ИСТИХАЗА КЕЗІНДЕ ОРАЗА ҰСТАУҒА БОЛА МА?
Ораза ұстаушы әйел хайыз және нифас кездерінде оразасын тоқтатып, тазарғаннан кейін жалғастырып, қаза болған оразаларын өтеп беретіні белгілі. Алайда етеккірі тоқтаған соң немесе 10 күннен асқан кезде келетін истихаза қанын көрсе оразасын жалғастыра береді. Ол жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) истихаза күйіндегі әйелге қатысты былай дейді:
عن النَّبِيِّ ﷺ قَالَ فِي الْمُسْتَحَاضَةِ: تَدَعُ الصَّلَاةَ أَيَّامَ أَقْرَائِهَا، ثُمَّ تَغْتَسِلُ وَتَتَوَضَّأُ عِنْدَ كُلِّ صَلَاةٍ وَتَصُومُ وَتُصَلِّي
«Әдеті бойынша келетін ай сайынғы етеккірі кезінде намазды атқарусыз қалдырады (яғни етеккір келген күндердегі намаздарының қазасын оқымайды). Сосын ғұсыл құйынып, әр намазға дәрет алады. Оразасын ұстап, намазын оқиды», - деген.
Демек, әйел кісілердің ай сайынғы етеккірінің әдеттегі күні біткеннен кейін немесе 10 күннен асқаннан кейін ғұсыл құйынады. Одан кейінгі келген қан, истихаза қаны болып есептеліп, ораза ұстай береді. Ал, намаз оқу үшін, әр намазға жеке-жеке дәрет алады.