Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ШУГАРИНГ ЖӘНЕ ПИЛИНГ ЖАСАТУ ДҰРЫС ПА?
        ШУГАРИНГ ЖӘНЕ ПИЛИНГ ЖАСАТУ ДҰРЫС ПА?

        ШУГАРИНГ ЖӘНЕ ПИЛИНГ ЖАСАТУ ДҰРЫС ПА?

         

        Негізінде, шугаринг деп қантты пастамен денедегі түктерді кетіруді айтады. Қазіргі таңда адамдар оның түрлі әдістерін қолданып келеді. Ал ислам дінінде қолтық астындағы түктер мен әуреттегі түктерді ағарту тазалық саналады.

        Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Он нәрсе табиғи гигиенаға жатады. Олар – мұртты қысқарту, сақал қою, мисуакпен ауызды тазалау, мұрынды шаю, тырнақтарды қысқарту, саусақтардың арасын салалап жуу, қолтық түктерін жұлу, әурет түктерін қыру, асты дәрет алу. Хадисті риуаят етуші: Оныншысын ұмыттым. Меніңше, ауыз шаю», – деген[1]. Ал, басқа (бет, аяқ және қолдағы) түктерді себепсіз жұлу дұрыс емес.

        Пилинг деген – терінің сыртқы қабатын жаңартуды көздейтін косметикалық әдіс. Пилинг терінің өлген қабатын алу, денені безеу мен дақтардан тазалау, әжім мен кертіктерді кетіру үшін жасалады. Ол жеңіл, орта және терең (күрделі) түрлерге бөлінеді.

        Ислам – тазалыққа құрылған дін. Дене тазалығы құлшылық болып есептеледі. Мысалы, шариғатта намаз оқу, Қағбаны тәуап ету үшін дәретті болу, жүніп болғанда, әйел адам етеккірден тазарғанда ғұсыл алу талап етіледі. Үмметіне тазалықта үлгі бола білген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аптасына бір рет жұма күні басты және бүкіл денені жууды айтқан.

        Құран Кәрімде: «Алла тазаланушыларды сүйеді»[2], – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның бір бөлігі», «Шынында, Алла көркем, көркемдікті ұнатады», – деді[3]

        Тазалық мақсатында және қажеттілікке байланысты шариғат пилинг жасауға рұқсат етеді. Бірақ, оған төмендегі шарттар табылуы тиіс:

        1) қажетті жағдай – әйел адам өзінің куйеуіне әдемі көріну, зиянның (безеу, дақ т.б.) денеге таралуын тоқтату;
        2) біреуге күрделі пилинг жасайтын адам тиісті бейіндегі маман болуы;
        3) одан басқа жеңілірек әдістің табылмауы;
        4) теріге пайда беретініне анық сену;
        5) терідегі нұқсанның асқынып кетпеуіне көзі жету.

        Жай ермек үшін немесе өзіне зиян келетінін біле тұра пилинг жасату дұрыс емес. Себебі, дінімізде өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды.

        Сонымен қатар ер адам ерге, әйел адам әйелге шугаринг немесе пилинг жасағанда олардың әуреті, яғни тізе мен кіндік арасы жабық болуы талап етіледі. Ал ер адамның бөгде әйелге, әйел адамның бөгде ерге шугаринг немесе пилинг жасатуы мүлдем дұрыс емес. Өйткені, Алла Тағала ұятты жерлерімізді жабуды, бөгде біреуге көрсетпеуді бұйырады.

         

        Хасан АМАНҚҰЛОВ

         

         


         

        [1] Муслим риуаят еткен.
        [2] «Тәубе» сүресі, 108-аят.
        [3] Муслим риуаят еткен.