ИСЛАМДА АЙДЫҢ БЕЛГІСІ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Жалпы Құран мен сүннетте ислам дінінің нақты нышандары, белгілері туралы ешқандай дерек көрсетілмеген. Яғни, Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбардың кезінде исламдық әскерлер мен керуендер қарапайым қара, жасыл немесе ақ түсті туларды қолданған. Кейінгі кездердегі мұсылман қолбасшылары осы түстердің жалауларын ешқандай белгілер, әріптер мен таңбаларсыз қолданатын еді.
Дегенмен, ислам мен айды Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мединеге жасырын жасаған һижретімен ұштастыруға болады. Өйткені сол түні ай жарты болған еді. Оған қоса, мұсылмандардың көптеген құлшылықтары ай мен күнге негізделеді. Мысалы, рамазан айы, қажылық айлары, ғидда, кәффарат оразасы т.б. секілді құлшылықтардың атқарылуында «ай» негізге алынса, Намаз уақыттарын белгілеуде «күн» негізге алынады. Тіпті жарты ай мен толған ай Құранда 50 жерде айтылып, хадистерде жаңа туылған ай жайында 2027 жерде, ал толған ай жайында 836 жерде келген. Міне, айдың ислам дінінің бір белгісі ретінде осы жағынан байланыстыруға да болады.
Ал, негізгі таңба ретінде 1453 жылы Осман халифаттығы қарсаңында енген болатын. Осман халифалығы тұсында кағбаны жабатын матада алтынмен тоқылған 12 ай белгілері безендірілді. Бұл зейнет әшекей ретінде қойылған еді. Ал кейбір ғалымдар жарты айды мұсылмандар батыс пен Африка елін ашқан кезде олардың шіркеулеріндегі крестті алып, орнына айды белгі етіп қойған дейді.
Бұл белгі пайғамбарымыздың уақытында болмаған болса да жаңашылдыққа кейбір салаларда ғана тыйым салынғанын есте ұстаған жөн. Шариғат шеңберінен шықпайтын болса өмір салтын одан әрі дамытуға, қайта жаңартуға, өзге мәдениеттен үлгі алуға, сондай-ақ исламдық мәтіндерде, тәжірибе мен ғұрпында жоқ нәрсені қолдануға рұқсат етеді. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе мұсылмандар шариғатқа қайшы келмейтін кез-келген нышандарды қолдана алатындығын түсінеміз.
Ақиқатын Алла біледі!