Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ШАШТЫ БОЯУҒА БОЛА МА?
        ШАШТЫ БОЯУҒА БОЛА МА?

        ШАШТЫ БОЯУҒА БОЛА МА?

         

        Дінімізде шариғат шеңберінен шықпай шаш бояуға рұқсат етіледі. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашы мен сақалы ағармаса да оны бояғаны туралы деректер келген[1]. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

         غَيِّرُوا هَذَا بشيء، وَاجْتَنِبُوا السَّوَادَ

        «Мынаның ақ шашын өзгертіңдер, бірақ қара (түстен) аулақ болыңдар»[2] – деп Әбу Кухафаның ағарған шашын өзгертуге бұйырған.

        Шашты бояу ер кісіге де, әйелге де тиесілі. Алайда қара түске бояу жайлы ғұламалардың бірнеше пікірі бар. Ханафи мәзһабының көпшілік ғұламалары ер кісілерге соғыстан тыс шаштарын қара түске бояу мәкруһ десе, кейбір ғұламалар оған рұқсат берген[3]. Күйеуіне әдемі көрінгісі келген әйелдердің шашын қара түске бояуы бұл тыйымның құрамына кірмейді.

        Дегенмен, шашты бояуға қатысты мынадай шарттар орындалуы тиіс:

        1. Уақытша шаш бояғыш болу. Егер тұрақты бояулар болса оны қолдануға болмайды.

        2. Көзбояушылық, алдамшылық болмау. Яғни жас жігіт өзін үлкен көрсету мақсатында шашын ақ түске бояуы дұрыс емес. Сол секілді қызды айттырып жатқан жігіт шашының боялғанын ескертуі тиіс. Айттырып отырған қыз да жігітке шашының жасанды немесе табиғи екендігін ескертеді.

        3.  Тұрмыстағы әйел ерінен рұқсат сұрау. Егер рұқсат бермесе шашын бояуы дұрыс емес.

        4.  Денеге зиян келтірмеу. Осы ретте ескеретін жайт, екі қабат әйел құрамында химиялық қоспалары бар бояуды қолданбағаны дұрыс. Өйткені бояудың құрамындағы химиялық заттар теріге сіңіп, қан айналу жолдары мен кіндік арқылы құрсақтағы баланың денесіне енеді[4]. Алайда бояу аяғы ауыр әйелге және оның құрсағындағы сәбиге зиян келтірмейтін болса қолданудың оқасы жоқ.

        5. Ері қайтыс болған әйел идда мерзімін күтіп отырмаған болу. Себебі, әйелге идда мерзімінде сүрме жағуға, боянуға, иіс су себінуге болмайды[5]. Умму Атиядан жеткен риуаятта былай дейді: «Қайтыс болған үйде үш күн, ал күйеуі қайтыс болғандар төрт ай он күн аза тұтып, сүрме жақпай, әтір сеппей, боялған киім кимеуші едік»[6].   

        6. Әдептілік шеңберінен шықпау әрі қалыптасқан әдеп-ғұрыпқа қайшы келмеу. Яғни шашын әртүрлі түске боямау қажет[7].

        7. Бояу үшін шектен тыс қаражат жұмсалмау.

        8. Бояғыш заттардың құрамында нәжіс, харам, су өткізбейтін нәрселер болмауы тиіс. Өйткені ғұламалар дәретте жуылуы тиіс болған ағзаларға және ғұсылда бүкіл денеге су жеткізу керектігіне бірауыздан келіскен[8]. Сол үшін денеге су өткізбейтін нәрселердің болмауы шарт. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

        ويل للأعقاب من النار

        «От азабы болатын (су тимеген) өкшелерге нендей өкініш»[9] – деген.  Бұл хадис дәретте жуылуы тиіс дене мүшелеріне су тигізу парыз екендігіне дәлел. Сондықтан басма, қына тәрізді өсімдіктен жасалған бояғыштармен бояған жөн. Өйткені қынаның дәретке кедергісі жоқ[10]

        Қорыта айтқанда, ер мен әйелге шариғаттың шеңберінен шықпай шаштарын бояуға рұқсат. Шашты қына тәрізді табиғи өнімдерден жасалған бояғыштармен бояған дұрыс. Әйел күйеуінің алдында әдемі көріну мақсатында шашын қара түске бояуға болады. Ал ер кісілерге шашын қарамен бояу – мәкруһ. Су өткізбейтін бояғыш заттар дәретке кедергі келтіреді. Оны кетіру шарт. Ал бояғыштың суды өткізетінін немесе өткізбейтінін арнайы мамандарынан сұраған жөн.  

         

         

         




        [1] Бұхари, №5851.
        [2] Муслим, №1202.
        [3] Әл-Фәтәуа әл-Һиндия, 5/438-439.
        [4] «Табибук» журналы, 462-саны, 58-б
        [5] Фәтху әл-қадир, 4/340. Әл-инәя, 4/336.
        [6] Бұхари, №313. Муслим, №938.
        [7] http://www.fatawah.net/Fatawah/247.aspx
        [8] Әл-маусуғату әл-муйассарату фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара, 58.
        [9] Бухари, №60. Муслим, №241.
        [10] Ибн Абидин, Радд әл-мухтар, 1/211.