ЖҮКТІ ЖӘНЕ ЕМІЗУЛІ БАЛАСЫ БАР ӘЙЕЛДЕР ОРАЗА ҰСТАЙДЫ МА?
Аяғы ауыр әйелдер мен емізулі баласы бар аналар денсаулығы жарап, ораза ұстауға шамалары жетсе, ауыз бекітеді. Алайда өзіне не сәбиіне зиян келетін болса, ораза ұстамауына шариғат рұқсат еткен.
Жалпы қандай да бір аурумен сырқаттанғандар (кейіннен жазылған жағдайда), сапарда жүргендер (сапардан оралғанда), хайыз, нифас секілді үзірлі жағдайдағы әйелдер (мерзімі біткеннен кейін), жүкті және бала емізетін әйелдер (емізулі кезеңнен шыққанда) оразаларының қазасын өтейді.
Құранда Алла Тағала: «Оразаның күні санаулы. Сендерден біреу ауру болып немесе жолаушы болып жүріп (ораза ұстамаса), кейін сол күннің орнын толтырсын. Ораза ұстауға дәрменсіздер (кәрілер яки әлсіздер) күніне жоқшылықтағы бір адам тоятындай підия берсін. Кімде-кім (көрсетілгеннен) артық берсе тіпті жақсы. Білсеңдер, сендер үшін (ауыз ашық жүруден, садақа беруден) ораза ұстағандарың әлдеқайда жақсы», – деген.
Имам Бұхари кітабының «Әйиамән маъдудат» (Санаулы күндер) атты бабында: «Емізуші немесе жүкті (әйел) өзіне не сәбиіне (зиян келеді деп) қорықса, екеуі де аузын ашады, сосын (уақыты келгенде қазасын) өтеп береді», – делінген.
Анас бин Мәликтен жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
"إن الله عز و جل وضع عن المسافر الصوم، و شطر الصلاة، و عن الحبلي و المرضع الصوم"
«Расында Ұлықтық пен Құдіреттің иесі Алла Тағала сапардағы адамнан оразасы мен намаздың жартысын міндеттен түсірді (намазды қысқартып оқу мен оразада ауыз ашуға рұқсат берді) және аяғы ауыр әйел мен емізулі әйелдерден де оразаны түсірді (оразада ауыз ашуға рұқсат берді)», деген.
Денсаулығына немесе сәбиге зиян келетін-келмейтінін немесе сырқатының қауіпті-қауіпсіздігін нақты анықтау үшін білікті дәрігерге жүгінген абзал. Мұны барлық Ислам ғұламалары қолдайды.
Ал, қазасын өтегенде оразаны қатарынан күнделікті ұстаса да, бөлек-бөлек ұстасада болады. Егер, әлсіздік танытып, қазасын өтеуге мүлдем шамасы келмесе, онда підия төлейді.
Құранда Алла Тағала:
وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ
«Ораза ұстауға дәрменсіздер (кәрілер яки әлсіздер) күніне жоқшылықтағы бір адам тоятындай підия берсін», деген.