Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Дұға
        3. ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ҚАНДАЙ ДҰҒА ОҚУ КЕРЕК?
        ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ҚАНДАЙ ДҰҒА ОҚУ КЕРЕК?

        ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ҚАНДАЙ ДҰҒА ОҚУ КЕРЕК?

         

        Әрбір адам денсаулығына жете мән беруі керек. Ал, жұқпалы індеттің алдын алу үшін ол барлық сақтық шарасын көруге міндетті.

        Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде адамзат баласына:

        وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ ۛ

        «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер»[1], – деп ескерту жасаған.

        Бұл кезде Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамасақ, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, өзімізге де, өзгелерге де зиянымыз тиетіні сөзсіз.

        Жұқпалы аурумен сырқаттанған адамға тым жақындауға рұқсат етілмейді. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

        فِرَّ مِنَ الْمَجْذُومِ فِرَارَكَ مِنَ الْأَسَدِ

        «Жұқпалы ауруға шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар)»[2] деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды.

        Сонымен қатар, пенде Жаратушы Иесіне дұға етуді де ұмытпауы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

        الدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ

        «Дұға – ғибадаттың мәні», – деген[3]. Ал, Құран Кәрімде:

        قُلْ مَا يَعْبَأُ بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ ۖ

        «Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын»[4], – деп айтылған.

        Сондай-ақ Алла Тағала:

        وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ ۖ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ ۖ

        «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын»[5], – деген.

        Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дертке қарсы оқылатын көптеген дұғалары туралы бізге жеткен хадистері көп.

        Соның бірі туралы Осман ибн Аффан (одан Алла разы болсын): «Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Кімде-кім үш рет:

        بِسْمِ اللهِ الَّذِي لَا يَضُرُّ مَعَ اسْمِهِ شَيْءٌ فِي الْأَرْضِ وَلَا فِي السَّمَاءِ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ

        «Бисмилләәһил-ләзии ләә ядурру мәғасмиһии шәйун фил-арды уә ләә фис-сәмааи, уә һуәс-сә­мииғул-ғалиим» (Алланың аты­мен жалбарынып дұға етемін. Оның есімімен жер мен аспанда еш нәрсе зарар етпейді. Ол – толық естуші әрі білуші!) десе, таң атқанға дейін оған пәле жетпейді. Кімде-кім таң уақытында оны үш рет айтса, кешке дейін оған пәле жетпейді», – деген[6].

        Алдын ала келетін дерттен сақтану және бойындағы аурудан сауығу үшін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнде түннің кезінде ұйқыға жатардан бұрын Ықылас, Фалақ және Нас сүрелерін оқып, өзіне дем салған, яғни Құран оқып, алақанына үрлеген, сосын онымен бетін және денесінің қолы жеткен жерін сүрткен[7].

        Құран аяттары мен дұғаларды ауырған уақытта да, сау кезде де оқыса болады. Сондай-ақ Құран мен дұғаны ықыласпен оқу қажет.

        Дұға да дәрі сияқты. Алла Тағала қаласа, әсер етеді. Аурудан сақтаушы, дертке шипа беруші – бір Алла!

         

         

        Хасан АМАНҚҰЛОВ

         


         

         

        [1] «Бақара» сүресі, 195-аят.
        [2] Бухари риуаят еткен.
        [3] Тирмизи риуаят еткен.
        [4] «Фұрқан» сүре­сі, 77-аят.
        [5] «Бақара» сүресі, 186-аят.
        [6] Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.
        [7] Бухари риуаят еткен.