БІРЕУГЕ ТАПСЫРЫС БЕРУ АРҚЫЛЫ ҚҰРБАН ШАЛУҒА БОЛА МА?
Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді (Һидая, 3/357).
Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (одан Алла разы болсын) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеп береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді (Әбу Дәуіт).
Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп таңдайды және оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынасты «уакалат» деп атайды. Бүгінгі карантин жағдайында көпшіліктің осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы.
Құрбандыққа тапсырыс беру, оны тіркеу, керекті мәліметтер және хабарламалармен бөлісу онлайн түрінде жүріп жатқаны үшін ол «онлайн-құрбандық» деп те аталуда.
Хасан АМАНҚҰЛ