ҚИСТУЛ-ҺИНДИ ТУРАЛЫ ДІНІМІЗДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?
әл-Қуст (лат. Costaceae немесе Costus) – емдікке, қош иіске қолданатын үнді ағашы[1]. Араб саудагерлері бұл емдік өсімдікті Үндістаннан, Қытайдан Араб түбегіне теңіз арқылы алып келген. Сондықтан мұны қистул-бахри (теңіз костусы) немесе қистул-һинди (Үнді костусы) деп те атайды.
Теңіз костусының түсі ақ әрі жұмсақтау, ал Үнді костусы қара түсті және өте ащы келеді. Бірақ екуінің де пайдасы мол. Әнас ибн Мәлік (р.а.) риуаят еткен хадисте бұл өсімдік жайлы былай деп айтылады:
إِنَّ أَفْضَلَ مَا تَدَاوَيْتُمْ بِهِ الْحِجَامَةُ، وَالْقُسْطُ الْبَحْرِيُّ
«Расында, сендер емдікте қолданған ең жақсы әдіс – хижама және қистул-бахри»[2].
Умму Қайс Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім:
عَلَيْكُمْ بِهَذَا الْعُودِ الْهِنْدِيِّ، فَإِنَّ فِيهِ سَبْعَةَ أَشْفِيَةٍ: يُسْتَعَطُ بِهِ مِنَ الْعُذْرَةِ، وَيُلَدُّ بِهِ مِنْ ذَاتِ الْجَنْبِ
«Бұл Үнді ағашын қолданыңдар. Онда жеті түрлі (дертке) шипа бар. Мұрынға тамызу арқылы тамақ ауруын, аузына салу арқылы өкпе қабынуын[3] емдейді»[4], – дейді.
Дәрігерлер аталмыш өсімдіктің пайдасы туралы: «Ол – етеккір қаны мен несепті жүргізуге, уды қайтаруға, жыныстық белсенділікті арттыруға, балмен қоса ішсе, ішек құртын өлтіруге, денедегі дақтарды кетіруге, асқазан және бауыр ауруына, безгек пен ісікті басуға т.б. таптырмас дауа»[5], – деп, бірнеше дертке ем екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қақырықты түсіруге, суықты шығаруға, өкпе қабынуын емдеуге т.б. пайдалы[6].
Хадисте қистул-һиндидің жеті дертке ем болатындығын келтіргенімен, тәжірибе барысында оның бірнеше ауруға дауа екені анықталған. Тіпті оны табиғи антибиотик деп те атаған. Сондай-ақ, иммунитетті көтеруге көмегі бар.
Қолдану тәсілі ретінде қистул-һинди ұнтағын зәйтүнмен қосып денеге жағуға, суға немесе балға араластырып ішуге, зәйтүнді қосып мұрынға тамызуға, түтетуге болады[7].
Демек, жоғарыдағы деректерге орай қистул-һиндидің бірнеше ауруларға дауа болатындығын аңғарамыз. Сондықтан оны ем ретінде әсіресе, бронхитке, жөтелге т.б. пайдалануға болады.
Бауыржан Абдуалиев,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
___________________________________
[1] Тәһзибу әл-луға, 8/298.[2] Бұхари, №5696.
[3] Бүйрек немесе туберкулез ауруы деген пікірлер де бар.
[4] Бұхари, №5692. Муслим, №2214.
[5] Мирқатул-мәфәтих шарху мишкәтил-мәсабих, 8/353.
[6] Әд-Дину әл-холис әу иршәду әл-холқи илә дини әл-хақ, 7/39.
[7] Фәтху әл-бәри, 10/157.