АДАМНЫҢ ШАШЫН САТУҒА БОЛАДЫ МА?
Адамның шашы таза саналады. Бірақ оны сатуға, пайдалануға болмайды. Себебі Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан. Ол жайлы Жаратушы Иеміз:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلا.
«Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақты еттік. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік»[1], – дейді.
Ендеше адамның шашын және т.б. дене-мүшелерін сату оның қадір-қасиетін төмендеткен, қорлаған болып есептеледі. Шариғатымызда адамды қорлауды білдіретін және денеге зиян келтіретін кез келген іс-әрекетке тыйым салынады. Алла Тағала:
وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ.
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[2], – деп бұйырған.
Әл-Марғинани «әл-Һидая» атты кітапта: «Адамның шашын сатуға болмайды. Өйткені адам баласы қадірі кеткен біреу емес, ардақты болғандықтан, оның денесінің бір бөлігін де қорлауға, кемісітуге болмайды»[3] дейді. Бәдруддин әл-Айни «әл-Бинәя шәрху әл-һидая» атты кітапта: «Адамның құрметті болғандығы үшін шашын пайдалануға, сатуға болмайды»[4] деген.
Әл-мәусуғату әл-фиқһияда: «Ғұламалар адамның шашын сатуға, пайдалануға болмайтынына бірауыздан келісті. Өйткені Алла адам баласын ардақты етіп жаратты. Ол туралы Құранда: «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық» дейді. Сол себепті денесінің бір бөлігін де қорлауға, орынсыз жұмсауға болмайды»[5] делінген.
Сондықтан адамның шашын, тіпті шашы өздігінен түсіп қалса да, қысқартылып алынған болса да сатуға болмайды. Өйткені ол сауда-саттыққа жарамды тауар ретінде саналмайды.