амалға асады. «Қабыл еттім», «разы болдым», «Аллаға тәуекел еттім» деген сөзді айтса да жеткілікті.
[5] Әл-Лубаб 2/171
[6] Термизиде келген Субул әс-салам 3/90
[7] Хакимде келген. Насбу әр-Роя 4/260
[8] Бухариде келген.